Қала тіршілігінде қазаныңыз қайнап, тұрмысыңыз жайнап тұруы үшін ТКШ саласының жүйе-жүйесі сайрап тұруы керек. ТКШ деп отырғанымыз – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы. Айқай-шуы көп, тұрғындардың арыз-шағымынан арылмайтын бұл маңызды саланың күрмеуі түйінді, жедел шешуді қажет ететін проблемалары да жеткілікті екені белгілі. Тұрғын үйден бастап ауызсу, жылу, кәріз желісі деген сияқты күнделікті тұрмыстың ахуалының бәрі осы жүйемен байланысты. Бес жылғы белесті межелеп, Үкімет деңгейінде қабылданған Кешенді жоспар аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту бағытында да тың жобалардың қамтылғаны қуантады.
Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдарында бой көтерген үйлердің біразының тозығы жетіп тұр. Оның арасында апаттық жағдайдағы үйлер де аз емес. Сондықтан да апаттық тұрғын үй қорын жаңарту өзекті мәселе болып отыр. Жоспар бойынша келесі жылдан бастап қос қалада апат жағдайындағы 137 үйді бұзып, жаңадан 39 үйді салу белгіленген. Бұл жобаны іске асыру 2023 жылы басталып, 2026 жылы аяқталуға тиіс. Оған төрт жыл ішінде 10,5 млрд. теңге инвестиция бағытталады. Мәселен, Жезқазған жылу-электр орталығының жабдықтары да ескіріп, тозығы жетуге айналған. Қалада жаңа тұрғынжай аумақтарын кеңейтіп, өнеркәсіпті дамытуға жылу мен электр қуатының жетіспеушілігі қолбайлау болуда. Кешенді жоспарда осы мәселелерді шешудің жолдары айқындалып отыр. Жылумен жабдықтауда Жезқазғанда №2 жылу-электр станциясын салудың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, жобалау сметалық құжатын дайындауға алдағы жылы 50 млн. теңге қаржы бөлінбекші. Жалпы, 2024-2026 жылдары жүзеге асырылуы жоспарланған бұл жобаға 300 млрд. теңге мұғдарында жеке инвестиция тарту керек. Сәтбаев қаласындағы №1 жылу станциясына жаңғырту жүргізіліп, 5-қазандық орнату жобаланған. Бұл іс 13 млрд. теңге инвестиция салу арқылы атқарылады. Сонымен қоса, кеншілер қаласын электр қуатымен және жылумен сенімді қамтамасыз ететін замануи бу-газ қондырғысы салынбақшы. Жалпы қуаты 100 мвт. болатын бұл қондырғы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің инвестициясы есебінен 2023-2026 жылдары салынып, іске қосылмақшы. Жезқазған қаласын жартылай жерасты суымен қамтамасыз етіп отырған ҮйтасАйдос су құбырының тозығы жетіп, 70% дейін жарамсыз болуынан тұрғындарға ауызсу жеткізуде апаттық жағдай жиі орын алады. Сондай-ақ, су тазарту қондырғысының да тозығы жеткен. Сәтбаев қаласында да бұл жөнінде айтарлықтай проблема бар. Кешенді жоспар арқылы осы түйінді мәселелерді оңтайлы шешудің жолдары белгіленді.
Барлығы 130 шақырымдық жылу желілерін жаңарту, 300 шақырым су-мен жабдықтау және 127 шақырым су бұру желілерін қайта құру жоспарланған. Атап айтқанда, Үйтас-Айдостан қаладағы шаруашылық-ауызсу тазарту қондырғысына дейінгі құбыр жаңартылады және аталмыш су көзінің екінші көтергішінің сорғы станциясы қайта жаңғыртылады. 2023-2024 жылдары қолға алынбақшы бұл іске республикалық бюджеттен 16,8 млрд. теңге қаржы бөлінетін болды. Мұнымен қоса осы екі жылда Айдос жерасты су көзінің қолданыстағы ұңғымаларын жаңғыртып, жұмыс істемейтін ұңғымалары мен коллекторларын қайта бұрғылауға 115 млн. теңге жеке инвестиция және республикалық бюджеттен 9 млрд. теңге қаржы қарастырылуда. Дәл осындай көлемдегі жұмыстар Үйтас жерасты су көзі бойынша да атқарылуы үшін 2024- 2025 жылдары республикалық бюджеттен 9 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін «Қазақмыс» корпорациясы 120 млн. теңге инвестиция бөліп, келесі жылы жасауға міндеттенді. Одан әрі Жезқазған қаласын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Қожамсейіт жерасты су көзіне су жинақтайтын қондырғы салуға республикалық бюджеттен 12 млрд. теңге қаржы бөлініп, бұл жобаны 2025-2026 жылдары жүзеге асыру ұйғарылуда. Сәтбаев қаласын толықтай, Жезқазғанды ішінара ауызсумен жабдықтауға мүмкіндік беретін Есқұла су құбырының құрылысы биыл аяқталып, 2024-2026 жылдары республикалық бюджеттен 14 млрд. теңге қаржы бөлініп, оның екінші желісін салу және қосымша ұңғымаларын бұрғылау жоспарланған. Ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету де барынша назарға алынған. Мәселен, Жаңаарқа мен Ұлытау аудандарының 10 ауылдық елді мекенінде су құбырларын жаңарту жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 200 млн. теңге бөлінеді. Алдағы жылы жергілікті бюджеттен 95 млн. теңге қаржы бөлініп, Ұлытау ауданының орталығындағы су құбырлары да қайта жаңғыртылады. Кешенді жоспарда белгіленген жобаларды жүзеге асыру арқылы облыс аумағы халқын 2026 жылы ауызсумен толықтай қамтамасыз ету көзделуде. Өңір үшін маңызды жобалардың бірі – ауызсу сорғы станциясының күрделі жөндеуі. Облыс орталығында жаңа шағын аудандардың салынуына және тұрғын үй аумақтарының кеңеюіне байланысты көпсалалы аурухана жағындағысорғыстанциясының қуатын арттыру қажетсінеді.
