Біз кеңес өкіметі билігінің 70 жылдық дәуірінде феодалдар мен байларды ең жағымсыз топқа жатқызып, олардың өркенді істері мен ел болашағына қосқан үлестеріне жете мән бермегеніміз анық. Кедей-кепшікке теңдік әпереміз деген ұлы төңкеріс кезінде: «Кел, кедей, басың қос жалшымен. Байларды қойдай қу қамшымен» деген сарындағы ұранға еріп, ұрынып қалғанын қазақ даласындағы жұрт ол кезде дұрыс пайымдай қоймаған еді. Сол сәттегі түнектен шығар тура жолды көрсеткен Алаш арыстары мен олардың алға қойған идеясының мән-маңызына бойлаушылар да аз болды. Елімізде Тәуелсіздік таңы атқалы бұл тұрғыдағы қалыптасып қалған көзқарасымыз өзгеріп, өткеннің қателіктері мен қоғам дамуындағы ақтаңдақтардың аражігін айқын ажырата бастадық. Ірі байлар мен көпестердің елдік мәселелерге атсалысуымен қатар халыққа жасаған қамқорлығы, Алаш зиялыларының өркениетті көздеген іс-әрекеттеріне қолдау танытқандары енді-енді айқындалып, белгілі бола бастады. Арқа өңіріндегі сондай ірі тұлғалардың бірі Ақмоланың атақты көпесі Баймұхамбет ҚОСШЫҒҰЛОВ болатын.
Қазақтың алғашқы капиталистерінің бірі саналатын Баймұхамбет Қосшығұлов Жаңаарқа өңіріндегі Келтетал деген жерде туған. Руы – алсай. Есіл өзенінің жағасындағы Қараөткел шатқалында салынған бекіністің негізінде бой көтерген Ақмола 1863 жылдан аймақтық қала ретінде ресми бекітілген соң өңірдегі сауда-саттық жандана бастады. Сол уақытта қаладағы татар саудагерлері ауылдарды жиі аралап тұратын. Баймұхамбет олардың саудасына көмектесіп, делдал бола жүріп кейіннен өзі де қалаға келеді. Жас кезінен оның қабілет-қарымын байқаған бір татар көпесі өзіне көмекшілікке алып, сауда-саттықтың қыр-сырын үйретеді. Осы іспен айналысып жүргенде әкесі қазақ, шешесі татар Мәдина деген қызға үйленеді. Жылдар өте келе сауда ісіне төселіп, шаруаларын жеке дөңгелетіп қаладағы танымал кәсіпкердің біріне айналады. Ақмола қаласын сәулеттендіруге атсалысады. Екі қабатты бірнеше үй салады, 16 дүкен мен кондитер фабрикасына иелік етеді. Сауда-экономикалық қатынастарын өрістете келіп, Ресей, Батыс Еуропа, Орта Азия елдерімен байланыста болады. Оны жұрт Байкоп деп те атайтын. «Байкоптың көк дүкені мен тас дүкені» Ақмолада бертінге дейін болған екен. Кәсіпкерлік қызметінің қанатын кеңге жаюына байланысты Б. Қосшығұловқа 1906 жылы екінші гильдиялы көпес дәрежесі беріледі. Арада бес жыл өткен соң ол бірінші гильдиялы көпес атанады. Көпес – Ресейде 1775 жылы заң жүзінде ресімделген қалалық сауда-кәсіпорын тобының өкілі саналатын. Қаржы-қаражатының мөлшеріне қарай берілетін үш түрлі гильдиялы көпес дәрежесі қазан төңкерісіне дейін сақталып келген.
