Анна және Сергей Литвиновтар
Детектив
(Жалғасы.Басы газеттің №1 (1754), №2 (1755) санында).
Ақтарыла айтқан бұл әңгімеңізді сот ескеріп, жазаңызды жеңілдететін мән-жай ретінде бағалайтын болады. Сонымен, айтыңызшы, психоневрологиялық диспансердің есебінде қай уақыттан бері тұрасыз?
– Тоғызыншы жылдан бері.
– Екі мың тоғыз ба? – деді лейтенант нақтылай.
– Иә.
– Стационарда емделдіңіз бе?
– Иә. Үш рет. Әлде екі рет.
– Өз-өзіңе есеп бере алмайтындай кезге жеткен екенсің ғой. Қандай есірткі қабылдадың? Әлде таблетка жұттың ба?
Черевикин жауап бермеді.
– Сен жездеңді неге өлтірдің? Араларыңдағы жеке дүрдараздықтан ба? Бір пәтерде тұрдыңдар ғой? Өзіңе әбден тиісіп баққан шығар? Көрешекті көрген шығарсың? Мазақ етті ме? Кәнекей, ағыңнан жарыл. Оны өлтіруге мәжбүрлегендей себеп болса, ол да ескеріледі.
– Жоқ. Біз бір-бірімізді жақсы көрдік. Дос болдық.
– Ендеше неге оған пышақ сілтедің?
– Мен оған айттым. Қорылдама дедім. Жүз рет айттым. Емделуге бар дедім. Оған бәрібір. Олька оны ол ішіп алғанда өз бөлмесінен қуатын. Ол менің бөлмеме келіп жататын. Сосын қорылдайды келіп. Маған ұйқы бермейтін. Одан қашып барып, ваннаға тығылатынмын.
– Сонда сіз жездеңіздің қорылына шыдамағансыз ғой?
– Солай шығар. Әбден шыдамым таусылды.
– Кісі өлтірген қаруды қайдан алдыңыз? – деп өгей әкесі сұрақ қойды.
– Немене? – деді күдікті абыржи сұрақтың мәнісін түсінбеген шырай танытып.
– Пышақты қайдан алдың? – деп айқай салды лейтенант.
– Мен … мен білмеймін…
– Черевикин, шыныңызды айтыңызшы, апайыңыз еркектермен жұғыса кететін бе еді?
– Әрине, көріктілігіне кім қызықпасын! – деді жігіт мақтаныш үнмен.
– Ал көңілдестері бар ма?
– Білмеймін. Меніңше, жоқ.
– Сіз оны әлдебіреулермен жақын болғанын көрген жоқсыз ба? Менің айтып тұрғаным – бөгде еркектермен? Көшеде жолығысып тұрғанын, мүмкін пәтерге келген шығар?
– Жоқ.
– Мамандығы не?
– Мейірбибі.
– Қай жерде? Ауруханада ма, емханада ма?
– Ауруханада. Облыстық клиникалық, – деді күдікті аса бір мақтанышпен.
– Өте жақсы. Ал марқұм жездең ше?
– Ол слесарь, заводта. Болған.
– Сіз ше? Қоғамдық еңбекпен айналыстыңыз ба? Әлде мүгедексіз бе?
– Жұмыс істеймін. Курьермін.
– Жақсы. Енді толықтай айтыңызшы, сіз жездеңізді қалай өлтіргеніңізді. Әрбір әрекетіңізді. Әр қимылыңызды. Пышақты қайдан алғаныңызды. Қайда жасырғаныңызды. Поезға қалай әкелгеніңізді. Купеде болғаныңызда оны қайда қойғаныңызды. Өзіңіздің жоғары сөредегі жатар орныңыздан қай уақытта түскеніңізді. Қылмыс жасаған суық қаруыңызды қалай қолыңызға алғаныңызды. Азамат Качаловқа қалай жұмсағаныңызды. Пышақты қай жеріне салғаныңызды. Біз әлі сізбен тергеу экспериментін өткізетін боламыз. Басқаша айтқанда, сіз қылмыстың қалай болғанын басынан аяғына дейін көрсететін боласыз.
– Менің есімде жоқ… Ештеңе есімде емес… Ол қорылдады, қорылдады… Оның қорылынан басым сынып бара жатты… Сосын мен бірдеңе әрекет жасадым, сол-ақ екен, ол қоя қойды.
– Түсінікті, – деді Ходасевич қанағаттанғандық үнмен. Сосын орнынан көтерілді де Таняға дәлізді нұсқап: – Кәнекей, сыртқа шығайық, – деді.
8.
–Таня, менде саған деген жауапты тапсырма бар. Мен саған айтып едім ғой, өзара байланысын іздеуің керек, – деді өгей әкесі. – Марқұм мен өзге жолаушылардың арасындағы байланыс керек. Қалай іздейсің, өзің біл. Мүмкін өзіңнің сүйікті Интернетіңді пайдаланарсың. Мені аса қызықтыратыны ана Черевикин, оның апайы Качалова мен үшінші әлдебіреу. Түсіндің бе?
– Әрине. Ал сен не істемексің?
– Басқа істермен айналысамын, – деп жалтара жауап берді ол.
Татьяна купесіне келіп, өз орнына жайғасты. Экспресс ішінде Интернетпен айналысу мүмкін емес екен. Байланыс үзіліп кете берді. Тек қалалар мен үлкен елді мекендерге келгенде ғана пайдаланып қалуға тура келді.
