Бұдан бес жылдай бұрын қуатты екі шахтаның (№67/70 және №73/75) негізінде тұсауы кесілген «Батыстың» бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу кеніш директоры Алмас Сәдуақасовпен кездесуден басталды. Кен өндірісі саласындағы қызметіне сырттай қанық едім. Институттан кейін еңбек жолын №55 шахтада кен шебері болып бастап, басшылықтың барлық баспалдағын басып, былтыр береке белесін бетке алған осы «Батыстың» тізгінін ұстағанын білетінмін.
Бірақ, бетпе-бет жүздескеніміз бірінші рет. Мінезі ашық, ақжарқын жігіт екен. Әңгімесі өндіріс туралы қасаң ақпарат емес, өлең оқығандай әдемі әсер қалдырды. Ара-арасында «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағының кеніштегі ұйымының төрағасы Абзал Байсалбаев екеуі әлеуметтік-тұрмыстық мәселеге мән беріп, кеншілердің жай-күйін тілге тиек етті. Кеніште қалыптасқан ахуал кеншілердің алда алар асуы бүгінгіден де биік екенін аңғартты.
– Кеніште кен өндіру үдерісінің қыр-сырын, өзіндік сипаттағы әртүрлі саласын мінсіз меңгерген 1200 адам еңбек етеді. Ортақ мақсат – жылына 4,5 млн. тонна кен өндіру. Бұл меже үдесінен үнемі көрініп келеді. Қашанда қауіп-қатері қанжығаласып жүретін кәсіпте кездесетін қиындыққа кәсіби шеберлігі мен қажыр-қайратын қарсы қойған кеншілер қауымы тоғыз айдың тапсырмасын ойдағыдай орындады. Кендегі мыстың үлесі межедегіден 6% артық болды. Бұл – «Батыстағы» бірлігі бекем ұжымның жемісті еңбегінің нәтижесі, – деді кеніш директоры қоштасар кезде.
Кеніш директоры Алмас Сәдуақасов пен «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы бастауыш ұйымының төрағасы Абзал Байсалбаев.
Мүмкіндігінше кеншілермен кездесіп, тілдесіп қалайық деген мақсатпен ауысым алмасатын сәтті көздеп келгенбіз. Жұмыс киімін ауыстырып, тиісті тапсырмасын алып, қарбалас үстінде жүрген оларда басы артық уақыттың табыла қоймасын да түсінеміз. Бірақ, кәсіпком төрағасы Абзал Байсалбаев бәрін ұйымдастырып қойған екен. Алдымен кеніште көш бастаған №1 кен өндіру телімінде болдық. Жедел лездеме алдында телім бастығы Талант Сейітмағамбетовпен тілдесіп қалдық.
– Ұжымда 20 адам істейді. Тәулігіне 2700 тонна кен өндіруіміз керек. Жыл басынан бері белгіленген жоспарды ай сайын ойдағыдай орындап келеміз. Басты назарда – еңбек қауіпсіздігі. Өнеркәсіптік қауіпсіздікке жүйелі көзқарастың түптің түбінде табысты болуына оң әсер ететін бір пәрменді фактор, ол – ең алдымен, әр адамның бойында қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру.
Телімдегі өндіріс өрендері қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етудің көзін тауып, өндірте жұмыс істеп, табыстың тайқазанын тасытуда. Аға буын арасынан ұжымның ұйтқысы болып жүрген бұрғышылар Елдос Қойшыбаев пен Сәбит Есмағамбетовті, бригадир Амантай Убайділдинов пен телім бастығының орынбасары Мирас Мұхаметқалиды, жастар қатарынан кен шебері Нұртаза Төкенді, бұрғышы Ислам Мағзұмовты, төбе бекітуші Арман Садырбековты атап айтар едім, – деді ол.
№1 кен өндіру телімінің бастығы Талант Сейітмағамбетов.