Сол уақыттарда бірінші гильдиялы көпес Б. Қосшығұлов туралы Санкт-Петербургте шығатын «Сибирский торгово-промышленный ежегодник» басылымында ақпараттар жүйелі шығып тұрыпты. Мәселен, 1913 жылғы бір нөмірінде Байкоптың айналысатын кәсіптерінің бағыттары туралы жазылған. Бұлар – бакалея және шаруашылық товарлары, керосин, мұнай, бояулар, ыдыс-аяқ, шай, қант, кондитерлік өнімдер сияқты товарлар көрінеді. Сонымен қатар, Байкоптың негізгі кәсібі Ақмола қаласында дамиды. Кондитерлік және тоқаш фабрикасы Ақмоладағы бұрынғы Тұрмыстық қызмет көрсету үйінің маңында орналасқан-ды. Кондитер фабрикасында бірнеше түрлі шоколад пен мұзды кәмпиттер шығарылатын. Оның 1900 жылдың басында бірінші салған мешіті өртке ұшырапты. Бұдан соң Баймұхамбет әріптес көпестердің бірі Нүркен Забировпен бірлесіп екінші мешіт және медресе салады. Халық арасында «көк мешіт» атанған бұл имандылық үйі кеңес кезеңінде әртүрлі мемлекеттік мекемелердің ғимараты болыпты. Бір кездері Пионерлер үйі де осында орналасты. Ал, екі қабатты кондитер фабрикасы да бертінге дейін сақталып, 1973 жылға дейін оны облыстық газет редакциясы мен баспахана мекенжай етіпті. Көптеген сауда сөрелері орналасқан «Керуен-сарай» деген сауда орталығы жұмыс істеген. Байкоптың өзінде кең сарайдай көпестерге лайықты алты үй болған көрінеді. Бұлардың отбасында Құрманғали, Мұхаметқали, Уәли, Нұрмұхамбет, Бекмұхамбет, Қадыркей есімді алты ұл және Райхан деген қыз, барлығы 7 перзент дүниеге келеді. Төрт үйді төрт ұлына арнап салыпты. Ақмоладан 15-20 шақырымдай жерде Байкоптың жайлауы да болған. Мыңның үстінде жылқы, ірі қара, қой өсіріп, мал тұқымын асылдандырумен айналысқан. Егін шаруашылығына да көңіл бөлген.
Тарихи деректерге жүгінсек, Ақмола өңірінде сол заманда сауда-саттықты дамытып, кәсіпкерлікпен айналысатындарға айрықша көңіл бөлінгенін көреміз. Мәселен, ақмолалық көпестерді жергілікті билік 10 жылға дейін түрлі алым-салықтар төлеуден босатқан. Жергілікті халық арасынан да есімі елге белгілі көпестердің шыға бастауына бұл жағдай оң ықпалын тигізген.Осыдан үш-төрт жылдай бұрын Елордадағы Орталық архивте және Ұлттық музейде болып, Ақмола тарихына қатысты біраз деректермен танысқан едім. Сондағы материалдарға сүйеніп айтар болсам, Қараөткел жері сырт елдерге әуелде сауда қатынастары арқылы белгілі болған.Орыс және татар көпестері қазақ жеріне XVI-XVII ғасырда Орта Азия мен Ресей сауда қатынастары жолға қойылған кезден келіп орныға бастаған. Шығыс қытайдан да саудагерлер келіп тұрған. Олар шұға, атлас маталарын, айна, қобдишалар, күміс ыдыстар мен мельхиор бұйымдарын әкеледі екен. Бұл жақтағы жергілікті халықтың ағаш пен теріден жасалатын қолөнер бұйымдарын, мал өнімдерін, жүн, алаша, арқан, қоржын сияқты заттарын сатып алатын болған. Өзара сауда-саттық жасасып, тауар айырбастасады. Орта Азия жәрмеңкелерінен жібек, табиғи асыл тастар, пышақ, қылыш сияқты шығыс қарулары, Қытайдан шыны ыдыстар мен фарфор бұйымдары әкелінетін. Осындай халықаралық деңгейдегі сауда-саттық ықпалымен Ақмолада көтерме сауда қоймалары пайда болды. Көпестер ат басатын бұратын ірі базарлар ашылды.
Өңірлерде сауданың дамуына сонымен қатар, Батыс Сібір генерал губернаторының карантиндік бақылау мен казак станицаларындағы алым-салықтарды жойғаны ерекше әсер етті. Осы кезеңде 1830 жылдан бекініс станицасы ретінде қалыптасқан Ақмолада жаңа сауда орындары, мануфактура мен алғашқы банктер ашылды. Халық саны да өсе түсіп, 1862 жылы Ресей империясының шешімімен қала мәртебесін алса, 1890 жылға қарай уез орталығы болып құрылған бұл қаланың құрамына Омбы, Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Атбасар өңірлері енеді. Осы өңірлерде XX ғасырдың басында гильдиялы көпестер сауда капиталын дамытуда елеулі рөл атқарған. Ақмолалық көпестер дегенде, ең әуелі Қосшығұловтар әулеті, Ғалиасқар және Сыздық Халфиндер, Нүркен Забиров, Иван Силин, Петр Моисеев, Андриан және Матвей Кубриндер сияқты іскер ауқаттылардың есімдері көзге түседі. Қазақстан Ұлттық музейінің «Жазба деректер қорында» аталған көпестер арасынан Қосшығұловтар мен Кубриндер туралы суреттер мен көптеген деректер сақталған.
