Ұлыстың ұлы күні – әз Наурызда көңіл көктемдей күлімдеп, жаздай жадырайды. Жыл басы саналатын Наурыз мейрамын ата-бабамыз құрмет тұтқан. Желісі үзілмей, бүгінге жаңарып жеткен бұл мейрамды «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік құрылымдары түрлі шаралармен айшықтап келеді. Биылғы жылы «Қарағандытүстімет» ӨБ қарасты «Нұрқазған» кенішінің әкімшілігі мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитет ібірлесіп, кеніш еңбеккерлері арасында ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында жарыс өткізді.
Қол күресі, арқан тарту, қой көтеру, үстел теннисі сынды спорт түрлерінен сыңға түскен еңбеккерлер жарыс барысында өздерінің ептіліктерін, күш-қайраттарын танытты. Шуақты мерекеде ұйымдастырылған шараға «Нұрқазған» кенішің директоры Мұқан Үңгітбаев арнайы қатысып, жеңіс тіледі. «Сен тұр, мен атайын» дейтіндей сайдың тасындай іріктелген жігіттердің арасынан қол күресінен Д. Байжанов бірінші орынды жеңіп алса, екінші орынды А. Нағашыбайұлы еншіледі. Үшінші орынның жүлдесіне Қ. Егізеков лайық деп танылды. Арқан тартудан бірінші орынды конвейер телімінің жігіттері жеңімпаз атанса, жөндеу-механикалық телімі екінші орынның тұғырынан көрінді. Үшінші орынды геологиялық бөлім еншіледі. Үстел теннисінен С. Құлмағанбетов бірінші орынды жеңіп алса, А. Жаханов екінші орынның жүлдесіне ие болды. А. Забигулов үшінші орынға тұрақтады. Екі минута қойды 130 рет көтеріп, алдына қара салмаған Д. Құсайынов озат шығып, жүлдеге тігілген қойды еншіледі. Жүз он реет көтерген Е. Таймырзаев екінші орынды, тоқсан рет көтерген А. Нағашыбайұлы үшінші орынға табан тіреді.
Жеңімпаздарды кеніш директоры Мұқан Үңгітбаев пен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазинов құттықтап, марапаттады. Жеңімпаздар ақшалай сыйақымен марапатталды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.