Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриевпен кездесіп, Ұлытау облысын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында корпорация қолға алатын ауқымды жобаларды талқылады.
Жаңадан құрылған Ұлытау облысы мен оның орталығы Жезқазған қаласының инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру бойынша «Қазақмыстың» қолдауыжәне әкімдікпен белсенді күш біріктіруі өңірдегі көптеген қордаланған мәселелерге нүкте қоймақ. Корпорация облыс дамуының оң қадамына миллиардтар бөлмек. Өңір басшысы ауқымды жобалар ең алдымен сапалы түрде атқарылуына басымдық беру қажеттігін айтты.
– Бізде енді көп жобалар «Қазақмыс» корпорациясына байланысты. Кешенді жоспарға енген жобаларды талдап шығайық деген ниетпен жиналып отырмыз. Барлығы сапалы түрде жүзеге асады деген ойдамын, – деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
– Жақын арада біздің қалада мемлекеттік техникалық университет, соңғы үлгідегі дене шынықтыру және сауықтыру кешені, музыкалық драма театр мен балабақшасындыәлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандар бой көтереді. «Қазақмыс» экологиялық проблемаға да басымдық беруде.
Өз кезегінде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев:
– Өңірдегі экологиялық ахуал басты назарда, – деп атап өтті. – Сондай-ақ белгіленген жоспарға сай Алтынқазған, Жаманайбат, Жезқазған шахталарында геологиялық жұмыстар жүргізудеміз. Біз 2022 жылы 555 млн теңгеге инвестициялық жобалар жасадық. Биыл милиардтарға жобалар жасаймыз. Бұл жобалардың барлығы да өңір дамуының кешенді жоспары шеңберінде атқарылатын болады.
Сонымен қатар, Ұлытау даласын халықаралық деңгейдегі туризм орталығына айналдыру бағытында да біршама жобалар жоспарға енгізілгенін айта кету керек.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.