Апбаз Қаражігітов облыстық «Жезқазған туы» газетін алғашқы шығарушылардың бірі болды. Оған өзім куәгер болдым. Газетті алғашқыда санаулы адаммен шығарып жаттық. Бірер ай жұмыс істеп, кетіп қалғандар да болды.
Айтайын дегенім, Апбаз Қаражігітовтің жазушы тұрғысындағы шығармашылығының қалыптасуына редакцияның басшылық құрамы бірден-бір әсер еткені анық. Сол кезді қазір еске алғанда сондай ұйғарым жасауға әбден болғандай. Газетіміздің тұңғыш редакторы Сайлаубек Қожамсейітов аса парасатты кісі еді. Әр қызметкерінің жазғандарын үнемі қадағалап отыратын. Әркімнің қарым-қабілетін бағалап, ақыл-кеңесін беруші еді. «Кәсіби біліктілігі жоғары редактордың журналистің жазғанына енгізген әрбір түзетуі терең тәлім, үлкен сабақ», – деген газет қызметкерлері арасында айтылар сөздің мән-мағынасы зор. Біз сондай редактордың алдын көрдік.
Сондай-ақ газеттің алғашқы басшылығында болған редактордың орынбасарлары Сабыр Сауытбаев пен Рымқұл Сүлейменов, бөлім меңгерушілері Болат Бабақов, Сайлаухан Нәкенов және Ескен Қасенов өз кәсібінің майталмандары еді. Олардың газет қызметкерлеріне қояр талабы мен талғамы жоғары болды. Әр аптада шыққан газет номерлері талқыланатын лездемеде мақалалардың жақсы жақтары мен осал тұстары ашық айтылатын. Шағын мақалалардан бастап, суреттеме, очерк, проблемалық мақала, репортаж, сын мақала мен фельетон тәрізді газет жанрларының стилі мен құрылымы төңірегінде ой-пікірлер ортаға салынатын. Мұндай келелі әңгімеден көңілге түйеріміз көп болушы еді.
Осы тұрғыда өтетін лездемелер Апбаз Қаражігітовтің шығармашылық ізденісіне ықпал болғаны анық. Жалғыз Апекең ғана емес, «Жезқазған туы» қабырғасынан қарымды қаламгерлер өсіп шықты. Рымқұл Сүлейменов, Сайлаухан Нәкенов, Марал Хасенов, Камила Құдабаева бірнеше кітаптардың авторы атанды. Журналистік алғашқы еңбек жолын «Жезқазған туында» бастаған Бейсенбай Сүлейменов, Мақұлбек Рысдәулетов, Мұратхан Қаниев сынды әріптестеріміздің қаламынан әдеби туындылардың тууы да тегіннен-тегін емес. Өмірден ерте кеткен журналист Зайыр Шайхыстановтың алғашқы әңгімелері «Жезқазған туында» жарияланған еді. Мен бұл жерде облыстық баспаның бастапқы жылдарында қызмет етіп, қанаттанғандарын ғана ауызға алып отырмын.
Апекең сол «Жезқазған туы» газетінде қызмет еткен жылдарында жазушы ретінде танылды. Оның «Ақмоншақ», «Шақпақ» және «Әке дауысы» атты прозалық кітаптары республикалық баспалардан жарық көрді. Бұл алғашқы кітаптарына құтты болсын айтқан Сайлаухан Нәкенов Апекеңе: «– Бастапқыда поэма жазып, басыңды ауыртып нең бар еді. Міне, мұның дұрыс. Поэзияны әурелемей, прозаға көшкенің жөн-ақ болды», – дегені бар. Екеуінің арасындағы жас айырмашылық 15 жылдан астам болса да бірін-бірі «кемеңгерім», «данышпаным» атап, құрдастардан бетер қатты әзілдесетін.
Апекеңнің «Шақпақ» кітабы қолыма түсісімен резенция жаздым. Сол кезде ол кісі – мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі. «Оқырман пікірі» айдарымен жарияланатын мақалаларды алдымен бөлім меңгерушісі оқуы керек. Жазғанымды оның өзіне оқытудың жөні жоқ. Сосын өзімнің тікелей басшым жауапты хатшы Сайлаухан ағаға бердім. Ол мақаланы кезекті номерге жеделдете салып жіберейін деген оймен мені алдына отырғызып қойды да оқи бастады. Әлден уақытта «мырс» ете қалды.
