Метрология станциясында жұмыс істейтін апай демалысқа шықты ма, анығын білмеймін, оның орнына жеңгем тұрды. Жұмыс болғанда, тасыған судың жылдамдығын, көлемін, құрамын тағы сол сияқты сан-сапалақ көрсеткішті анықтап, қағазға түсіру.
Жұмыстан кеткен жаңағы апайдың қорасының үстінде бір қайық жатушы еді, алғашқы қызыл су жүргенде сол қайықты ауылдан екі-үш шақырым жердегі орнына жеткіздік. Өмірі қайыққа отырып көрмеген біз өзеннің жағасымен, қайықтан қалыспай, мәз-мәйрам болып жарысып бардық. Өзеннің екі жағалауына орнатылған бағанға жіңішке сымарқан тартып, соған шығыршықпен қайықтың тұмсығы тағы бір қысқа сымарқанмен бекітілді. Жағалауға немесе өзеннің кез келген жеріне тоқтап, жұмыс жасай береміз. Біз қайықты бекіткен күннің ертеңіне өзен арнасынан асып тасып берді. Біздің көктемгі каникул осы өзен тасыйтын уақытқа тура келеді. Арғы беттегі ауылдың адамдары қажет кезінде қайықпен өтеді. Жас келіншекті, қай қазақ тасып жатқан өзенді жағалатып, жұмысқа жегіп қойсын?! Адам тасу мектепті сол жылы бітіргелі отырған ағам екеуміздіңмойнымызда. Ағамды қайдам, мен үшін қайықпен ары-бері өткен өте қызық. Айтпақшы, қасымызда бір қазақ қызы болды. Жеңгеме жәрдемдесу үшін іссапармен келген бе, әлде тәлімгер-студент пе, ол жағын сұрамаппыз. Сұңғақ бойлы қара қыз сондай сүйкімді, көпшіл еді. Қашанда жымиып жүретін, арамдықтан ада екені жәудіреген жанарынан аңғарылып тұратын. Үнемі шалбарланып, үстіне күпәйке киіп алатын. Бір күні көршінің Асқар деген баласы ертеңгілік өзін ерте кетуді өтінді. Мен ағама қарадым. Ол басын изеді. Асқар кеткесін: «Оны неге ертеміз, суға құлап кетсе қайтеміз?» деп, қауіптің қара бұлтын төндірдім. Ағай:«Саспа, біз ерте тұрып кетеміз, мен білетін Асқар түспен таласып тұрады» деді. Ертеңіне біз кетіп бара жатсақ, арттан Асқар жүгіріп келді. «Ұйықтап, қалып қоя жаздадым, әрең үлгердім!» деп, мәз. Жағалауға жеткенде ірілі-ұсақты самсаған сең көзге түсті. Негізі су кешке қарай өзен арнасынан асып, қатты ағады, таңертеңгілік саябырлайды. Сеңнің жағалауда шөгіп жатқанына қарағанда, түнде суды сең буған сыңайлы. Қайықтың арты сеңге асылып қалыпты. Тұмсығын сымарқан тартып тұр. Асқар екеуміз бірдеңеден құр қалғандай қабаттасып қайыққа секіріп мінгенде, ол аударылып кетті. Мен екі қолыммен қайықтан ұстап қалыппын. Судан суырып алған ағам аударылып жатқан қайықтың үстіне отырғызды. Қарасам Асқарды су ағызып барады, енді ағай соған қарай ұмтылды. Бірақ, үлгермес еді. Себебі, аралық алшақтап кеткен. Сол сәтте күтпеген жағдай болды. Жағалауда жүрген қара қыз үстіндегі күпәйкесін шешіп тастап, Асқардың тұсынан суға секірді. Ол шап беріп қыздың мойнына жармасты. Білегін араға салып жіберіп, ананың құрсауынан құтылған бойжеткен үрейі ұшқан баланы сүйрей жөнелді. Сол кезде көмекке ағай да жетті. Мен қара қыздың қайраттылығына қайран қалдым. Ағай келіп демегенде, қыз күш алып Асқарды жағаға қарай лақтырды… Қалада тұрғанда көктемнің келген-кеткеніне көңіл аудармадық. Қазір ауылдамыз. Кейінгі кезде көктем келіп, су тасығанда осы бір көрініс еске түсетін болып жүр. «Сондағы қара қыз қазір қайда екен?» деп, ішімнен ойлап қоятыным да бар.
Қалдыбек ӘБИН,
«Қазақмыс» компаниясы теміржол саласының ардагері.
ҰЛЫТАУ ауданы,
ҚОСКӨЛ ауылы.