Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасындағы бұл ұжымды тәжірибелі кен инженері Сәлімжан Стамқұлов басқарады. «Қазақмыс» құрылымында бес жылдай жұмыс істеп, ЖезУ-дің «Пайдалы кен қазбаларын игеру» факультетін сырттай бітірген ол бұдан жиырма жыл бұрын Анненск шахтасына шпур оқтайтын «ПМЗШ» машинасы жүргізушісі болып орталасты.
«КәсіпҚорған» кәсіподағы кеніштегі бастауыш буынның басшысы Манап Байдүйсенов пен телім басшысы Сәлімжан Стмақұлов
Содан шахта бастығына дейін сатылап өсті. Кейін №57 және №65 шахталарын басқарды. «Сарыоба» шахтасына соқпақ салып, «Жыланды» кенішін игерушілер қатарында болды. Тегеуірінді қимылы табыс белесіне бастаған №3 кен өндіру телімінің тізгінін ұстағанына бесінші жылға айналды.
Өндірістік жедел лездеме жарты сағатқа жетпей аяқталды. Сәкең алдымен бұған дейінгі ауысымда қалыптасқан жағдайды саралап, кезекті ауысымға келген жігіттер атқаратын жұмыс ауқымын айқындап, тиісті тапсырмасын берді. Сосын телімнің мердігерлері – дизельді көлік пен шпур аттырушылар өкілдерін қабылдап, белгіленген жұмыс көлемін талқылады, желіге шығатын техниканы жайғастырудың жайымен келісті.
Кен шебері Медет Қалқашев
– Биыл шілдеде бұл шахтаның қатарға қосылғанына 55 жыл толды. Осы өткен кезеңде еңбек жылнамасының небір жарқын беті жазылды. Кеніштің тағылымды тарихын жасайтын қарапайым кенші, бірнеше буынға жалғасқан жасампаз ұрпақ. Сол даңқты жылнама қажырлы кеншінің қайрат-күшімен жарасымды жалғасын тауып келеді, – деді, Сәлімжан Стамқұлов кеңседе оңаша қалған сәтте. Телім басшысы тарихты тамырлатқаны ұнап қалды. Айталық, сонау жетпісінші жылдары елде «мыңшылар қозғалысы» кең өріс алып, кенді өңірде ол бастамаға алғашқылар қатарында №57 шахтада Р.Расновскийдің бригадасы үн қосқаны есте. Оны Т. Танабаев, А. Әбдіраманов, А. Клюшенко, А. Құттыбаев басқарған бригада қызу қуаттады. Бригадир Н. Макаровтың есімі тіпті Одаққа танылды. «Мыңшылар қозғалысының» тура осы шахтада кеңінен өрістеуіне берік негіз бар еді.
Кен шебері Ерлан Бимағанбетов (ортада), бригада мүшелері (солдан оңға қарай): бұрғышы көмекшісі Асхат Өтеген, бригадир Қылышбек Қуатов, бұрғышы Жанболат Мейрамов пен Айтжан Әбілдин
Мұның алдында қатарға қосылған №55 шахтада бірқатар қуатты кен жабдығы сынақтан сәтті өтіп, жаңа шахта жаппай сондай жабдықпен жарақтандырылды. Сонымен қатар кен өндірудің тиімді тәсілін табу бағытында кең көлемді іргелі ізденіс өрістеді. Қозғалыстың солай соны сипат алуына жайлы жағдай жасалды. Кейінгі буын біле бермейтін ол қозғалыстың мәні – бригада тәулігіне бір мың тонна кен өндіру болатын. Сексенінші жылдары «мыңшылардың» жаңа легі жарыққа шықты. Ә. Тұрсынов, Қ. Жангелдинов, Т. Табысов сынды бригадирлер басқарған сайдың тасындай жігіттер «мыңдық» межеден де асып түсті. Тәулігіне 1500 тонна кен өндіруді қамтамасыз етті. Ал, қазір №3 телімдегі екі бригада тәулігіне 3,5 мың тоннадай кен өндіріп жүр. Иә, алдыңғы толқынның игі ісін кеншілердің кейінгі қатары сәтімен жалғастыруда.