– Ағаңды орынды сынапсың. «Кейін қайта басылғанда автор ескеретін болсын» деп оның тігісін жатқызған екенсің. Е, қайта басылса жақсы ғой! – десін Сакең.
Оқырман пікірі негізінен мақтаудан тұратын. Бірақ талап бойынша бірыңғай мақтау болмауы керек, сыни пікір де айтылуға тиіс. Мақаламның соңғы жағында бірер кемшілігіне тоқталғаным бар еді. Сакең соны айтып отыр.
Сонымен резенция жарық көрді. Апекең байқаймын жұқалап айтқан сынымнан гөрі әлгі туындыларды өңдеп, қайта бастыру жөніндегі пікірімді жақтырмаған шырай танытты. Сакең маған айтқанын өзіне де жеткізген сыңайда. Жазғанын кейін қайта бастырып, таңдамалы туындыларынан жинақ шығаратындай дәрежеге жете қоймассың деген тұрғыда әдеттегідей қатты қалжыңдасса керек.
Бұл кезде Апекең алпыстың ауылына тақап қалған. Небәрі жұқа үш-ақ кітабы шыққан, жасы келіп қалған адам енді қалған ғұмырында айтарлықтай дүние жаза қоймас деген ой әркімге келері анық. Бір қарағанда солай топшылар реті де бар. Бірақ Апекеңнің еңбекқорлығы сол, зейнеткерлікке шығып алған соң өндірте жазды. «Майқоңыр», «Қайран шеше», «Абыздар биігі» және «Жанайқай» атты төрт бірдей кітабын шығарды. Жазушылық қабілет-қарымымен көпке танылды. Қаламгер ретінде құрмет-қошеметке бөленді. «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» деген беделді атақты иемденді.
Кейінірек Апекеңмен тіпті жақын араласуыма үйіміздің арасында үй жоқ қатар қоныс тебуіміз түрткі болды. Ол кісінің менің ата-анамды колхоз есепшісі болып жүрген жас кезінен білетіндігін, өзіммен әріптес болғандығын қойып, енді көршілік қарым-қатынасымыз бізді жақындастыра түсті. Бұрынғы білемін дегенім жай екен, енді ол кісіні жете тани түстім.
Апекеңнің өзіндік ең бір болмысы ретінде көпшілдігін айтар едім. Жазушының тірлігі белгілі жайт қой, түнімен отырып қағаз жазуына тура келеді. Ұйқысы қанбаған жандай емес, таңертең жұмысқа бара жатқан адамдай-ақ қалаға бет алады.
– Апеке, жол болсын! Иә, әкімдіктегі қызметіңізге бара жатырсыз ба? – дейтінмін мен қалжыңдай.
Бұрынғы бұрынғы ма, сексеннен асып, қарттыққа бет бұрған кезінің өзінде сол баяғы елгезек қалпынан, жеңіл қимыл-қозғалысынан танбады. Үйінде қамалып отырмады. Әрдайым көпшіліктің ортасынан табылатын. Ашық-жарқын әңгімелесіп, қауқылдасып жатушы еді. Ол кісінің осы бір көпшілдігін білетіндер Апекеңмен шүйіркелесе сұхбаттасуға бейім тұратын.
Көпшілдігі сол, әлгі етене әңгімелесетін інілеріне үйінен дәм татқызатын. Қонақты көп шақырушы еді. Небір зиялылармен, ел ағаларымен Апекеңнің дастарқаны басында дәмдес болғаным бар. Көрші болған соң көріп қаламыз, «Апекеңе сәлем берейік деп келдік» дейтіндер осы төңіректегі ауылдардан атбасын тіреп келіп жатушы еді. Апекеңнің үйі келімді-кетімді кісілерден арылмайтын.
– Үйің қай жақта? – деп сұрағандарға жалғыз мен емес, өзге де көршілер:
– Апекеңнің ауылында тұрамыз, – деуші едік. Біз үшін мекенжайымызды ежіктеп түсіндірудің еш қажеті жоқ. Осы бірауыз сөзден-ақ әлгі адамның өзі де ұғына қалатын.
Иә, Апекең сондай елдің адамы еді.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.