Баймұхамбет сырт өңірлерге Ақмола ұнын ірі тасымалдаушы ретінде де танылған. Қаладағы көпестер бірлесіп Ақмоланың ұны мен қазақтың мал тұқымдарын Ресейдің, Бұқараның, Хиуаның және Қоқанның орталық базарларына жиі апарады екен. Сол уақытта қалада 100-ге тарта диірмен болыпты. Сондай-ақ, оның фабрикасынан шығатын тоқаш (пірәнік) туралы аңызға айналған әңгімелер де назар аударарлық. Император мұрагерінің 1891 жылы Омбы қаласына келу құрметіне пірәніктер көрмесі ұйымдастырлады. Әдетте Тула және Вязма пірәніктері ерекше сұранысқа ие екен. Бірақ, көрмеде күтпеген жағдай орын алып, патша мұрагеріне ешкімге белгісіз пірәніктер ұнап қалыпты. Өндірушіні іздестіргенде, ол Баймұхамбет Қосшығұлов болып шығады. Ханзаданың Ақмола пірәнігінің құпиясы туралы сұрауына қазақ көпесі күлше дайындаудың ұлттық тәсілін айтады. Ақмоланың ақ ұнының даңқы Ресейге де жетіп тұрса керек. Осы ақ ұнға Көкшетаудың балы мен балқаймағы қосылып иленетінін айтады. Жұпар бұрыш, ұнтақталған қалампыр мен жусан қосылып жасалатын ащы тоқаштың да дайындалу жолын түсіндіреді. Сөйтіп тақ мұрагері губернаторға ақмолалық кәсіпкерге қолдау көрсетуді қатаң тапырады. Осы оқиғадан соң Б. Қосшығұлов Сібір банкісінен ірі заем алып, кәмпит-пірәнік фабрикасының сызбасы мен құрал-жабдықтарын алуға Париж қаласына аттанады. Сонымен қатар ол француздардан кондитерлік істің шеберлігіне үйренеді. Кондитер фабрикасының құрылысы осылай бой көтеріпті. Фабриканың хас шебер кондитері Дурахов деген кісі болса, Баймұхаметтің оң қолы әрі сенімді көмекшісі өзінің бажасы Халиолла Нығматуллин болған көрінеді.
Өлкедегі сауда-саттықтың дамуына үлкен қолдау көрсеткен тұлғалардың бірі Ақмола округінің 1852-1865 жылдардағы аға сұлтаны Ыбырай Жайықбаев болған. Ақмолалық көпестер меценаттық пен қайырымдылыққа да зор үлестерін қосады. Қаладағы алғашқы мектептер, медреселер және театр тәрізді өнер орындары олардың тікелей атсалысуымен құрылды. Мәселен, Ақмоладан шыққан бірінші гильдиялы дәрежесіндегі көпес Баймұхамбет Қосшығұлов өз қаражатына мұсылман жастарына арнап мешіт пен медресе-мектеп тұрғызумен қоса мұғалімдердің жалақысы мен оқушылардың шәкіртақысын төлеп отыруды мойнына алды. Ол 1905 жылы салдырған мектеп 1986 жылы жөнделіп, қалпына келтірілді. Көп жыл бойы «Қазкомерцбанк», қазірде Халық банкі орналасқан бұл ғимарат қаладағы тарихи мәні бар мемлекет қорғауындағы нысанға жатады.
Байкоптың 1876 жылы туған үлкен ұлы Құрманғали әуелде семинария бітіріп, одан соң Санкт-Петербургте жоғары экономикалық білім алған алғашқы қазақтардың бірі. Ол студент кезінде автотехникамен айналысып, Ресейде бірінші рет өткізілген автожарысқа қатысады. Ресей империясының чемпионы атанып, отынмен жүретін американ автомобилін жүлдеге ұтып алады. Бұл автомобильді Ақмолаға келгенде фотограф К. Шаховқа сатады. Құрманғали оқудан оралған соң әкесінің бизнесін Батыс Еуропа елдерінің деңгейіне жеткізуге ұмтылып, сырт елдермен өнеркәсіптік байланысты күшейтеді. Автомеханика мен техникаға қызығушылығы оның машина жасау өндірісіне бет бұруына әсер етеді. Австрия, Германия мемлекеттеріне барып жүріп, сол жақтан тағы бір автомобиль алып келеді. Оны кейін екінші гильдиялы көпес Кубринге сатады. Ақмолада автомобиль шығаратын завод салуға бел байлап, 1913 жылы Германия мамандарымен келісім-шартқа отырады. Автоконструктор-инженерлерін шақыртып кәсіпорынның барлық сызбаларын дайындатады. Бұған дейін Құрманғалидың Германия іскерлерімен байланыс орнатуының нәтижесінде Ақмола уезінде олармен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұрады. Немістің атақты «Зингер», «Саламандра» компанияларының филиалы Атбасарда ашылып, акционер ретінде оның жарғылық қорында Құрманғали Қосшығұловтың да үлесі болған. Ол сонымен қоса, Ақмола уездік кеңесінің мүшесі, патшалық Ресейдің полковник шенін иемденген беделі жоғары кәсіп иесі еді.