Проходшылар бригадирі Құрмет Еденбаев.
Жаңа ғасырда кеніш қақпасын қағып, табалдырығын аттаған жастар арасында да келешегінен үміт күттіретіні жеткілікті. Мәселен, еңбек жолын бұдан он жылдай бұрын бастап, былтыр бір ұжымның тізгінін ұстаған бригадир Қылышбек Қуатов, 2016 жылы бұрғышыға көмекші болып келіп, өткен жылы өз бетінше жұмыс жүргізе бастаған бұрғышы Жанболат Мейрамов, алды – 11, кейінгісі 2 жыл істеп үлгерген бұрғышы көмекшілері Айтжан Әбділдин мен Асхат Өтеген шабытты еңбектің шалқар екпінімен шыңырауда шұрайлы шикізат өндіріп жүр. Шахтаға барып, шыңырауына қалай түспей кетесің, «Кәсіпқорған» кәсіподағы кеніштегі буынының басшысы Манап Байдүйсенов пен телім бастығы Сәлімжан Стамқұлов үшеуміз жер қойнауына тартып кеттік. Айтқан бұйымтайыңды ескерусіз қалдырмай, жеріне жеткізбей тынбайтын кәсіпком төрағасының тындырымды қызметі көңілден шығып жүр.
Өндірістік лездеме
Он сегіз жыл кен өндірісінің «отымен кіріп, күлімен шыққан» Мәкеңді бұдан екі жыл бұрын кеніш кеншілері кәсіподақтың басшылығына сайлаған. Ауысымдағы әріптестеріне баскөз болып жүрген кен шебері Ерлан Бимағамбетовпен забойда жолықтық. ЖезУ-ді бітіргесін еңбек жолын №73 шахтада бастаған ол үш жылдан кейін Шығыс Жезқазған кенішіне кен шебері болып ауысыпты. Ал, осы телімде жүргеніне тура он жыл болыпты. Биязы мінезді жігіттің байыпты әңгімесінен кеншілердің өнімді еңбек етуіне көлденең кедергі жоқтығын аңғардық. «Белгіленген тапсырма орындалады» деді, ол сенімді түрдеПроходкашылар кен көмбесіне соқпақ салып, іргелі кен дайындығымен айналысады. №11 проходкалау телімінің кен шебері Медет Қалқашевпен шахта шыңырауында жолықтық. «Телімде бірінен бірі өткен 3 бригада бар» дейді ол. Медет – ЖезУ-дің түлегі. «Жомарт» кенішінде кен шебері болған. Өндірістен қол үзбей жүріп екінші «экономист» мамандығын алғасын, материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінде инженер болып істеген. 2015 жылы осы телімге кен шебері болып ауысыпты.
Проходшылар бригадирі Құрмет Еденбаев
Телімдегі үш бригаданың бірін басқаратын Құрмет Еденбаевпен де тілдесудің сәті түсті. «Кеншілік кәсіппен айналысып келе жатқаныма – 18 жыл. Анненск кенішінде бұрғышының көмекшісі болып бастадым. №57 шахтаға ауысқаныма – 9 жыл. Бригадаға жетекшілік жасағаныма жетінші жылға айналып барады. Ұжымдағы тоғыз адам берілген тапсырманы ай сайын ойдағыдай орындап, кеншілердің кедергісіз жұмыс істеуіне септігімізді тигізудеміз» дейді білікті бригадир. Шығыс Жезқазған кенішіндегі 1659 адамның 616-сы №57 шахтадаеңбек етеді. Алға қойылған міндетті ойдағыдай орындаудың кепілі – барды байыппен бағалауға және соны шебер пайдалануға қабілетті кәсіпқой ұжым қалыптастыру екенін шахта басшылығы ешқашан естен шығарған емес. Биыл ай сайын тәп-тәуір өндірістік көрсеткішке жетіп келе жатқан олар жылды табысты қортындылайтынына сенімді.
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.