Бәтима жастайынан өнерді сүйіп өсті. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын жас қыз мектептің көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болды. Мың бұрала билеп, ара-тұра ән де айтатын. «Өскенде әртіс болам» деген оның сөзін ата-анасы балалық қызығушылық болар деп, онша мән бере қоймайтын. Бірақ табанды қыз осы мақсатына жету үшін сол кездегі Жезқазған мәдени-ағарту училищесінің хореография бөліміне оқуға түсіп, 1992 жылы ойдағыдай бітіріп шығады.
Көңілі көк дөнендей жүйткіген арманшыл қыз Торғай облысы жабылған соң Жезқазғанға қоныс аударғанына көп бола қоймаған С.Қожамқұлов театрының спектакльдеріне жиі келіп, әр қойылымнан үлкен әсерге бөленіп шығатын. Осындай күндердің бірінде жүрек түпкіріндегі осы асыл арманын көңілі жақын актриса Асылзада Ахметқалиевамен бөлісті. Асылзада әртіс болу оңай еместігін, ол үшін бойда талант, жүректе оған деген ыстық махаббат, талмас талап пен қажымас еңбек керектігін айтып, көркемсөз, этюд дайындап келіп, сынақтан өтуге кеңес берді . Сынақтан өтетін күн де келді. Көңілі күпті, жүрегі қобалжулы Бәтима театр табалдырығынан жүрексіне аттады. Дегенмен, театрдың сол кездегі көркемдік жетекшісі, әрі бас режиссері Жанат Хаджиев бастаған мәртебелі мамандық иелері өзін жылы қабылдады. Дайындап келгендерін мұқият тыңдап, оң пікірлерін білдірді. Талапты қыздың бойынан өнерге құштарлық ұшқынын байқаған сынақ мүшелері Бәтиманы театрға қабылдауды бірауыздан мақұлдады. Осылайша 1993 жылдың мамыр айында Бәтиманың көптен күткен арманы орындалып, актриса атанды. Алғашқы рөлі «Лоторея билеті немесе бақыттың бәсі» спектакліндегі кішкентай эпизодтық рөл болды. Соның өзі жүрегіне қуаныш ұялатып, қиялына қанат бітірді. Ал Д. Исабековтің «Әпкесіндегі» – Гауһар бейнесін сомдаған күні өзін сахнаның кәнігі шеберіндей сезінгені де рас. Содан бері отыз жылға жуық уақыт сырғып өте шығыпты. Театр табалдырығынан имене аттаған сол кешегі ұяң қыз бүгінде Серағаң театрының белді актрисаларының бірі. Әрине, еншісіне бірден үлкен рөлдер тие қойған жоқ. Алғашқыда көпшілік сахна, эпизодтық рөлдерде ойнады. Әріптестерінен үйрене жүріп өзін-өзі жетілдірді, тәжірибе жинақтады. Ізденгені ізсіз кетпей, негізгі және басты рөлдерді ойнауға қол жеткізді. Өнердегі өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра жүріп, ауыз толтырып айтарлық қомақты-қомақты рөлдерді сомдауға кірісті. Мәселен, Е. Домбайдың «Ғашықтық туралы балладасындағы» – Нүрия, С. Оспановтың «Мұңлық – Зарлығындағы» – мыстан, О. Бөкейдің «Атау кересіндегі» – Марфа, С. Жүнісовтің «Жаралы гүлдеріндегі» – Гүлсім, Е. Төлеубайдың «Таланған тағдырындағы» – Майра, К. Жұмабековтың «Әйел махаббатындағы» – Бәтима, К. Ахметовтің «Құданың өзі, құдайдың «көзі» келгендесіндегі» – Кәпия, Ф. Буляковтың «Күйеуге шыққан кемпірлеріндегі» – Сәлима, М. Хасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар-айдағы» – Ғазиза, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы» – Күнікей, К. Ахметовтың «Шырға алаңындағы» – Индира, С. Тұрғынбекұлының «Кейкі батырында» – Кейкінің анасы, Р. Ибраеваның «Қадір таңындағы» – Әсия, А. Коровкиннің «Тәтелеріндегі» – Роза және т. б. спектакльдердегі әралуан мінез-кейіптегі бітім-болмысы бөлекбөлек образдар Бәтиманың сомдауында шынайылығымен ерекшеленеді. Сондай сәтті сомдалған образдарының бірі – С. Жүнісовтың «Жаралы гүлдеріндегі» орыс тілі пәнінің оқытушысы, неміс Таурид Эмма Ивановнаның бейнесі. 2010 жылы Тараз қаласында өткен ХVІІІ Республикалық театрлар фестивалінде осы образды сомдаудағы актриса шеберлігі сыншылар тарапынан аталып өтілген еді. Қарымды қаламгер Д. Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» спектакліндегі Зейнеп бейнесі де Бәтиманың шырайын шығара сомдаған образдарының бірі. Қойылымда бір-бірін танымайтын екі жанның өмірлік жолдары ойда-жоқта ескі үйде түйіседі. Бір жағында ұзақ жыл шет жүріп, жырақ қонған, аңсаған туған жері, сүйікті қаласына ұзақ жылдардан кейін кездейсоқ жолы түскен Айтөре болса, екінші жағында балалары жан-жаққа кетіп, ескі үйде соқа басы қалып, жалғыздық күйін кешкен Зейнеп. Айтөре образын Бәтиманың өмірдегі, өнердегі серігі ҚР Мәдениет қайраткері Бақытжан Ибраев сомдады. Бақытжанның Айтөресі өмірден көрген-түйгені мол, талайлы тағдырында қуаныш пен қайғыны да бір адамдай басынан кешірген, солай бола тұра қайғыға беріліп, сынбаған жан. Бәтиманың Зейнебінің де бір басына жетерлік уайым-қайғысы мол. Кенжесі Ертайдың өмірден өз орнын таба алмауы, отбасындағы кикілжің, ауқатты құда-жекжаттың астамшылық іс-әрекеттері ана жүрегіне қатты батады. Айтөре мен Зейнепті жақындастырып, араларында жылулық орнатқан да тағдырларының осы бір ұқсастығы болар. Актриса кейіпкерін рухани тұрғыдан жалғыздыққа ұшыраған жан ретінде бейнелейді. Спектакльдің өн бойынан баласының тағдырына алаң ананың жан дүниесінің толқынысы мен ширығуын, Айтөремен кездескендегі жүрегін шарпыған жылулық пен сезім пернесінің дірілін актрисаның дәл тауып, дөп басуы айқын аңғарылады. Жазушы-драматург Лидия Егембердиеваның «Көресіңді көрмей…» спектаклінде Бәтима Ақдидар бейнесін сомдады. Тың және тыңайған жерді игеру кезінде жазықсыз жалаға ұшырап, сол кездің солақай саясатының құрбаны болған жарыӨмірсерік сотталып кетеді. Тағдырдың басқа салғанын қайыспай көтерген Ақдидар екі баласын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсіреді. Енді жақсылыққа жеттім бе деген шақта басқа емес, қолындағы келінінен қиянат көреді. От жаққан ұясынан қуылып, қаладағы үлкен баласының қолына кетуге мәжбүр болған көңілі жүдеу, жүзі пәс мұңлы жан ойда-жоқта жас күнінде көз жазып қалған жарына кездеседі.
«Өлгені тіріліп, өшкені жанған» жандар өмірлерінің көбі кетіп, азы қалған шақтарында бастары бір шаңырақтың астында қайта түйісіп, бала-шағасымен қауышады. Ақдидар ананың тауқыметті тағдырын өмірдің өзіндей өрнектей алған актрисаның шеберлігіне көрермен шын тәнті болды. Ал Э. Шмиттің «Екі дүние ортасындағы мейманхана» (аудармасын жасаған актриса Р. Ибраева) спектакліне өлім мен өмір арасында жатқан жандардың тағдыры арқау болған. Мұнда Бәтима қарапайым еден жуушы әйел Мари бейнесін сомдады. Бар өмірін сүйікті қыздарына арнаған қарапайым, жаны жайсаң әйелдің бар қолынан келері – еден жуу, шаң сүрту. Шаршауды білмейтін Маридің қимылы қандай шапшаң болса, аузы да солай тез қимылдайды. Арманы – тағдыр екінші өмір сыйласа, философ болу. Бірақ ол арманы енді ешқашан орындалмайды, өйткені жеделсаты оны жоғарыға алып кетті. Өмірден еш қызық көрмеген, тек еңбек еткен жанның тағдыры көрермен жүрегінде аяныш сезімін тудырады. «Тағдыр неге Мари сияқты жүрегі адал, жаны таза жанға екінші өмір сыйламады? Неге президент Дельбек сияқты жаны жамандық пен аярлыққа толылардың жолы бола береді?», – деген ауыр ой әркімнің жүрегін мазалағаны анық. Бәтиманың өнерге арнаған отыз жылдық ғұмырында еселі еңбегі түрлі дәрежедегі марапаттармен айшықталды. Мәселен, 2011, 2019 жылдары Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының «Жыл артисі» номинациясын иеленді. Бұдан кейінгі жылдары Қазақстан Театр қайраткерлері одағының, Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, 2021 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хатына ие болды. Ал биылғы жылы Республика күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Еңбегінің жемісін көрді деген – осы. «Х ас сұлудың көз жасындай» саф өнерге өмірін арнап, талмай еңбек етіп келе жатқан актриса Бәтима Әлкенованың өнерге бергенінен берері көп. Әлі де талай биік шыңдардан көрініп, ауыз толтырып айтарлықтай сом тұлғалы кейіпкерлері арқылы көрермен көпті қуанта берері сөзсіз. Оған сенім мол.
Үмітай МОЛДАБЕРГЕН, театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі.