Ұлытау облысына арнайы сапармен келген Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Жезқазған қаласындағы Достық үйінде өңірде жаңадан құрылған облыстық полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамына осылай деп пәрмен берді.
Министрдің жезқазғандықтармен кездесуінде ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіру, қылмыстың алдын алудағы шаралар барынша жұртшылықтың алдында баяндалды. Марат Мұратұлы бір сағаттан аса полиция қызметінің бүгінгі ахуалын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Жиналған жұртшылық министрдің мемлекеттік тілде анық та айқын жасаған баяндамасына оң баға берді. Марат Ахметжанов еліміз бен Ұлытау облысындағы саланы жүйелендіру, қағазбастылықтан арылып, цифрландыруға бет бұрудағы бастамалардың қарқын алып отырғандығын жеткізді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстанды қалыптастыру ұстанымына сәйкес ішкі істер органдарында да жаңаша бағытта жұмыстар жүзеге асуда. Технология дамыған заманда біз қағазбастылыққа иек артпай, цифрландырудың тетіктерін тиімді пайдалануымыз керек. Сондықтан қазір әр облыстағы полиция департаменттерінде қылмысты алдын алу, қылмыстық құрамы бар оқиғалар орын алған жағдайда қылмысты жедел ашу, ұрлық-қарлықты тыюда бізге осы жаңаша бағыт көп септігін тигізеді. Тіпті қазір мен өз жұмыс орнымда отырып цифрланға жүйе арқылы Ұлытау облысының қалалары мен аудандарындағы, шағын кенттеріндегі жағдайларды бақылай аламын. Ұлытау облысында құрылған полиция департаментінің басшысы Қайыркен Әлиевке осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіріп, қылмыстың алдын алуға бағытталған шараларды күшейтуді тапсырамын.
Өңірдің кримогендік ахуалы ойландырарлық дәрежеде. Бұрын Қарағанды облысында 1 млн-ға жуық халық болатын. Қазір Ұлытау облысында 220 мың адам бар. Облыста 17 адам адам өлтіру дерегі тіркелген. Мәселен, Астанада бұл көрсеткіш 20-ға тең, онда 1,2 млн халық тұрады. Облыста жасалған адам өлтіру қылмысының жартысынан көбі Сәтбаев қаласында болған. Сәтбаев қаласының криминогендік жағдайы өте қиын. Халық санына шаққанда басқа да қылмыстардың түрі жоғары деңгейде сақталып отыр. Сондықтан біз халықтың қауіпсіздігін сақтап, бұл қылмыстарды болдырмауымыз керек.
Мал ұрлығы, жол көлік апаты, есірткі саудасы сынды елді алаңдатқан мәселелер де біздің назарымыздан тыс қалмауы үшін біз нақты шараларды жүзеге асырудамыз. Ол үшін заңдардың пәрменділігін күшейтіп, кейбір әкімшілік жаза ретінде қаралып келген оқиғаларды қылмыстық әрекет деп тану арқылы қылымстың алдын алуға негіз бар, – деді Марат Мұратұлы.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов облыс тұрғындарымен кездесуі барысында жұртшылықтың тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді. Айта кеткен жөн болар, министрдің өңір жұртшылығымен жүздесуі мемлекеттік тілде өтіп, ашықтық, жариялылық сынды қағидаттар басты назарда болды. Жезқазғандықтар министрмен кездесудің мұндай бағытта өткеніне риза болып тарқасты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.