Халқымыз: «Ер қанаты – ат» деп бекер айтпаса керек. Мінсе көлігі, қиындықта алып шығар серігі болған қасиетті жылқы малының қадірін ата-бабамыз ерекше ұғына білген. Сондықтан оған арнайы ат әбзелдерін дайындап, оны безендіру жағынан кәсіби тұрғыда асқан шеберліктерімен көзге түскен.
Аттың жауырынын қажамас үшін ертоқым ыңғайлы болады деп ата-бабамыз оны түрлі тәсілдермен безендірген. Адамзат баласы жылқы малын қолға 5 мың жыл бұрын үйретті десек, ол кезеңдерде атқа салатын ертоқымның болмағаны анық. Тарихи деректерге сүйенсек, ертоқым, ат әбзелдерінің түрлері б.з.д. V-IV ғасырларда гүлденген Ботай мәдениеті тұсында бастау алады. Сол дәуірден бері қарай ертоқымның түрлері де біршама дамып, жаңа ғасырға жаңарған, безендірілген түрмен жетіп отыр. Қазақ халқы ат әбзелдерін, ертоқымды арнайы ұсталарға дайындатып, оның ыңғайлы болуына баса мән берген. Елімізде бұл көне кәсіпті көнертпей, бүгінге жеткізген ертоқымшылар санаулы болғанымен, баршылық. Біздің аймақта да ата кәсіпті қолға алып, ертоқым дайындау ісінде шеберлігімен көзге түсіп жүрген азаматтардың барын бірі білсе, бірі білмейді. Отыз бес жыл ертоқым жасау ісімен шұғылданатын Далабай Оспанов бұл кәсіпке жастайынан қызыққан. Далабай Нәбиұлына ұсталық үлкен әкесінен дарыған. Шебердің атасы Жекен ұста бүкіл ауыл аймаққа танымал ұста болған. Сонау өткен ғасырдың 30-жылдарында ыдыстарды, киіз үйді, қыз-келіншектердің әшекейлерін, тұрмысқа қажетті түрлі заттарды қолдан жасаған. Далабай Оспанов 1962 жылы Жаңаарқа өңірі, Қараағаш ауылында дүниеге келген. Туған жерде біраз жылдар бойы ауыл шаруашылығымен айналысқан. Ата кәсіпті 1987 жылдары қолға алған. Шебердің ата жолын қууға себепші болған жандардың бірі анасы. Содан бері атасынан қалған саймандарға жан бітіріп, қазақтың түрлі ертұрманын жаңғыртып, дәріптеп жүр. – Ат әбзелдерінің түрлерінің сан алуандығы ертедегі қазақтардың әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық жағдайымен тікелей байланысты болды. Ертоқым – салт атқа мініп жүруге лайықталған жабдықтардың бір түрі. Ертоқымды көне заман көшпелілері дамытқан өнер туындысының бірі деуге болады. Өйткені көшпелі тұрмыс, жорық, шабуыл – ат үстіндегі қимылдың барлығы ертоқым, тұрман-жабдықтарын тамаша толықтырған. Ат әбзелдерін жасау – шеберлікті талап ететін жұмыс. Ертоқымды жасау үшін шамамен кемінде 2 ай уақыт кетеді. Ердің алдынғы қасы, артқы қасы болады. Ол қарапайым ағаштан емес тек кептірілген қайың тамырынан жасалады. Бүгінде әке аманатын арқалап келе жатқан шебер қажетті ағаштарды өзінің туған жерінен алдыртады. Бір ертоқымды жасау үшін бүкіл ағаштың тамыры қажет. Ал оны кептіру үшін бір жыл уақыт кетеді. Егер ол дұрыс кеппесе жарықтар пайда болады, – дейді шебер. Ертоқымға түрлі ою өрнектер салып, оны сүйекпен, асыл тастармен немесе күміспен безендіреді.
Ат әбзелдерін – жүген, үзенгі, айыл-тартпаларды да өзі қолдан жасайды. Бабалардың қолөнер мұрасын жаңғыртып келе жатқан шебер бүгінгі танда 50 ертоқым жасап үлгерген. Өнімге сұраныс бар. Ұстаның қолынан шыққан ер-тұрманға еліміздің алыс, жақын аймақтарынан арнайы тапсырыс берушілер жетерлік. Қазақ халқының ұлттық бұйымдарын, аспаптарын қолдан жасап, қолөнер арқылы қазақ мәдениетіне еңбек сіңіріп келе жатқан ертоқым шебері Далабай Набиұлы отбасында жалғыз өнерлі жан емес. Үлкен ағасы елге танымал суретші, мүсінші ұстаз болған. Қазіргі таңда «Қазақмыс МэнтенансСервисиз» ЖШС тау-кен, шахта жабдықтары зауытында еңбек ететін Далабай Оспанов ер-тұрман жасауда хас шебер атанса, өндірісте озат маман. Далабай Нәбиұлы жұмыстан соң екі сағат тынығып алып, өзі үйінің ішінен арнайы жасақтаған шеберханасында ертоқым дайындап, оны безендіреді. Ертоқым, қосымша ат әбзелдерін дайындау үшін шеберханада түрлі жабдықтар қаз қатар тізіліп тұр. Ертоқым жасау үшін әуелі ағаш ойылып, бір пішінге келтіріледі. Оны шапашотпен жасайды. Шебердің қолында мұндай құралдың бірнеше түрі бар. Ал, атасынан қалған шапашотты Далабай Нәбиұлы ерекше қадірлейді. Өйткені, ол ұсталықты осы атасының шапашотымен бастаған болатын.
Шебердің бір әттеген-ай дейтін тұсы: «Санаулы ғана болса да қазір ертоқым жасушылар бар. Алайда біздің де жасымыз келіп қалды. Шама-шарқымыз, күш-қуатымыз тұрғанда осы кәсіпті жастарға үйретсек деймін. Алайда, бұған қызығушылық танытатын жастар мүлдем аз. Ер-тұрман дайындау сабырлық пен төзімділікті, ой жүйріктігін қажет етеді. Ендігі бір мақсатым – ер-тұрманшы кәсібіне бір шәкірт баулып кету. Немерелерім ер жеткенге дейін шәкіртімді үйретсем бір арманымның орындалғаны деп білемін. Немерелерім есейгесін солардың ішінен іске икемдісіне осы істі аманаттасам», – дейді Далабай Нәбиұлы. Отыз бес жыл ат әбзелдерін әзірлеу ісінде асқан шеберлігімен көзге түскен Далабай Нәбиұлы аймақтық, облыстық деңгейдегі форумдар мен фестивальдерге, түрлі қолөнер жәрмеңкелеріне қатысып келеді. Қазақ халқының төл өнерін сақтау, насихаттау және дамытуға қосқан үлесі үшін Далабай Оспанов жақында «Amanat» партиясы мен «Білім өркениеті» ұлттық инновациялық, саяси, ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның Құрметті азаматы» республикалық байқауына қатысып, жеңімпаз атанды.
Атадан балаға мирас болған кәсіпті жаңа ғасырға жаңаша түрлендіріп жеткізген Далабай Оспановқа бұл атақ халқымыздың ғасырлар бойғы қолөнерін насихаттап, бүгінгі жастарға үлгі болған өнегелі ісі үшін беріліп отыр. Хас шебердің қолынан шыққан төл туындылар бүгінде көптің көңілінен шығып, оң бағасын алуда.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.