Тереңдігі 700-800 метрге дейін бойлайтын шахталарда кен қопарған кеншілердің ерен еңбегі ел экономикасының қозғаушы күшіне айналды.
Бүгінде сары мысымен әлемге танылған «Қазақмыс» компаниясының алып кен орындарында өндірістің қуатын арттырып, еңбек жағдайын қалыптастыру бағытында жұмыстар жүзеге асып келеді. Шахталардағы түрлі механизмдердің адам өміріне қауіпсіз жағдайда жұмыс жасауына негізгі тірек ретінде мойындалған Жезқазған аймағындағы мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасы қыруар шаруаға жауапты. Басқарманың телімдері шахталар мен фабрика, зауытта үздіксіз жұмыс жасайды.
Мақалаға арқау болып отырған басқарманың №2 телімі қазіргі таңда шахталардың жөндеу жұмыстарына жауапты. Жезқазған өңіріндегі алып шахта саналатын Оңтүстік Жезқазған кенішінің құрамындағы №65-67 шахталардағы телім еңбеккерлері кенішке арнайы барғанымызда қызу еңбектің үстінде екен. «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Серік Алтынбеков пен телімнің аға шебері Дмитрий Колесников мұнда атқарылатын жұмыстарды жіпке тізген маржандай етіп сипаттап берді.
Сұхбатымыздың барысында кәсіподақ комитетінің төрағасы Серік Алтынбеков:
– Бұл жігіттердің еңбегі ерен. Олар кен таситын көтермелерді, түрлі механизмдерді қалыпқа келтіріп, жөндейді. Өндірісте бірінің-бірінсіз жұмысы жүрмейді. Сондықтан №2 телімнің шахталардағы атқарып отырған жұмысы ұшан-теңіз, – деп ұжым жігіттерінің мақтауын асырды.
Біз атбасын тіреген №65-67 шахталардағы телім жұмысшылары жер бетіндегі оқпандағы кен көтермелерін және жер астындағы ауыр механизмдерді жөндеуге негізделген стационарлық жұмыстарды жүзеге асырады.
Ұжымда жөндеу-механикалық жұмыстардың тетігін тапқан жігіттер топтасқан. Дмитрий Колесниковтің жетекшілігіндегі телім кен түсіруге арналған «клеттің» маңайында топтасып, оны жөндеудің қамына кірісіп жатыр екен.
Дмитрий Викторовичтің айтуынша, мұнда жабдықтарға, түрлі қондырғыларға ағымдық және күрделі жөндеулер жүзеге асады.
– Біліктілігі мен кәсіби шеберлігі анау-мынауды екі орап алатын мамандарымыз әр ауысымда өздеріне тиесілі тапсырманы аса сақтықпен, жауапкершілікпен атқарады. Күрделі механизмдерді дер кезінде іске қосып, өндірісті бір сәтке тоқтатпау тікелей техникаларға байланысты. Сондықтан біздің телімнің жігіттері бұл жағынан өз жұмыстарына мығым.
Біздің ұжымның көшін бастап жүрген бекітушілер Манат Оспанов, Виталий Миранчук, Әсет Көңілбаев, слесарь Ерболат Шаймерденов, электргазбен дәнекерлеуші Жанболат Мәселиев сынды озаттардың саладағы тәжірибелері мол.
Аға шебер ретінде жұмысты ұйымдастыру мен оның нәтижелі атқарылуына басшылық жасаймын. Өндірісте еңбек қауіпсіздігі – басты назарда. Әрбір ауысымда тапсырмаларды қауіпсіз орындау бойынша нұсқамалар беріліп, жұмыс жағдайы түсіндіріліп отырады, – дейді Дмитрий Колесников.
Аға шебер Дмитрий Колесниковтің бұл саладағы еңбек өтіліне биыл 20 жыл толады. Дмитрий Мәскеудің мемлекеттік тау-кен университетін тәмамдаған. Әкесі Виктор Иванович осы телімде ұзақ жыл еңбек еткен. Қарапайым жұмысшыдан ағашеберге дейінгі еңбек жолынан өткен Виктор Колесниковтің ізіне ұлы еріп келеді. «Әкемнің атқарып жүрген жұмысы қызықтырды. Мектеп бітірген соң алдымда үлкен таңдау тұрды. Қаншама таңдаудың ішінен көңілім осы кен өндірісіне алып келді. Әсте өкінбеймін. Әкемнің жолын жалғау мен үшін зор мақтаныш», – дейді Дмитрий.
Отыз төрт адамның басын біріктіріп отырған телімнің озат еңбеккерлерінің қатарында Манат Оспановтың абыройы асқақ. Тәжірибелі бекітушінің ізінен ерген шәкірттері де телімде еңбекке араласып жүр.
– Мен әкемнің жолын жалғап, 1991 жылы Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасына келдім. Әкем Төребек Ұлы Отан соғысынан оралған соң шахтаға жұмысқа орналасып, осы жерден зейнетке шықты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, шын мәнінде менің өмірімнің өндіріспен өріс табуына әкемнің ықпалы зор болды. Шахтадағы ауыр жұмыстың бейнетін көрген әкемді көргенде «нағыз еңбек адамы» деген осы кісілер ғой деп мерейленетінмін. Тағдыр мені де осы жолға бағыттады. 1991 жылдан 2001 жылға дейін шахтада еңбек етіп, кейін осы телімге ауыстым.
Ол кезде телімде өз ісіне мығым Тұрғынбай Маменов, Мақсұт Сартаев дейтін жігіттермен үзеңгі қағысып, қатар еңбек еттік. Кейін қазіргі аға шебер Дмитрий Колесников қатарымызға қосылды. Виталий Миранчук, Александр Раченко, Ардақ Мұханбетжанов сынды жігіттермен орта толды. Бұл жігіттердің жұмысқа деген қабілетінің арқасында телім өзіне жүктелген міндетті сәтті орындай білді. Қазір көбісі осы саланың қыр-сырын меңгерген маман ретінде ақыл-кеңес сұрап келген жастарға тәлімгерлік танытуда. Үйренуге, білуге ұмтылатын жастарға әр кез көңілім толады, – дейді Манат Оспанов.
Манат Төребекұлы өндіріс озаты ғана емес, тәлімді тәлімгер. Оның мектебінде шыңдалған Шахар Тағыберген, Жасұлан Әлменов, Елдос Бекмұрзин, Вичеслав Григоренко ұстаз тәлімін өздеріне үлгі тұтуда.
Манат Төребекұлының інісі Жасұлан да өмірін өндіріспен ұштастырған. Ол осы Оңтүстік Жезқазған кенішінен қанаттанып, «Жомарт» кенішінің алғаш қадасы қағылып, еңсесі тіктелген жылдарда бригадасымен даңқты кенішке ауысқан. Ол кеніштегі конвейер бөлімшесінде еңбек етіп жүр. Бригада жетекшісі.
Әке жолын жалғаған Манат пен Жасұлан Оспановтар кен өндірісінде өнегелі еңбек жолын қалыптастырды.
Аталмыш телімде электргазбен дәнекерлеуші болып еңбек ететін Жанболат Мәселиев мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасында 1997 жылдан бері еңбек етіп келеді. Әуеліде №3 телімде еңбек еткен ол 2009 жылдан бері осында еңбек көрігін қыздыруда.
Ауыр бөлшектерді дәнекерлеу ісінде алдына қара салмайтын Жанболат Ермағанбетұлы бүгінде өзінің білгендерін жастарға үйретіп жүр.
– Алғаш еңбек жолым басталған №3 телімде еңбекте шыныққан ортам болды. Онда Сәбит Әлімбетов, Марат Башаров сынды мамандардың қатарында жүріп, көп іске машықтандым. Сондықтан мұнда келгенде маған дәнекерлеу жұмыстары жеңіл болды. Жезқазған байыту фабрикасының №2 ұнтақтау корпусындағы басқармаға қарасты жөндеу-механикалық телімде ағам Әшімбек еңбек етеді. Біздің ортақ мақсатымыз – өндірісті тұралатпай, берілген тапсырмаларды уақытылы жүзеге асыру. Істен шығып, бұзылған бөлшектерді қайта қалпына келтіріп, іске қосуда телім жігіттерінің еңбегі орасан. Қазір мен білген, түйгенімді жас маман Ермек Тоқпанбетовке үйретудемін, – дейді Жанболат.