Дәлізде жолыққан екі жас жігітті Абзал Байсалбаев:«№6 проходкалау телімінің білікті бригадирлері Бағдат Тайгүленов пен Нұрлан Кеншібеков» деп таныстырды.
– Ұжымда бригадир бәріне жауапты. Жоспарды орындау өз алдына, адамның амандығы мен бригадада қалыпты моральдық-психалогиялық ахуал болуын қадағалауың керек. Қысқасы, өндірістік тапсырманы тиянақты орындап, ауысымнан кейін аман-есен отбасына оралу – ең басты көрсеткіш, – деді Бағдат.
– Дұрыс айтады! Жұмыстағы жоғары көрсеткіш – қауіпсіздік, беталды тәуекелге бел бумай, жоспарды қауіпсіздік техникасының барлық шарасын сақтай отырып орындау, – деп, Нұрлан әріптесін қоштап қойды.
Білікті бригадирлер Бағдат Тайгүленов пен Нұрлан Кеншібеков.
– Ендігі әңгімені шахта шыңырауында ауысымда жүрген азаматтармен жалғастырған жөн шығар, – деді Абзал, уақыттың таяп қалғанын мегзеп.
Жеделдетіп арнаулы жұмыс киімін, жеке қорғаныш құралдарын алдық. Бізге жолай өндірістік бөлімнің жетекші инженері, қоғамдық инспектор Қайрат Башпаев қосылды. Жер астында жол бастап жүретін сол екен. Таныс жігіт. Осы жылдың басында «Корпорацияның қауіпсіздік техникасы жөніндегі үздік қызметкері» атанғанда, азын-аулақ сұхбаттасқанбыз. Сәлден соң үшеуміз кеншілерге қосылып, жылжымалы сатымен (клет) шыңыраудағы «кеншілер патшалығына» жол тарттық.
Күнделікті көріп жүргендіктен кеншілерге қалыпты жағдай шығар, ал өзім анда-санда шахтаға түскенде бойымды үрей билеп, қолайсыз күй кешетінім бар. Осы жолы да жылжымалы сатыдан шығып, табаным жерге тигенде серіктерімнен:
– Біз қанша метр тереңдікте тұрмыз?» деп сұрадым.
Қайрат:
– «Теңіз деңгейінен 60 метр…» деп келе жатыр еді, «Сен «теңіз деңгейін» қоя тұр, жер бетінен қанша? – дедім.
–220 метрдей. Қазір дизельді көлік теліміне барамыз, – деді.
«Кеншілер патшалығында» жүріп-тұрудың да өзіндік тәртібі бар. Оны білмесең, оңбай қалуың мүмкін. Зор дауысы штректің ішін күңірентіп өңкиген техника алдыңнан шыға келгенде немесе арт жағыңнан келіп қалғанда, қайда қашарыңды білмей, ышқынып-ақ кетесің. Сондайда үміт артар жалғыз тірегің – жол бастап жүрген техникалық жетекші. Ол кез-келген жағдайдан шығудың әдіс-тәсілін біледі. Біз де соның соңында тепеңдеп келеміз. Жол қысқарсын деді ме, бір кезде Қайрат өзіне етене таныс тақырып төңірегінде әңгіме тиегін ағытты.
– Кеніште еңбек қауіпсіздігінің мәдениетін арттыруға, апаттың алдын алуға, өндірістік жарақат алу мен кәсіптік ауру-сырқауға шалдығуды кемітуге бағытталған өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбек қорғау жұмысы жүйелі үйлестірілген. Қауіпсіздік пен еңбек қорғауды қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруда басшылық пен қызметкерлердің бірлескен іс-қимылын тиімді етудің механизмін жасауға бағытталған тұтас кешен қалыптасқан. Мақсат – адамның амандығын қамтамасыз ету, қауіпсіз еңбекті өндірістік үдерістің ажырамас бөлігіне айналдыру, – дейді ол.
