«Қазақмыстың» минералды-шикізаттық базасын толықтырып, кеңейту – «KazakhmysBarlau» компаниясына жүктелген басты міндеттердің бірі. Геологиялық барлау саласындағы заманауи технологиялар және компанияның ресурстық қорын кеңейтіп, ауқымды жобаларды іске асыруға арналған тың әдістер жайлы «KazakhmysBarlau» компаниясының Бас директоры Ғалым НҰРЖАНОВ сұхбат берді.
– Ғалым Жұмабайұлы, осыдан тура 4 жыл бұрын «Қазақмыс» компаниясының минералды-шикізаттық базасын толықтырып, кеңейту мақсатында «KazakhmysBarlau» геологиялық барлау компаниясы құрылды. Осы уақыт аралығында біздің кен ошақтарымыздың қоры қаншалықты өсті? Барлық жоспарларыңыз бен жобаларыңыз жүзеге асты ма?
– «KazakhmysBarlau» мақсатты түрде нақ «Казақмыстың» геологиялық барлау аумағын кеңейту үшін құрылды. Барлық өндірістік нысандарымыз моноқалалардың төңірегінде шоғырланған: ол Балқаш, Жезқазган, Сәтбаев, Теміртау және Қарқаралы қаласы. Әуелі біз құрылатын нысандарымыздың маңындағы барлық тарихи материалдарды зерттеп, сараптадық, содан соң бірден іске кірістік. Жалпы «Қазақмыста» ғана емес, Қазақстандағы барлық ірі компанияларда, дүниежүзілік трансұлттық компанияларда минералды-шикізат қоры азайып барады. Сондықтан олардың бәрі де қорларын молайтуға тырысып жатыр. «KazakhmysBarlau» аясында біз жоғары білікті мамандарды топтастырып, бірнеше аймақтағы минерал қорын ұлғайттық. Мәселен, Жыланды, Саяқ тобы мен Жезқазған маңында 830 мың тонна мыс табылды, бұл шамамен 100 млн. тонналық кен ошағы. Қазір біз биылғы жылдың қорытындысын жасап жатырмыз. Дайын болғанда геологиялық есепті біздің тау-кен өндірісіне береміз. Ал олар өз кезегінде оны алдағы жылдардағы кен өндіру жоспарына қосады. Өздеріңіз білетіндей, қазір біздің компаниялар тобы жаңа кен байыту фабрикаларын салуды жоспарлап отыр. Ал ресурс көп болса, олар да өңдеу қорын арттыра береді. Бұл – Ұлытау, Қарағанды облыстары үшін үлкен мүмкіндік. Жаңа жұмыс орындары ашылады, экономикалық және саяси серпін береді. «Қазақмыс» жергілікті билік пен халыққа көмектесуге әрдайым басымдық береді.
– Бұл шынымен маңызды жоба екен. Ал,«KazakhmysBarlau» қазір қандай жобалармен айналысып жатыр? Жобалап айтқанда, қай өңірлерде және қанша жаңа кен орындары ашылуы мүмкін? Және холдинг геологиялық барлау жұмыстарына қанша қаражат жұмсайды?
– Алдыңғы жылы бізде 14 жоба, ал қазіргі таңда 29 жоба іске асырып жатырмыз. Бәрі – біздің өнеркәсіптік нысандардың төңірегінде. Біз іздеу аумағын кеңейтіп жатырмыз. Бұрын экспедициялық барлау таулы тармақта жұмыс істесе, қазір негізгі өнеркәсіптік нысаннан 100- 150 шақырым қашықтыққа алыстадық. Кеңінен де, тереңінен де іздеп жатырмыз. Жылына геологиялық барлау жұмыстарына холдинг 30 млн доллар бөледі. Жылына 120 000 есепті метр бұрғылаймыз. Ол нысандарда камералдық жұмыс, толық құжаттама жүргізіледі. Қазір екі жақсы нысанды дайындап жатырмыз. Ол – Ұлытау және Қарағанды облыстарында. Жыл соңына дейін есебін шығарамыз және ол халықаралық KAZRC стандартына сай болмақ. Саяқ төңірегінде өндіріс көлемі кеміп қалды. Бірақ біз небары 2 жыл ішінде «Шығыс Тастау» атты нысанды тапсырмақпыз. Оны кезінде эксплобарлау қызметі байқамаған. Ол аумақта шамамен 7 тонналық алтын-кен ошағы бар. Саяқ тобы үшін ең басты проблема мышьяк болатын. Бірақ біз оған ерекше ден қойып зерттедік. Себебі өңдеу кезінде мышьяктың мөлшері шамамен 2% болады деп күтіп едік. Бірақ іс жүзінде ол 1 проценттен де төмен болып шықты. Бұл тамаша көрсеткіш. Зерттеу жұмыстарын толық аяқтап біз бұл нысанды да кеншілерге береміз. Ал олар өндіріске дайындайды. Мұндай нәтижеге қалай жетеміз деп сұрасаңыз, біз аэрогеофизиканы, жерүсті геофизикасын, 3D сейсмиканы пайдаланамыз. Жоғарыда аталған нысан «соқыр» аймақта қалған болатын. Біздің геологтарымыз тәулік бойы бел шешпей жылына 365 күн далада жүреді. Бұрын геологтар қазанда, маусымды аяқтаса, біз жұмысты жалғастыра береміз, тоқтамай жұмыс істейміз.
