Жақында «Мысты өңір» газетінің тілшісі Бағдат Қазкеновтың газеттің 35- санында жарияланған «Адалеңбектіктердің еңбегі еш кетпесін» деген мақаласы мен 36- санында шыққан «Саябақ таз қалпына түспесін» деген мақалаларын оқыдым.
Бірінші мақалада «Адал еңбек» ЖШС жұмысшыларының Жезқазған, Сәтбаев қалаларын көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырғанын баяндайды. Сәтбаев қаласындағы «Жеңіс» саябағын, Ерден көшесіндегі «Абай» аллеясы мен «Мәңгілік ел» көшесіндегі аллеяға жас талдар егіп оны суарып, күтіп баптаған еңбектерін суреттейді.
Екінші мақалада Сәтбаев қаласындағы «Жеңіс» саябағында жылқылардың емін- еркін жайылып жүргенін, бұлай бола берсе жігіттердің есіл еңбегі зая кететінін қынжыла баяндайды. Ия, «Адал Еңбек» жұмыскерлерінің еңбегінен кем емес жұмысты біз де атқарған едік. Дүниені дүрліктірген қаржы дағдарысы кезінде біздің Солтүстік Жезқазған кенішінде үлкен оңтайландыру жұмысы жүрді. Карьерлердің кейбірінде жұмыс тоқтады.
Біздің «Итауыз», «Қыпшақбай» карьеріндегі жұмыскерлердің бәрі Кеңгір су қоймасы маңындағы «Мәңгілік алау» маңын абаттандыру жұмысына жұмылдырылды. Кеңгірдің жағасына вагондар қойылып, көшпелі база жасақталды. Біздің жұмысымыз негізінен көл жағасын көгалдандыру, көшеттер отырғызып күл- қоқыстан тазалау болды. Бұл оңай жұмыс болған жоқ. Мыңдаған шұңқыр қазып көшеттер егіп оны суардық. Көл жағасынан тонналап қоқыс шығардық. Дәл осындай жұмысты «Байқоңыр» қонақ үйі маңында да атқардық. Бұл 2015 жыл болатын.
Жұмысты сәуір айында бастап, келесі көктемге дейін жалғастырдық. Қыс бойы қураған ағаштарды отаумен айналыстық. Арада жеті жыл өтті, біз атқарған еңбектен із қалды ма, әлде Бағдат жазғандай таз қалпына түсті ме екен? Еккен ағаштарымыз өсті ме екен, қалаға қанша барсам да арнайы барып көрудің сәті түспей жүр. Кейде есте болмайды.
Осы мақаланы жазуыма Бағдаттың «Саябақ таз қалпына түспесін десек» деген мақаласы желеу болды. Өткен қырқүйек айында «Жәйрем» кентінің 50 жылдық мерей тойына бармақ болдым. Ол үшін Жезқазған автовокзалынан таңғы 9-да Қарағандыға жүретін, жолай Жәйремге соғатын автобусқа отыруым керек еді. Таңғы 7:30-да үйден шығып, Сәтбаев сапаржайына бет алдым.
Өзім «Мәңігілік ел» көшесінде тұратындықтан №19 орта мектептің алдынан аллеяны кесіпғ өтіп бара жатқанда келеңсіз жағыдайға тап болдым. Аллеяның іші толған жылқы, өте беріп, суретке түсірдім. Өкінішке орай, айғыры түскенмен арғы жағындағы қалың ағаштың ішіндегі үйірі түспей қалды. Автостанцияға жақындай бере «Мәңгілік ел» монументінің маңында да жайылып жүрген жылқыларды көрдім. Аллея іші ғана емес, жол жиектері мен машина жолдарында да жылқы тезегі. Мұндай келеңсіздікке қалай төзуге болады? Жылқы малы түнде жайылып, күндіз тынығады ғой. Түнімен жайылғанда ағаштардан не қалады?! Қайран еңбек зая кеткені ғой. Осындай келеңсіз көріністер көңілге кірбің келтіреді…
Егер бұл саябақтардың тағдыры тікелей қала әкімдігінде болса әкімшіліктің шара қолданбуын қалай түсінуге болады? Белгілі жалақы тағайындап қорықшы шығаруға болады ғой. Сонда мал иелері де табылып жауапкершіліктен жалтара алмас еді. Қалай болғанда да әкімшілік мұндай сорақылыққа бей-жай қарамауы тиіс деп ойлаймын.
Жәми Тұрсынбаев, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің мүшесі.
Сәтбаев қаласы.