Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ашық сот отырысында бейне-дыбыс жазбаны пайдалана отырып, 1995 жылы туған, білімі арнаулы орта, үйленген, жұмыс істемейтін, бұрын сотталмаған, Жезқазған қаласының тұрғыны Е. Қ.-ға қатысты қылмыстық істі және 1975 жылы туған, білімі арнаулы орта, ажырасқан, жұмыс істемейтін, бұрын сотталмаған, Сәтбаев қаласының тұрғыны Ө. Ә.-ге қатысты қылмыстық істі және 1982 жылы туған, білімі арнаулы орта, бойдақ, Сәтбаев қаласының тұрғыны Б. А.-ға қатысты қылмыстық істі қарай келіп анықтады: Сотталушы Е. Қ. арнаулы теологиялық діни білімі болмаса да интернет-сайттар арқылы қажетті ақпаратты іздестіре отырып, өз бетінше діни таным-түсінігін кеңейтуге бет бұрады. Сөйтіп Исламның дәстүрлі емес ағымын ұстанады. Сотталушы Е. Қ. 2018 жылдың қыркүйек айында Жезқазған қаласының төңірегінде терроризм актісін жүзеге асыру үшін лаңкестік топ құруды көздеген қылмыстық әрекет жасауға бекиді. Ол ресми діни қауымды, құқық қорғау мен арнаулы органдарды жеккөрушілікке бой ұрады.
Сотталушы Е. Қ. өзінің ойын жүзеге асыру үшін Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы дәстүрлі емес Исламның жолын қуған өз таныстарының ортасынан лаңкестік топқа қатысушыларды іздей бастайды. Мемлекеттік билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық жасау тұрғысындағы Е. Қ.-ның ойын қолдаған Сәтбаев қаласының тұрғыны Ө. Ә. түпкілікті ұйғарыммен 2018 жылдың қыркүйек айында лаңкестік топқа кіреді. Ол лаңкестік топтың қатысушысы бола тұрып, терроризм актісін жүзеге асыруға келісім береді және топтың жетекшісі Е. Қ.-ның барлық нұсқауын орындауға міндеттенеді. Лаңкестік топтың жетекшісі ретінде Е. Қ.-ға жаңа қатысушыларды іздеу, террористік актілерді жүзеге асыру талаптарына сай жоспарларды әзірлеу, қару-жарақты сатып алуға қажетті ақшалай қаржыны іздестіру міндеттері жүктеледі. Ал лаңкестік топтың мүшесі ретінде Ө. Ә.-нің міндетіне полиция қызметкерлеріне шабуыл жасау кезінде атыс қаруын пайдалану, сондай-ақ террористік актіні жүзеге асыру барысында күш қолдану кіреді. Сотталушылар 2018 жылғы қыркүйектен 2018 жылдың 23 қарашасына дейін алдын-ала сөз байласқандар тобының құрамында Жезқазған қаласындағы полиция қызметкерлеріне шабуыл жасау үшін қару-жарақты және ынталы қатысушыларды белсене іздестіреді. Е. Қ. мен Ө. Ә. аталған шабуылдың жоспарын құрады. Е. Қ. 2018 жылдың 15 қыркүйегінде Б. А.-ға өздерінің қылмыстық әрекеттері туралы айтып, атыс қаруын сатып алу үшін ақшалай қаржы жинауын сұрайды. Б. А. лаңкестік топтың құрамына кіруге иліге қоймай ақшалай қаржы жинаудан бас тартады. Б. А. сотталушылардың тарапынан құқық бұзушылыққа, яғни терроризм актісіне әзірлік жүргізіліп жатқанын хабарлауына уақыт та жеткілікті болды және мүмкіндік те болды. Ол әйтсе де қасақана дабыл қақпады, яғни шын мәнінде сотталушылармен жақын қарым-қатынаста болды. Е. Қ. мен Ө. Ә. өздерінің қылмыстық әрекетін одан әрі жалғастырып, 2018 жылдың қазан айының соңына таман куә М. Т.-дан атыс қаруын сатып алуға көмектесуін сұрайды. М. Т. лаңкестік топ құрамына кіруге бойын аулақ ұстауды көздей тұра өзінің және туғандарының өмірін қорғау үшін Е. Қ.-ға келісім береді. Е. Қ. мен Ө. Ә. 2018 жылғы 17 қараша күні сағат 22.00 шамасында терроризм актісін жүзеге асыруға өзге де адамдарды тарту мақсатында және өздері құрған лаңкестік топқа жаңа мүшелерді қабылдауды көздеп Жезқазған қаласындағы Е. Қ.-ның пәтеріне Б. А.