– Жақында «Қазақмыс Холдингі» 35 миллиард теңге инвестиция құйғалы отырған Ұлытау облысының әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды. «Қазақмыс» директорлар кеңесінің төрағасының айтуынша, ол қаражат негізінен қорларды толықтырып, өндірісті дамытуға жұмсалады. Аты аңызға айналған ғалым Қаныш Сәтбаев екінші Жезқазғанның мүмкіндіктері туралы айтып кеткен болатын. Ол жайлы сіз де талай айтқаныңызды білемін. Өзіңіз де сол өңірдің тумасысыз. Сондықтан Ұлытау мен Жезқазған аумағының геологиялық барлау мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз?
– Жезқазған өңірі бұрыннан кенге бай, болашағы зор аймақ болып саналады. Біз соңғы үш жыл бойы Жезқазған, Жыланды тобы маңайында, Қарсақбай аймағында, сондай-ақ еліміздің солтүстік-батыс аумағында жұмыс істеп жатырмыз. Кешендік шаралар мен аэрогеофизикасын, жерүсті геофизикасын жасап қойдық. Биыл 12 000 есепті метр жерді бұрғыладық. Екі аймақты белгілеп, тереңірек зерттеп жатырмыз. Сараптамалық жұмыстар аяқталғанда үлкен кешенді бұрғылау жұмыстарын бастаймыз. Аэрогеофизикалық түсірілімдер тереңде жақсы қоспаларды тапты. Сондықтан біз екінші Жезқазғанның барына сенеміз және мүмкіндікті жоғалтпаймыз. Себебі технологиялар бәрін көріп, анықтауға көмектеседі. Біздің геолог бабаларымыздың айтқаны дәл келетініне мен сенемін.
– «KazakhmysBarlau» жаңа технологияларды қолдану жағынан үнемі таңғалдырады. Мұнда заманауи тікұшақтар да, инновациялық құрылғылар да бар. Сондай-ақ компанияңыз геологиялық барлау ісінде Қазақстанда көшбасшы болуға ұмтылып жатыр. Бұл тұрғыда қандай жаңалықтарыңыз бар? Техника паркі тағы кеңейді ме?
– Көпшілікке түсінікті тілмен түсіндіріп көрейін. Бізде көліктің жаңа моделі шықса бәрі сатып алғысы келеді. Неге? Себебі ол бұрынғыларынан ыңғайлы, жүйрік, жайлырақ. Сондықтан біз де қалыспаймыз. Геофизикада әр 6 ай сайын құрылғылар жаңарып отырады. Біз қазір Канаданың MobileMT, Қарағанды облысында TargetEM технологияларын қолданамыз, айтпақшы, бұл жаңа әдіс. Бұл технология Канадада тәжірибе үшін ғана, ал өндіріс циклінде алғаш рет Қазақстанда ғылыми зерттеулер үшін қолданылған. Бұл технология Қазақстанда алғаш рет қолданылып отыр деп сенімді түрде айтамыз. Олар оны Австралияда қолданып үлгермеді. Қазір барлық әзірлеушілер осы түсірілімдердің нәтижесін күтуде, біз де, бізге сенген серіктестеріміз де күтудеміз. Жаңа технологиялар – бұл геофизиканың оқу уақытын қысқартады, әуедегі геофизика тікұшақпен немесе ұшақпен сіз жердегі техникамен бір ай уақыт аралған аумақты бір күнде бақылап шыға алады. Деректерді алу үшін бұрын өңдеуге бір ай қажет болса, қазір өңдеуді сол күні жасаймыз. Біз түсірілімнен кейін деректерді алып, ақпаратты спутниктік байланыс арқылы Астанаға жібереміз, өңдеушілер оны өңдейді. Бұл өте тиімді, мысалы біз Австралияда түсірілімде жүргенде де осы жерден ақпарат алып отырдық. Бұл – осы бағытта жұмыс істейтін халықаралық технология. – Жақында Qazaq Geophysics аэрогеофизикалық компаниясының геологтарын Австралияда зерттеулер жүргізуге шақырды. Сіз онда бақылаушы Кеңестің төрағасысыз. Одан бөлек, біздің геологтардың тәжірибесіне Грузиялық әріптестер де қызығушылық танытыпты. Осы жайлы толығырақ айтыңызшы. Qazaq Geophysics-ті енді халықаралық компания деп атауға бола ма?
– Біз алдымен Орталық Азияда жұмыс істеуді жоспарладық, біздің мамандар бұл ретте өте жақсы дайындықтан өтті. Сол тұста Австралияда конкурс жарияланды, біз құжаттарды тапсырдық және қуаныштысы шынымен конкурстан өттік. Бірінші сұралған нәрсе технологиялар, екіншісі біздің мүмкіндіктеріміз, үшінші ең бастысы – мамандар. Олар тек түйіндемені ғана емес, жұмыс тәжірибесін, қандай нысандарда жұмыс істегенін, еңбек өтілі мен біліктілігін де талап етеді. Біз өз жұмысымызды жақсы орындадық, бізге алғыс хаттар берді. Қазір бізде өңдеу жүріп жатыр, Қазақстанның арқасында олар жақсы нысанға ие болады деп сенемін. Жақында Грузияда болдық, олар да өте қызығушылық танытты. Оларда да бізде сияқты жер қойнауы туралы жаңа кодекс қабылданған, лицензия бере бастады және инвесторлар ағыны қазір жүріп жатыр. Грузияның ұлттық минералдық ресурстар агенттігі қазір мемлекет немесе үлкен инвесторлар есебінен Грузияда аэрогеофизика жүргізуге пейілді. Біз өз мамандарымыздың өскенін қалаймыз, Рио Тинто сияқты әлемдік компаниялармен тәжірибе алмасудамыз, канадалық компаниямен келісім бар. Біз мамандарымыздың кәсіби түрде өсуіне ғана емес, ағылшын тілін де жақсы деңгейде игеріп шығуларына үлкен мән береміз, біз оларды барлық жағынан қолдаймыз. Біздің компанияда ең маңызды құндылық – кадрлар. Егер ақша болса, жабдықты, тікұшақтарды, бұрғылау машиналарын сатып алуға болады, бірақ адамдарды сатып ала алмаймыз. Біз қазір университеттермен, колледждермен жұмыс істеп жатырмыз, көздері ұшқын атып тұрған студенттерден жаңа кадрларды жасақтау үшін біз оларды бірден өндіріске жібереміз. Біз суденттерді төртінші жыл қатарынан ақылы өндірістік тәжірибеденөткізіпкелеміз. Биыл 8 сағат бойы толыққанды жұмыс істеген компаниялар арасында рекорд орнаттық, студенттер кем дегенде 230-250 мың теңге алды.
– Әлбетте, компанияның кез келген табысы – білікті кадрлардың арқасы. «KazakhmysBarlau» оқу орындарына геологиялық саланың мамандарын даярлауға көмектесеме? «Kazakhmys Barlau» кадрлық саясаты қандай?
– Иә, біздің кадрлар бірінші орында. Университеттерден келген көптеген кадрлардың көбі алаңды көрмеген, көбісі дайын емес. Және оларды қайта даярлау керек. Компанияда учаскелік геологтан бастап әр түрлі объектілерге үнемі қосылатын жұмыс тобы құрылды. Біз жыл сайын университеттерден және колледжден жас балаларды қабылдаймыз, оларға сабақ береміз, бізде тәлімгерлік жобалар бар, онда тәлімгер студенттерді әрдайым қадағалап отырады және ай сайын, тоқсан сайын маманның қабілеті туралы есеп береді. Содан кейін біз әртүрлі тренингтер мен курстар өткіземіз. Kazakhmys Barlau халықаралық стандарттар бойынша жаңа ұрпақтарды даярлаумен айналысады. Қазір біз осындай халықаралық тәсілді талап ететін компаниялармен жұмыс істейміз. Сырттан келген көптеген мамандар жаңа сынаққа дайын емес. Сондай-ақ, учаскелерде тренингтер өтеді, серіктестер технологиялар бойынша шығады, учаскелерде қауіпсіздік техникасы бойынша біздің мамандар қосымша оқыту жүргізеді. Біз әрқашан мамандарымыздың халықаралық стандартты қабылдауына тырысамыз, бұл ертең кез келген уақытта ірі шетелдік компаниялар шақырса, олар жаңа ұжымға қосылып үлгеруі үшін керек қадам.