Бекітуші болып 2008 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Әсет Көңілбаевпен сұхбат барысында оның әзіл-қалжыңға бейімдігін, жұмысты жоғары көңіл-күймен атқаратынын байқадық. Ауыр жұмыстың жүгін қайыспай көтеріп, ұжымын да көңілді жүруге үндейтін Әсет Батырханұлының бұл қасиеті еңбеккерлерді бір серпілтіп тастайды. Әсет Көңілбаев бұл телімге 2008 жылы келген. №55 шахтада басталған еңбек жолында Әсеттің шыңдалып, кәсіби өсуіне ортасы да көп ықпал етті.
– Аға буынның атқарған ісін, жүріп өткен жолын үлгі тұтудың арқасында көп нәрсені үйрендім. Жұмысқа деген ептілік ең әуелі адамның өз ынтасынан болуы керектігін түсіндім. Шахталардағы ауыр техникалар мен механизмдерді қалыпқа келтіру жұмыстарын жүзеге асыру арқылы біз тұтас кен өндіру кешеніне серпін беріп отырмыз. Біздің ұжымның жігіттерінің біліктілігін бағалай білетін басшылық Қарағанды, Балқаш өңірлеріндегі кеніштерге де іссапармен жіберіп, ол жақтағы техникалардың да жұмысын іске қосуға атсалыстық. Бекітуші ретінде әрбір бөлшектің нақты жүйеде жұмыс жасауына жауаптымын. Бригадамызда 7 адам бар. Мұрат Оразбаев, Манат Арынғазинов сынды ұстаздарымның арқасында көп тәжірибе жинақтадым. Аға буын ретінде құрметіміз ерекше Манат Оспановтан үйренгенімізден әлі үйренеріміз көп, – дейді Әсет Батырханұлы.
Бағыты өндірістік жабдықтарды жөндеп, қалыпқа келтіруге негізделген №2 телімнің озаттар қатарында Жақсыкелді Әлменов те бар. Ол бұл телімге 2010 жылы келген. Слесарь-жөндеуші маман өндірістік бағыттағы механизмдерді жөндеп, қайта қалыпқа келтірудің шебері. Жақсыкелді Тасыбайұлы 13 жыл ішінде жауапкершілігі жоғары маман ретінде өзін мойындата білді.
– Ұжымда еңбек еткен 13 жыл ішінде өз жұмысыма деген жауапкершілік жүгін ойымнан шығарған жоқпын. Біздің жұмыста ең бастысы – қауіпсіздік. Қауіпсіз еңбек ету бұл – өміріңнің кепілі. Қате жасалған іс өкінішке ұрындыратынын жақсы түсінемін, – дейді Жақсыкелді Әлменов.
Күрішті өңірден өндірісті аймаққа 2016 жылы қоныс аударған Шахар Тағыберген өндірістегі әуелгі еңбек жолын Жезқазған мыс қорыту зауытында бастаған. Өткен жылға дейін зауытта электргазбен дәнекерлеуші болды. Бұл ұжымға келгеніне 1 жыл болса да Шахар Шапағатұлы барлығымен бұрыннан таныс адамдай араласып кеткен. Дәнекерлеу ісінің майталманы Шахар Тағыбергеннің бұл телімдегі еңбек жолы табысты басталуда.
– Ұжымға келген алғаш күннен бастап жігіттер жылы қарсы алды. Тіпті бұрыннан араласып жүргендей бір күнде тіл табысып кеттік. Бригадамыз бірлікті ту еткен. Мен осындай бір тұтас ұжымға келгенімді ойласам, кеудемді мақтаныш кернейді, – дейді Шахар Шапағатұлы.
Кен өндірген алыптардың үздіксіз жұмыс жасауына негізгі күш ретінде мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасының №2 телімі өлшеусіз үлес қосып отыр. Өндіріс өрісін кеңейткен телім еңбеккерлері табыс тайқазанының ортаймауына тілекші.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.