Осы әңгімелердің біразын маған көп жыл Қаражал қылмыстық-түзету мекемесінде басшылық қызметте істеген, кейінгі жылдарда Астана түбіндегі Қосшыда тұратын Файзулла Күзекбаев ақсақал айтқан еді. Бұл кісі Байкоп-Баймұхамбетке жақын ағайын болып келеді. Файзекеңнің Ерлан деген баласы да Қосшығұловтар туралы архив деректерін жинастырып, баспасөз беттерінде біраз зерттеу мақаларын жазып жүр. Байкоп дүрілдеп тұрған кезінде ауылдық жерлерден қалаға қоныс аударып қиындық көріп, қажып жүрген талай жандарға көмек беріп, орнығып кетуіне қамқорлығын аямайтын дейді. Ол кісінің меценаттық ісі де ауқымды болған. Алашорда көсемдерін қолдап, қазақ газеттерін шығарып тұруына да қаржы аударып отырған. Баймұхамбет көпес 1918 жылы жетпіске қараған шағында ауырып қайтыс болады. Қосшығұловтар әулетінен кейінде тірі қалған жалғыз Бекмұхамет болса керек, ол кісі өткен ғасырдың жетпісінші жылына дейін Қаражалда тұрған екен. Қуғын көріп, сотталып, Сібір жақтан орыс па, поляк па, әйтеуір басқа ұлттан әйел алып келіп, өмірінің соңын сонымен өткізіпті. Файзулла ақсақал біраз жайтты сол кісіден естіген ғой. Бекмұхамбеттің айтуынша, Құрманғали сол жолы Германиядан инженерлер мен құрылысшыларды шақырып, автозаводтың дайындалған жобасы бойынша іске кіріспек болып отырғанда 1914 жылғы дүниежүзілік соғыс бұрқ ете қалады. Одан кейінгі жағдай Ресейдегі революциялық оқиғалар мен азаматтық соғысқа ұласады. Орыс және шетел капиталистерімен бірге акционер ретінде Ресей Теміржол министрлігінің бас жоспары негізінде Тюмень – Ақмола – Ташкент, Орск – Ақмола – Семей болат жолының жобасына да атсалыспақшы болыпты. Бұл жоба да аласапыран жағдайға байланысты іске аспай қалады.
Өкінішке орай, кеңес өкіметі орнағаннан кейін белгілі кәсіпкер көпестер мен олардың ұрпақтары қуғын-сүргінге ұшырап, мүліктері кәмпескеге ілігеді. Қосшығұловтардың да кәсіпорны, сауда орындары мен ғимараттары, ақша қаржылары мен банк акциялары кеңес мемлекетінің қолына өтеді. Файзекеңнің Бекмұхаметтен естуі бойынша Ақмола-Сібір сауда банкісіндегі Қосшығұловтардың есепшотынан 1 млн. сом ақшасын алып мемлекетке өткізген. Ол уақыттағы бағам бойынша бұл үлкен қаржы көрінеді. Мұнымен қоса Байкоптың ұрпақтары Нұрмұхамбет, Бекмұхамбет және Құрманғалидың ұлы Хасен қамауға алынып, ұзақ мерзімге сотталады. «Ұлы кәмпеске» кезінде қуғынға ұшыраған Құрманғали да Ақмоладан жылыстап, 1928 жылы отбасымен Жаңаарқадағы әкесінің мекені Өркендеу, Келтетал ауылына оралады. Содан 1940 жылға дейін осы ауылдарда болып, Жаңаарқаның басына келеді. Алайда, «бай кулак, көпес» деген көзқараспен жаңа өкімет тыныштық бермейді. Қарағандыға, одан оңтүстік жаққа Жамбылға, Бішкекке қарай кетуге мәжбүр болады. Бір деректер бойынша қазақтың ірі капиталисі 1954 жылы Шымкентте елеусіз күйде қайтыс болған дейді. Оның қарындасы Райхан сол жақта тұрыпты. Қазір Байкоптың сол жалғыз қызынан тараған ұрпақтары Шымкент жағында болуы мүмкін. Құрманғали деген баласы Қырғызстанның Ош облысы аумағындағы бір ауылда тұрып 1954 жылы өмірден өтіпті. Нүркей (Нұрмұхамбет) деген баласы 1932 жылы аштықтан өледі. Міне, дәулеті тасып, ұлттың қаймағы ретінде елге танылған, талай жандарға қамқор болған бір әулеттің тағдыры заhарлы заман тайталасына түсіп осылайша өкінішпен аяқталады.
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Суреттерде: көпес Баймұхамбет; Мұсылман жастарына арналған Б. Қосшығұловтың мектебі (мемлекет қорғауындағы ғимарат 1905 ж. салынған).