«Қазақмыс» корпорациясының құрылымдарындағы асханаларды жаңарту, заман талабына сай қайта жасақтау жұмыстары қарқын ала бастады. Мұндай игі шаралар «Жезқазғантүстімет» ӨБ-не қарасты мамандандырылған құрылыс-механикалық басқармасы мен мамандандырылған энергия жөндеу басқармасында жүзеге асты.
Қос басқарманың басшылары Георгий Юсупов пен Абюр Төлеуов, сервистік өндірістер кешеніндегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитеті бірлесіп асханалардың қайта жаңғыртылуына бастамашы болды. Ал, оларды жөндеп, қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын басқарма еңбеккерлері өздері жүзеге асырды. Кәсіподақ комитетінің төрағасы Серік Алтынбековтің айтуынша, ұйым тарапынан асханаларға жиһаздар мен жабдықтар алынды.
Жақында энергия жөндеу басқармасындағы асхананың ашылуы өтіп, тұсауы кесілді. Отыз адамға шақталған асхананың жаңа келбеті тамақтануға келген әрбір еңбеккердің жайланып, ауқаттауына жағдай жасалған. Аталмыш басқарма директоры Абюр Абюрханұлы асхананың жұмысын жолға қоюда бірлік танытқан еңбеккерлерге алғысын жеткізді. Қайта құрылымдалған асхананың ашылуына ықпал еткен басқарма басшылығы мен кәсіподақ ұйымына еңбеккерлер де риза екендіктерін жеткізді. Енді басқарма ұжымының еңбеккерлері жылы да жайлы асханада тамақтанып қана қоймай, шағын мерекелерін де атап өтеді.
Айта кету керек, жақында энергия жөндеу басқармасы аумағындағы ескі ғимарат қайта жөнделіп, соның негізінде асхана, оқу кабинеті мен жуыну орындары жасақталды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.