Жезқазғаннан жеделдетіп жүріп кеттік. Жол шеті – екі жүз шақырымдай қашықтықта жатқан «Жомарт» кеніші. Қасымда – кеніштің қаладағы кеңсесінен қосылған персоналмен қызмет бастығы Еркебұлан Омаров пен «КәсіпҚорған» кәсіподағы бастауыш буынының басшысы Манас ҚОШТАЕВ. Жолай кенішке қатысты талай әңгіменің тиегі ағытылды.
«Жаман Айбат» жағына жолым түскен сайын қаншама жылдан бері жөндеу көрмеген «Жезқазған-Қызылорда» жолының «жыры» еріксіз ойға оралады. Әсіресе, Жезқазған жағының жайы таза мүшкіл. Қылыродаға қарай бет түзеген тасжолдың тұсынан тура қырық шақырым қашықтықтағы «Мибұлақ» аулына жол талғамайтын жүрдек автокөлікпен «әупірімдеп» әрең жеттік: ми «шайқалып», езу «тілініп» кетті. Ауылдан елу шақырым жердегі «… Айбатқа» дейінгі көтермежолдың да жетісіп тұрғаны шамалы. Алайда, қарсы алдыңнан «алып» әріппен жазылған «Жаман Айбат» деген жазу шыға келгенде, көрген жол азабың сейіліп сала береді. Сәл ілгері жүрген соң тура сондай «Жомарт кеніші» деген жазу кездеседі. Кенішті қадасы қағылған кезден бері білетін адамға бұл екеуі де көзге ыстық көрінеді. Себебі, «Жаман Айбат» – қуатты кәсіпорынның өткені, ал, «Жомарт кеніші» – бүгіні мен болашағы.
Кеніш директоры Бауыржанг Байтоқов
«Жомарт» – «Қазақмыс» өз күшімен, өз қаражатымен қысқа мерзімде қатарға қосқан кеніш. Оның құрылысы қалай жүргізілгені күні кешегідей көз алдымызда. Жол қатынасынан жырақта, жапан далада қуатты кәсіпорынды қатарға қосудың қияметін басынан өткерген ғана біледі. Осының басы-қасында болған Әмірбек Шегірбаев ағамыз сыр қылып шертіп отыратын. Кейінгілер біліп жүрсін дегені шығар?! Бастапқы кезде келген қарағандылық шахта құрылысшылары шаруаның шырайын шығара алмай, ақыры кері қайтқаны есте. Компанияны дамытудың стратегиялық бағдарламасы бойынша салынған бұл кеніш жылына 4 миллион тонна кен береді. Бұл, алдын-ала жасалған есеп-қисапқа қарағанда, 49 000 мыс пен 36 000 килограмм күміс алынады деген сөз. Кеніш пайдалануға берілген 2006 жылдан бері 55 000 тоннадай сапалы шикізат кен өңдеу кәсіпорнына жөнелтілді. Одан өндірілген мыс пен күмістің көлемі қанша екенін өзіңіз есептей беріңіз. Мамандардың есебіне қарағанда, «Жомарттың» тек бірінші кезегінің өзі 27 жылға жобаланған. «Кеніште кен өндірумен 5 телім айналысады. Жігіттер жарап тұр, қамшы салдырмайды. Өйткені, кәсібін жетік меңгерген. Аға буын кейінгі жастарға қамқорлық көрсетіп отырады. Жеті бригада іргелі кен дайындығы жұмысын жүргізеді. Оның үшеуі шахтапроходкалау тресіне қарайды. Қазір анықталған кен қоры 2052 жылға дейін еркін жетеді» дейді кеніш директоры Бауыржан Байтоқов. Иә, кеніштің көтерілетін биік белесі әлі алда. Қазір де кенде қалмағаны көзге көрініп тұр. Монолитті бетоннан құйылып, сырты қапталған скип-клет оқпаны жапан далада оқшау бой түзеген, аспанға асқақтайды. Төңірегіне кеніштің күнделікті қызметіне қажетті түрлі құрылым топтасқан. Жезқазғаннан тартылған теміржол табаны да осы оқпанға келіп тіреледі. Тіпті, әкімшіліктұрмыстық кешені де өндірістік блокпен жабық дәліз арқылы жалғасқан.
Кеніштің персоналмен қызмет бастығы Еркебұлан Омаров, қауіпсіздік техникасы және еңбек қорғау бөлімінің жетекші инженері Меруерт Дүйсекова, телім басшысы Елдос Бабыров, “КәсіпҚорған” кәсіподағы бастауыш буынының басшысы Манас Қоштаев
Кеніш басшысымен болған азын-аулақ әңгімеден кейін бізге шахта шыңырауында жолбасшылық жасайтын қауіпсіздік техникасы және еңбек қорғау бөлімінің жетекші инженері Меруерт Дүйсекова қосылды. Сосын қауіпсіздік техникасына қатысты тиісті нұсқамамен танысып, жаңағы жабық дәліз арқылы бірден клетке қарай өтіп, «кеншілер патшалығына» жол тарттық. Қойнауына құпиясын бүккен, тәулік бойы кен өндіру толастамайтын «шахта шаһары» – геолог, құрылысшы мен проходкашы қолынан шыққан керемет күрделі құрылым. Олар ұзақ уақыт «қалғыған» жерді ұйқысынан оятып, кеніштің келешек тағдырын кеншінің сенімді қолына тапсырды. Ал, кенші «Жаман Айбаттың» екінші тынысын ашты. Оның жобалық қуаты жүйелі игеріліп, атына-заты сай «Жомарт» кенішінің тұсауы кесілді. Кен өндірісі вахталық әдіспен ұйымдастырылған. Бұл тәсіл Қарағанды, Кентау, Түркістан, Қызылордадан қатынап істейтін «вахтовиктің» көңілінен шықты.
Жақындағы Жаңаарқа мен Ұлытау ауданы ауылының азаматына да жұмыс табылды. Қазір 1500-ге жуық адам жарты айын кеніште өткізеді. Менің есіме кеніш директорының; «Бізден Қазақстанның кез-келген облысынан келген кеншіні кездестіресіз» деген сөзі түсті. Рас шығар?! – Табанымыз тиген тұс жер бетінен 600 метр тереңдікте жатыр, – деді жолбасшыболып жүрген жігіттің бірі. Шахтаны армансыз араладық. Кен қабатына соқпақ салған проходкашымен, кен қыртысына бұрғы бойлатқан забойшымен жолықтық. Өндірілген кенді қырға шығаратын конвейер желісінде болдық. Қайсысымен тілдессек те, көтеріңкі көңіл-күйді, ұжымда қалыптасқан оң ахуалды аңғардық. – Сәтбаев қаласындағы техникалық колледжде оқығанмын. Сосын өндірістен қол үзбей жүріп Өмірхан Байқоңыров атындағы университетті бітіріп алдым. Кен бұрғылағаныма жеті жыл болды. Кеншілік кәсіп өзіме ұнайды. Біздің кеніште өнімді әрі қауіпсіз жұмыс істеуге, бос уақытта жақсы тынығуға барлық жағдай жасалған, – дейді кен бұрғылаушы Жақсылық Төреқожин. .«Қырға» көтерілгесін кеніштегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен таныстық.
Жайлы жатақхана, спортпен шұғылданатын еңселі зал, бильярд бөлмесі, тағы басқа күнделікті тұрмысқа қажетті қызметтер кеншілер игілігінде. Қала мейрамханасына жетеқабыл екі қабатты асхана күрделі жөндеуге қойылыпты. Келесі жылы басқа нысандарды ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарда бар екен…
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.
Жомарт кеніші.