Татьяна бірінші кезекте Волга жағалауындағы М. қаласының картасына үңілді. Качаловтар-Черевикиндер отбасы тұратын Аврора көшесіндегі үйге белгі қойды. Сол сәтте Таняның есіне жолаушылардың ішінде осы М. қаласының және бір тұрғыны бар екені түсе кеткені. Өзі сымбатты-ақ жігіт болатын: Илья Ходыженцев, 1977 жылы туған, 2011 жылы ажырасқан, екі баласы бар – алтыншы және сегізінші жылғы. Тұрғылықты мекенжайы – М., Гагарин көшесі, 24 А-үй.
Таня картадан қарай бастады. Аврора мен Гагарин қатар тұрған ұзын екі көше екен. Екі отбасының үйлері де жақын тұр. Көше екі басқа болғанмен үйлерінің арасы екі-ақ шақырым болар-ау!
Бір жағынан, мұндай географиялық жақындық ештеңе аңғартпақ емес. Миллион тұрғыны бар қалада кім-кіммен жақын тұрмай жатыр дейсің!
Татьяна әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Одан Качаловты, Качалованы, Черевикинді, Ходыженцевті іздеді.
Фейсбукте – жоқ. Сыныптастарда – жоқ. Ал мына Контактіде Ольга Качалова да, Илья Ходыженцев те шыға келді.
Міне, қара! Олар – Ходыженцев пен Качалова бар ғой, сөйтсек, бір-бірімен дос екен!
Шынымен-ақ таныс болғаны ма? Бір вагонда келе жатып, одан кейін ресторанға жиналғанда бір-бірімен таныс екендігін неғып аңғартпаған?
Рас, әлеуметтік желіден олардың арасындағы байланысты аңғартатындай ештеңе таба алмады. Бірге түскен фотосуреттері де жоқ. Түк табылмады.
Таня сосын азамат Илья Ходыженцевті тереңірек зерттеуге ден қойды. Бір жақсысы фамилиясы да көп кездесе бермейді, тек қай қалада тұратынын қоса көрсеткен. Лезде табыла кетті: дәрігер, хирург. Тек, ауруханасы Ольганікінен басқа екен. Әйткенмен, кәсіби ортасы бір.
Айтқандай-ақ, М. облыстық денсаулық сақтау басқармасының сайтынан бірге түскен фотосурет табыла кетті: жастар, бәрі жайнап тұр, көңілді-ақ. Оны қойып, иықтарын түйістіріп қатар тұр! Сурет астындағы жазу: ғылыми-практикалық конференция, 2017 жылдың қыркүйегі.
Енді таныс болмағанда ше!
Фотода ол екеуінен басқа және бес адам болды, сірә, дәрігерлер мен мейірбибілер.
Бәрінен бұрын осы суретті негізге ала отырып, күдіктіге сұрақ қойса болар еді: егер олар таныс болса, онда неге вагонда, одан кейін ресторанда бір-бірімен таныс адамның кейпін әдейілеп көрсетпеген бе?
Және бір жайт. «Сен түнімен ұйықтай алмай, дәлізге бірнеше рет шығып-кірдім деп едің ғой, сонда көрші купенің есігі жабық болды ма, есіңе түсірші», – деген еді өгей әкесі.
Иә, Таняның анық есінде, кісі өлімі болған көрші купенің есігі ашық тұрды.
Міне, осы жайттарды Валерий Петровичке барып, айтуы керек.
9.
Жүрдек поезд «Рязань» станциясына тақап келіп қалғанда жетінші вагонның жолаушысы Ольга Качалова шыңғырып қалып, жұртты абыр-сабырға салғаннан бергі өткен жеті сағат ішінде өгей әкесі мен Татьяна екінші рет вагон-ресторанның табалдырығын аттады. Олардың қасында үш полиция қызметкері түгел болды.
Таңертең өз еріктерінен тыс келіп отыруға міндетті болған орындарынан жетінші вагонның жолаушыларының біразы әлі кете қоймапты. Ең бастысы Таняға етене таныс болған екі адам: мейірбибі, бүгін ғана жесір қалған Ольга Качалова мен хирург Илья Ходыженцевтің бастары қосыла қалыпты! Бір-бірімен шүйіркелесіп отыр! Таня олардың отырыстарынан алғаш көз салғаннан-ақ анық аңғарды. Бір-біріне қарағаны қандай. Иықтарының бір-біріне жанасқаны қандай. Ешқандай күдік келтірудің жөні жоқ: олар жай ғана таныстар емес. Және осы жерде жаңа ғана танысқан жандар емесі айдан анық. Иә, олар көп уақыттан бері жасырын көңіл қосқан ашыналар.
Өгей әкесі оларға бірінші болып жақын келді. Сыпайы жымия күліп, әйелге:
– Отырыстарыңыз жараса қалыпты ғой, мазаларыңызды алғанымызға кешірім сұраймын, – деп еді Качалова жұлып алғандай тіл қатты:
– Немене, маған енді ресторанға келуге де болмай ма?! Маған сонда қайда отыр деп бұйырмақсыз?! Мені өз купеме кіргізбей қойдыңыздар! Қылмыс болған жер ол!
– Сіздің күйеуіңіздің өліміне қатысты іске орай, – деді лейтенант байыпты үнмен сөзін жалғап. – жаңа бір мәселелер ашылды. Мен сіздердің бізге ілесулеріңізді сұраймын. Екеуіңіз де.
Өгей әкесі қуақылана тіл қатты:
– Әдетте айтылатындай, ұлдар – солға, қыздар – оңға.
Өзара алдын-ала келісім алған болса керек, кіші шенді полиция қызметкері Ольганы хирург Ходыженцевтен ығыстырды да, оны ілестіре лейтенанттың соңынан сегізінші штаб вагонына қарай алып кетті.
Аударған Шах МҰРАТ.