-мен бірге бірнеше жігітті шақырады. Е. Қ. түнгі 01.00 шамасында жиналғандарды сақтық шараларды сақтай отырып көшеге шығуға, сөйтіп Кеңгір су қоймасы жағалауында жиналуға нұсқау береді. Барлығының ұялы телефондарын жинап алуды Б. А.-ға жүктейді. Ол бұл тапсырманы бұлжытпай орындайды. Е. Қ. жиналғандарды Жезқазған қаласындағы полиция қызметкерлеріне шабуыл жасауға үгіттейді. Ол өз сөзінде жергілікті құқық қорғау органдары мұсылман бауырларын қудалап, қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартып отырғаны тұрғысында уәж келтіреді. Шахит болудың мәнін атап көрсетіп, егер кімде-кім шахит болып қаза тапса, ол жұмаққа баратынын түсіндіріп бағады. Алайда лаңкестік топ қылмыстық әрекетті олардың еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізе алмады. Қарағанды облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері 2018 жылғы 23 қарашада Е. Қ. мен Ө. Ә.-ні ұстады. 23 қараша күні М. Т.-ның тұрғын мекенжайына санкциялық тінту барысында ол 4 компакт-дискіні өз еркімен берді. Психологиялық-филологиялық және діни танымдық кешенді сот сараптамасы бұл дискілерде терроршы үгіт сипаты болғанын анықтады. Сот отырысында атыс қаруларымен қаруланған шайқасты уағыздайтын бұл дыбыстық-бейне материалдарды Е. Қ. 2018 жылғы 15 қарашада М. Т.- ға бергені мәлім болды. Сонымен Е. Қ. екі бірдей қылмыстық тәртіп бұзушылық әрекетке барған, атап айтқанда, ҚР Қылмыстық кодексінің 257-бабы 1-бөлігінде көзделген террористік топ құру, оған басшылық ету және 256-бабы 1-бөлігінде көзделген терроризмді насихаттау, терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты көрсетілген мазмұндағы материалдарды сақтау немесе тарату. Е. Қ. мен Ө. Ә. ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабында көзделген қылмыстық әрекетке барған, бірі – 24-баптың 1-бөлігі: «1. Тікелей пиғылмен жасалған, қылмыс құралдарын немесе қаруларын іздестіру, әзірлеу немесе бейімдеп жасау, қылмысқа сыбайлас қатысушыларды іздестіру, қылмыс жасауға сөз байласу не қылмыс жасау үшін өзге де қасақана жағдайлар жасау, егер бұл ретте қылмыс адамның еркіне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізілмеген болса, қылмысқа дайындалу деп танылады» және екіншісі – 255-баптың 1-бөлігі: «1. Терроризм актісі, яғни жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза табуы, елеулі мүліктік залал келтіру не қоғамға қауіпті өзге де зардаптардың туындау қаупін төндіретін өзге де әрекеттер жасау, егер бұл әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешімдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалса, сондай-ақ аталған әрекеттерді дәл сол мақсаттарда жасау қатерін төндіру». Ө. Ә. ҚР Қылмыстық кодексінің 257-бабы 2-бөлігі: «2. Террористік топтың әрекетіне немесе ол жасап жатқан терроризм актілеріне қатысу» бойынша және айыпты деп танылды. Б. А. ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабында көзделген, бірі – «434- бап. Қылмыс туралы хабарламау. Дайындалып жатқаны немесе жасалғаны анық белгілі аса ауыр қылмыс не дайындалып жатқаны анық белгілі терроризм актісі туралы хабарламау» және 256-баптың 1-бөлігі бойынша терроризмді насихаттау, сол мазмұндағы материалдарды сақтау қылмыстық әрекеттері үшін жазаланды. Сот Е. Қ.-ны бас бостандығынан 12 жылға айыру түріндегі жаза тағайындауға, Ө. Ә.-ні бас бостандығынан 9 жылға айыру түрінде жаза тағайындауға, Б. А.-ны бас бостандығынан 6 жылға айыру түрінде жаза тағайындауға үкім етті.
Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.