– Сіз Жезқазған Геологиялық кластерін құру туралы бірнеше рет бастама көтердіңіз. Бұл процесс қазір қалай жүріп жатқаны жайлы айтып берсеңіз. Бұл қаншалықты маңызды, бұл жобаның қандай артықшылықтары бар?
– Жезқазған кластері қалай пайда болғанын айтқым келеді. «Жезқазғангеологияның» өзі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың қолымен жасалған Жезқазған маңындағы Экспедиция кентінде орналасқан, бұл КСРО-ның алғашқы экспедицияларының бірі. Бұл – геологтардың қарашаңырағы. Біз геологиялық кластер құру туралы ойлаған кезде, оны қайда салуға болады деген тұрғыда көптеген ұсыныстар болды. Бірақ ол біреудің жекеменшігінде болғандықтан, мен Жезқазған геологиясын сатып алу керек деп шештім. Ол бұған дейін әртүрлі бағыттар бойынша пайдаланылды, біреу өндірістік база жасады, біреу қойма жасады. Бірақ бұл геологтардың қарашаңырағы болғандықтан, оны тағдырдың тәлкегіне тастауға болмайтын еді, керісінше оны қалпына келтіру керек болды. Біз бұл ойымызды акционерлерге айттық, оларға үлкен рахмет, біздің геологтардың бұл идеясын қолдады. Және біз оны сатып алдық. Қазір геология ғылымының тарихын сақтау үшін мұражайды қамтитын геологиялық кластер салып жатырмыз. Онда кадрларды даярлау орталығы болады, егер біз Канададан немесе Мәскеуден бірнеше тақырыпта дәріс оқуға дайын профессорды шақырсақ, біз хабарландыру береміз, олар алдын ала жазылады және бізбен жұмыс істемесе де, дәрістерді тыңдауға келе алады. Біздің мақсатымыз Жезқазған және Қарағанды өңірлеріне ғана көмектесу емес, атап айтқанда, барлық жас геологтарымызға көмектесу үшін университетті бітірген жас мамандарымыз үшін, кампус түріндегі жатақхана да болады, сондай-ақ, ALS халықаралық компаниясымен керн қоймасын дайындаудан басқа, біз онда керн қоймасын басқаруды жоспарлап отырмыз, олар бізге оқыту зертханасын жасады. Біз ай сайын 11 000 сынама дайындағымыз келеді. Біз қазір Жезқазғанда, Қарағандыда және Балқашта керн қоймаларын салып жатырмыз. Жалпы, бізде 486 000 сызықтық метрге арналған негізгі қойма болады. Тіпті ТМД-да мұндай керн қоймалары болмаған. Менің ең бастысы мақсатым – жұмысшыларға жағдай жасау, содан кейін олардан талап ету.
– Жалпы, Қазақстанның геологиялық саласының келешегі қандай? Кей мамандардың еліміздегі мыс қоры шектеулі деген пессимистік сөздері жайлы не дейсіз?
– Мен өте позитивті адаммын және бұл сөздермен келіспеймін. Қазір жер қойнауы туралы кодекске өзгертулер енгізілген, сондықтан біздің елде юниорлық компаниялар пайда болды. Олар даму сатысында болса да қазір геологиялық қызметті құрды, бірақ бұл жақсы ақша табу деп ойлаймын. Сұраныс осы жерде артты. Мысалы, 1-2 миллион доллары бар кез келген кіші компания нысанды тауып, біз сияқты ірі компанияларға сатқысы келеді. Инвестициялар тек сыртқы ғана емес, толық ішкі көлемде де жүзеге аса бастады. Мен Қазақстанның өте бай мемлекет екенін білемін. Барлауға инвестиция салу, жаңа нысандар салу, технологияларды таңдау керек, елімізде мыс қоры шектеулі дегенге келіспеймін.
– Ғалым Жұмабайұлы, сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Кәусәр ТАЛАПҚЫЗЫ.
Астана.