Заманымыздың заңғар жазушысы Мұқтар Әуезовтің 125 жылдығына орай және Серке театрының құрылғанына 50 жыл толуы қарсаңында театрда жазушының «Көксерек» әңгімесі бойынша қойылған спектакльдің премьерасы өтті. Спектакльдің ерекшелігі – қоюшы режиссер Константин Денискиннен бастап, пластика режиссері Софья Гуржиева, қоюшы режиссері Алена Грек, жарық суретшісі Софья Крылова – барлығы Ресейден арнайы шақырылған кәсіби мамандар.
ГИТИС-тің режиссерлік факультетін Ресей Федерациясының халық артисі Л. Е. Хейфецтің шеберханасында бітірген Константин Денискиннің айтуынша, «Көксерек» оның он бірінші қойған спектаклі екен. Ол: «Мен эксперимент жасауды жақсы көремін, маған көп жұмыс істеу және өзімнің мамандығымды ұдайы жетілдіріп отыру ұнайды», – дейді. Ендеше, сол экспериментінің бір көрінісі – Серке театры сахнасында дүниеге келген осы «Көксерек» спектаклі.
Спектакльдің жанры – фантасмагория. Фантасмагория дегеніміз не? ҚазКСР ғылым академиясы Тіл білімі институтының 1981 жылы жарық көрген Орысша-Қазақша сөздігінде «фантасмагория» сөзіне – фантастика, қиял, сандырақ, елес және ғажайып көріністер деген анықтама берілген екен. Демек, режиссерлік идея мен сахналық шешім спектакльде осы ұғымдар арқылы көрініс тапқан деуге болады.
Ұлы жазушының «Көксерек» әңгімесі бала кезімізден сүйіп оқыған, бәрімізге жақсы таныс шығарма. Шағын көлемге мол мағына сыйғызған бұл әңгіме әлем әдебиетіндегі үздік классикалық шығармалармен қатар тұра алатын, солармен деңгейлес философиялық туынды екені рас. Шығармада қасқыр күшігінің өсу, жетілу жайы, соған сәйкес жыртқыш аңда болатын мінез өзгешеліктерінің қалыптасу, өзгеру жолдары шынайы суреттелген.
Адам – қасқыр – қоршаған орта. Адам мен табиғат теңдігінің қатынас дәрежесі көрсетілген осы күрделі, өзекті мәселені режиссер К. Денискин спектакльде қаншалықты көрсете алды?
Ауыл адамдарының қасқыр апанын ойрандап, көзін ашпаған бөлтіріктерін өлтіріп, біреуін ала кетуі – үлкен трагедияның басы болды. Ауылға Құрмаштың әкесі (Мәдениет қайраткері Кенжетай Әбілдин) әкелген бөлтірік адамдар мен ауыл иттеріне үйренісіп кете алмады. Олар да қасқырдың күшігін жек көріп, көп жәбір көрсетеді. Бала Құрмаштан (арт. Нұрлыхан Файзиев) көрген жылулық пен жақсылық оның ішіне шемен болып қатқан ыза мен кек мұзын жібіте алмады. Табиғатына жат, еріксіздік торында өмір сүрген түз тағысының еркіндікке ұмтылуы, қолбала итке айнала алмауы жаратылыс заңы. Қанында бар осы қасиеттің нәтижесінде Көксерек ақыры сайын дала төсіндегі ұяластарына кетіп тынады.
Әрине, оның ұяластар тобына қосылуы, кейін сол топтың көсемі болуы оңайға түспейді: өмір мен өлім таразыға түскен үлкен күрес-тартыстың нәтижесінде жетеді. Ақырында мал мен адамға қырғидай тиер қатігез көкжалға айналады…
Ешқандай аяушылықты білмейтін түз тағысы өткен өмірінің елесін жадында қайта жаңғыртып, көз алдына елестетіп, осындай күйге түсуіне себепкер болған, көп қиянат көрсеткен адамдар мен иттерге деген өшпенділігі барған сайын арта түседі. Бұл ретте режиссердің кері айналдыру әдіс-тәсілін оңтайлы пайдаланғаны спектакльдің ажарын аша түсті. Аштан бұратылып, көзіне қан толып әбден есіріп алған Көксерек (арт. Мәди Сәденов) өзін жастайынан бағып, өсірген Құрмашқа да қарсы шауып, өлтіреді. Осылайша адамдардың табиғатқа, оның заңдылығына жасаған қиянаты ізсіз кетпеді: түз тағысы оған зұлымдықпен жауап берді, өзі де адам қолынан мерт болды.
Осы оқиғаның барлығы спектакльде ішінара автор аузымен (арт. Нұржан Бейісбеков) айтылып, іс-әрекет образды ой пластика тілімен, символдық мәнде беріліп, тақырып мазмұнын ашатын әуен мен жарық эффектілерімен астасып қойылым идеясын қанық бояумен айқын беруге ұласқан. Бұл ретте режиссермен қатар, пластика режиссері Софья Гуржиева, қоюшы суретші Алена Грек, жарық суретшісі Софья Крылованың артистермен жақсы жұмыс істегені көрініп тұр.
Спектакль соңындағы Құрмаштың әжесінің (арт. Ә. Бергенова) қарғысы озбырлық пен қаталдыққа деген қарғысы деп түсініуіміз керек. Яғни, қатігездік ізсіз кетпейді, оған жауап берер кез болады.
Қоюшы режиссері Константин Денискин былай дейді: «Көксерек» пьесасы бойынша жұмыс істеген кезде мені қатты толғандырған ең басты тақырып – адам қолында тәрбиеленген қасқырдың трагедиясы. Қасқыр шешуші таңдау алдында тұрды: еркін болу немесе бағыну. Мұндай таңдау адам алдында да жиі кездеседі». Режиссер мақсатына жетті, спектакльдің айтар ойы да – осы.
Осындайда ақын Қадыр Мырзалиевтің мына өлең жолдары ойға оралады: «Хайуанатқа жасалған қиянатың – адамзатқа жасалған опасыздық». Ендеше, табиғатты аялау, оны көздің қарашығындай сақтау – басты парызымыз екенін естен шығармауымыз керек.
Үмітай Молдаберген,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі.