Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, қоғам қайраткері Сағындық ҚОЖАМСЕЙІТОВ «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Тәуелсіздік тойының қарсаңында қуанышқа кенелген ардагерге мәртебелі атақты облыс әкімі Жеңіс Қасымбек құрметпен тапсырды.
Сағындық Үсенұлының өмір жолы жас ұрпаққа үлгі боларлықтай ұлағат пен өнегеге толы. Биыл сексен жастың сеңгіріне шығып отырған ардагер ақсақал 1941 жылы Ұлытау ауданының Кішітау ауылдық кеңесі аумағында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын аудандық газет редакциясында бастап, ұзақ жылдар партия, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарды. Еліміздің, оның ішінде Жезқазған-Ұлытау өңірінің мәдени-әлеуметтік және экономикалық дамуына өзінің лайықты үлесін қоса білуімен ерекше танылды. Жезді аудандық, Сәтбаев қалалық партия комитеттерінің бөлім меңгерушісі, Жезқазған обкомы лекторлар тобының жетекшісі, насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары, осы бөлімнің меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Кеңестер өкіметінің билігі таратылғаннан соң, еліміздің Тәуелсіздігі жылдарында облыстық кәсіптік-техникалық басқармасының, құжаттама және мұрағаттар басқармасының басшысы, 1996-2011 жылдары Жезқазған қаласы мемлекеттік архивінің директоры болып, абыройлы қызметімен көрінді. Облыстық тіл басқармасының да басшысы болғаны бар. Сонымен қатар, шығармашылықпен айналысып, Тәуелсіздік тұғырын нығайту, елдің рухы мен тіліміздің мәртебесін
көтеру тұрғысында очерктер мен талдау мақалаларын жазды. Ең алғаш 1966 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Қанаттас қалалар» жинағына «Мыс магниткасы» зерттеу мақаласы енген болатын. Содан бергі жылдарда баспадан жеті кітабы жарық көрді. Аймақтағы қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысуда.
Қай салада еңбек етсе де Сағындық аға жоғары білімді, халықтың көркемөнер шығармашылығы мен мәдениетін дамыту, тарихи ескерткіштерді қорғау және өңір тарихын зерттеу бағыттарындағы өзекті жобаларды жүзеге асыруға ұйтқы болып, айтарлықтай қолтаңбасын қалдырды. Үздік өлкетанушы атанды. Жоғары жетістіктеріне орай КСРО-ның «Құрмет Белгісі» және Қазақстан Республикасының «Құрмет» ордендерімен, онға жуық медальдармен марапатталған. Оның есімі «Дәуір» баспасынан 2004 жылы шыққан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, білім мен мәдениет саласының тұлғалары туралы «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты кітапқа енгізілген. Ардагер ақсақал қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде қазірдің өзінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелердің шешім табуына жіті араласып, орайлы ұсыныстарын ортаға салып отырады.
Бұған дейін Ұлытау ауданының және Жезқазған қаласының Құрметті азаматы болған Сағындық Үсенұлы енді облысымыздың құрметтісі атанып, үлкен мерейге бөленіп отыр. Лайықты марапатыңыз құтты болсын, Сәке!
Амандық РАХҰЛЫ.