Сырым Бегімов басқаратын дизельді көлік телімі шыңырауда кеншілер өндірген шикізатты арнаулы кен төгетін орынға тасымалдайды. Сол жерде ұнақталған кен конвейер арқылы жер бетіне шығарылады. Одан әрі вагондарға тиеліп байыту фабрикасына жөнелтіледі. Сондай-ақ, телімде забойдың төбесін қауіпті тастардан тазартатын техника да бар. Асылбек Табысов 24 жылдан бері сондай «ОКНТ» қондырғысында істейді.
– «Бірлік – түбі береке» деп атамыз қазақ тегін айтпаған ғой. Кен тасып, забойдағы кеншілердің қауіпсіздігін қадағалайтын ұжымдағы 108 адамның ынтымағына қарап отырып риза боламын. Соған сай еңбегіміз де жемісті, – дейді өндіріс ардагері ағынан ақтарылып.
Забой төбесін тазалайтын «ОКНТ» қондырғысының машинисі Асылбек Табысов.
– Қазір клетпен тағы да жүз метрдей төмен түсіп, конвейер теліміне барамыз. Мықты машинистпен танысасыз. Ол басқаратын бригада 2003 жылдан бері еңбек бәсекесінің көшін бастап келеді. Күрделі жағдайда жауапкершілікті мойнына алып, тиімді шешім қабылдай білетін сенімді маман. Өндірістік шебердің өзі онымен ақылдасып, пікіріне құлақ асып отырады. Ақкөңіл, байланысқа бейім, әріптестері арасында беделді. Аты-жөні – Нұрлан Танабаев, – деді Абзал дизельді көлік телімінен былай шыққасын.
Кәсіпком келістіріп мақтаған Нұрекең біз барғанда ауысым қабылдаудың қамында жүр екен. Алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отыратын уақыт қайда?
– Еңбек жолымды 18 жасымда Жезқазған шахтапроходкалау тресінде бастап едім. Орта техникалық білімім бар. Осы №67 шахтада конвейер құрылысына қатыстым. Ақыры 2003 жылы конвейер машинисі болып қалдым. Содан бері табан аудармай бір жерде еңбек етіп келемін. Ұжымға сөз келтірмей, үнемі талап үддесінен шығып келе жатқан әріптестеріме ризамын, – деп, ол әңгімені қысқа қайырды…
Конвейер машинисі Нұрлан Танабаев.
«Қашанда қауіп-қатері қанжығаласып жүретін кәсіпте кездесетін қиындыққа кәсіби шеберлігі мен қажыр-қайратын қарсы қойған кеншілер қауымы тоғыз айдың тапсырмасын ойдағыдай орындады. Кендегі мыстың үлесі межедегіден 6% артық болды. Бұл – «Батыстағы» бірлігі бекем ұжымның жемісті еңбегінің нәтижесі».
«Басты назарда – еңбек қауіпсіздігі. Өнеркәсіптік қауіпсіздікке жүйелі көзқарастың түптің түбінде табысты болуына оң әсер ететін бір пәрменді фактор, ол – ең алдымен, әр адамның бойында қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру».
«Ұжымда бригадир бәріне жауапты. Жоспарды орындау өз алдына, адамның амандығы мен бригадада қалыпты моральдық-психалогиялық ахуал болуын қадағалауың керек. Қысқасы, өндірістік тапсырманы тиянақты орындап, ауысымнан кейін аман-есен отбасына оралу – ең басты көрсеткіш».
P.S. Шыңыраудағы шикізатты күндіз-түні уақытпен санаспай қыр басына шығаратын конвейер теліміндегі кездесуден кейін кенішке саяхат аяқталды. Жылдың үш тоқсанын табысты қортындылап, екпінді еңбек вахтасын одан әрі сәтімен жалғастырған бірлігі бекем «Батыстың» кеншілері қазан айында да қарқынынан жаңылмапты…
Әлібек ӘБДІРАШ.
СӘТБАЕВ қаласы.
Суреттерді түсірген автор.