Осыған орай, 2023 жылы сорғы станциясына күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға «Қазақмыс» корпорациясы 273 млн. теңге бөледі. Жөнделген сорғы іске қосылған кезде 91-92 орамдарды сумен жабдықтау мәселесі ойдағыдай шешіледі деп күтілуде. Ұлытау және Жаңаарқа аудандарының ауылдық елді мекендерінде 2023-2025 жылдары жергілікті бюджет қаржысына блок-модульді сумен жабдықтау кешендері орнатылады. Сондай-ақ, Сәтбаев қаласындағы кәріздік-тазарту қондырғыларын қайта құру, 66-74-орамдарында су бұру желілерін салу, Жезқазғандағы кәріздік-тазарту қондырғыларын, Кеңгір ауылындағы су бұру жүйесін, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіндегі кәріз желілерін, Жаңаарқа ауданының Ақтүбек ауылындағы су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары да 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылмақшы. Бұл жобаларға да республикалық және жергілікті бюджеттен тиісті қаржы көлемі қарастырылған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жезқазған қаласының жылу желілерін қайта құру мен жаңғыртудың 2-кезеңіне алдағы жылы 2,3 млрд. теңге қаржы бөлініп, жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Осы бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 268,1 млн. теңге қаржыға биыл Жаңаарқа ауданының Орынбай ауылында су құбыры желісінің құрылысы жүргізілуде. Жезқазғанның қалаішілік су құбыры желілерін қайта құрудың бірінші кезеңіне 2023 жылы жергілікті бюджеттен 314,3 млн. теңге, екінші кезеңіне 2023-2024 жылдары 714 млн. теңге, үшінші кезеңінің жұмысына 2023 жылы 233,1 млн. теңге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінбек. Сонымен қатар, тұрмыстық және ауызсу шаруашылығын қайта құру мен тазарту қондырғыларын жаңғыртудың екінші және үшінші кезеңдері 5,7 млрд. теңге республикалық, 964,4 млн. теңге көлеміндежергілікті бюджеттен қаржыландыратын болады. Бұл бағдарлама аясында Сәтбаев қаласы бойынша 2023 жылы республикалық бюджеттің 826 млн. теңге қаржысына№8 ықшам ауданның кәріз-шаруашылығы ғимаратына дейін коллектор салу, 2024 жылы 500 млн. теңге бөлініп жеке тұрғын үй құрылыстарына кәріз желілерін тарту жұмыстары атқарылады. Басқа да біршама жобалар бар. Электрмен және газбен жабдықтауға қатысты жұмыстарға да республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлу жоспарланған. Жәйрем кенті мен Қаражал қаласында газбен жабдықтау желілерін, Жәйремде автоматтандырылған газ тарату станциясы мен газ-бұру құбырын салу, Сәтбаев қаласы тармағы арқылы Кеңгір ауылына дейін газ құбырын тарту жұмыстары келесі жылға жоспарланған. «Жезқазған» автоматтандырылған газ тарату станциясынан қалаға газ тарату желісінің құрылысы 2023- 2025 жылдары жүргізіліп, 3500 үй газбен жабдықталады. Одан соң Сәтбаев қаласына да газ тартылады. Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде автоматтандырылған газ тарату станциясы мен газ құбырын бұру желілері салынатын болады. Мұның барлығына республикалық және жергілікті бюджеттен тиісті қаржы көздері белгіленген. Алдағы жылдарда облыста тұрғын үй құрылысын дамыту бағытында да ауқымды істер қолға алынады. Жекелеген дәрежедегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді кешенді шешу әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бүгінде облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 6044 адам бар. Осыған орай халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін пәтерлер сатып алу қарастырылмақшы.
Жезқазған қаласында жыл сайын 100 пәтерге дейін сатып алу үшін республикалық бюджеттен 2023 жылы 432 млн. теңге, 2024-2026-да жылына 960 млн. теңгеден қаржы бөлу жоспарланған. Облыста жалға берілетін және несиелік 762 пәтерлік 16 үй, Жезқазғанда 972 пәтерлік 11 үй салынады. Қаражал қаласында 3 жалдамалы үй қайта жаңғыртылып, қатарға қосылмақ және даму әлеуеті төмен моноқала тұрғындарына арналған жеңілдікпен несие беру қарастырылады. «Қазақмыс» корпорациясы да тұрғын үй салуға ниеттеніп отыр. Республикадан бөлінетін 8,5 млрд. теңге қаржыға Жезқазған қаласында бес қабатты әкімшілік ғимаратын салу жобасы да бар екен.
Бүгінде Мемлекет басшысы алға қойған елімізді жаңару бағытындағы жарқын істер қатарында халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайын жақсартуға айрықша көңіл бөлінуде. Жаңадан құрылған Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары да осы мақсатта қабылданғаны анық. Үкіметтің қолдауымен енді міне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйелерін жаңартып алуға қолайлы жағдай туып отыр. «Қалауын тапса қар жанады» демекші, осы берілген зор мүмкіндіктерді іскерлікпен, тиімді пайдалана білсек, негізгі түйінді мәселелер түгелге жуық шешімін табуға тиіс деп үміттенеміз.
Амандық РАХҰЛЫ.