Соңғы жылдары Жезқазған, Сәтбаев қалаларының көшелерін иесіз иттер басып барады. Тіпті орталық көшелерде топ-тобымен жүрген иеттерді көргенде зәрең ұшады.
Сәтбаев қаласындағы жер үйлердің маңайын торитын қаңғыбас иттерді қалалық әкімдік пен Кеншілер сарайының алдынан да жиі көруге болатын болды. Орталық алаңда үйірімен жүрсе, қалған қалтарыстарда не болып жатқанын елестете беріңіз…
Күшік кезінде қызығып асырап, өскесін керек етпей, далаға қаңғыртып жіберуден қорықпайтындар осы жауапсыздықтарының кесірі біреуге қиянат болып, не болмаса ажал құштыратынын ойламайтыны қалай? Жақында «Қазпошта» АҚ Сәтбаев қаласындағы филиалына бардым. Кеншілер шаһарындағы көп оқырмандарымыздың газеті осы мекеме арқылы таратылады. Қаланың «Қазақауылы» аталып кеткен бөлігіне газет тарататын пошташы: «Газет таратуға шығып, итке талана жаздадым. Абырой болғанда аман қалдым. Пакетімнің дал-далын шығарды. Иелері неге иттерін байлап ұстамайды?» – деп жанайқайын жеткізді.
Қасындағы әріптестері де оны қолдап:
– Иә, дұрыс айтады. Қазір «Қазақауылы» тұрмақ, қала ішінде де иттер толып жүр. Мұндай жөнсіздікке жергілікті билік неге жол беріп отыр? Әріптесіміз жылап келді «итке жем бола жаздадым» деп. Бос жүрген иттерде мүмкін құтырма ауруы бар шығар, оны кім біліпті? Қапса не болады? Қазір көп жағдайда иттен қауіп төніп тұр. Асырап, бағуға алғаннан кейін ит иелерінде жауапкершілік деген болуы керек қой, – деді.
Шынында да қаңғыбас иттер адам өміріне қауіп төндіріп тұр. Иесіз жүрген мақұлықтардың кесірінен зардап шеккендерді әлеуметтік желі арқылы көріп жатырмыз. Осындай оқиғалар орын алмас үшін жергілікті билік иесіз иттерді ұстап, олардан келер қауіпті барынша сейілту бойынша жұмыстар жүргізуі керек. Қазір қолға алынбаса, ертең кеш болуы да ғажап емес!
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.