Жасыратыны жоқ, мысты шаһардың тіршілік көзі болып табылатын соңғы жылдардың мұғдарында Кеңгір су қоймасының су қоры азайып, толысуы да біршама деңгейге төмендеді.(бұл жөнінде газетіміздің өткен санында кеңінен жазған болатынбыз)
Соның есебінен көлдегі балық қорының да азаюы байқалады. Балық аулауды жақсы көретін қала тұрғындары Кеңігірде ірі балық түрлерінің сирек кездесетінін оқта-текте айтып та жүр. Бұл әрине экология мен балық шаруашылығы мамандарын ойландыратын жайт. Мыс алыбы саналатын «Қазақмыс» корпорациясы өзінің өндірістік нысандары шоғырланған аймақтардағы түйткілді мәселелерге баса мән беріп. Оның шешу жолдарын әр саланың мамандарымен кеңесіп, қолдау білдіріп келеді. «Қазақмыс» басшылығы биылғы жылы республикалық «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС мамандарын тарта отырып, Балқашта «Бертіс» шығанағын Жезқазғанда Кеңгір су қоймасын балықтандыруға бағытталған шараларға қолдау көрсетті.
Өткен жылы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өтінімі бойынша «Қазақ балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің қатысуымен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша гидрологиялық, гидрохимиялық, гидробиологиялық және өзге де сипаттамаларды ескере отырып, Кеңгір су қоймасын балықтандыру бойынша ғылыми ұсынымдар берілді. Соның нәтижесінде «Кеңгір» көліне тұқы тұқымдас сазанды жіберуге шешім қабылданды.
Сейсенбі күні Алматы қаласынан жеткізілген 370 мың сазанның шабақтары Кеңгір су қоймасына жіберілді. Топты бастап келген «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Бас директорының орынбасары, биология ғылымдарының докторы, балық шаруашылығын дамытуға негіз қалап жүрген Сәуле Асылбекованы сөзге тарттық.
– Бұл экологиялық акцияның негізгі мақсаты – балық түрлері азайған көлдер мен су қоймаларын балықтандыру. Бұл бағытта біздің орталықтың мамандары зерттеу, талдау жұмыстарын жүргізді. «Кеңгір» су қоймасында сазан балығының күрт азаюына байланысты біз су қоймасын сазанмен толықтыруды жөн деп таптық. Жеткізілген балықтар Алакөл бассейнінде алынып, біздің орталық мамандарының бақылауымен Қапшағай бассейнінде белгілі мөлшерге дейін өсіріліп, бапталды.
Су қоймасына 370 000 дана шабақ жіберілді. Салмағы кемінде 20 грамм. Экологиялық акцияның «Кеңгір» көліне шапағаты тиді деп толық айтуға болады, – деді Сәуле Жәңгірқызы.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Лаура Сатыбалдинаның айтуынша, бұл экологиялық акция су қоймасының біршама жақсаруына ықпал етпек.
– Қазіргі уақытта өзіндік ерекшелігі және әдетте көп салалы мақсаты бар шағын су айдындарын балық шаруашылығымен дамытуға ерекше назар аударылады. Бұл әсіресе Жезқазған қаласы сынды құрғақ аудандарға қатысты. Балықтандыру Кеңгір су қоймасында балықтардың тұрақты санын сақтау мақсатында жүргізіледі. Бұл үдеріс негізінен көлдің экологиялық тұрғыда жақсаруына ықпал етпек. Алматыдан арнайы жеткізілген сазан шабақтары толық көлемде су қоймасына жіберілді, – деді Лаура Өмірзақызы.
Сазандарды көлге жіберу шаралары ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «Жезқазған аңшылар мен балықшылар қоғамы» ҚБ Басқарма төрағасы Ермек Құрманбаев және «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өкілдерінің комиссиялық бақылауымен жүзеге асырылды.
Аймақтағы жалғыз тіршілік нәрінің ахуалына алаңдаушылық жезқазғандықтардың көкейінде бары анық. Кеңгір су қоймасының толық көлемде толықпауынан бөлек, оның экологиялық жағдайы да көпшілікті алаңдатып келеді. Осыған баса мән берген балық шаруашылығы мен экология саласының мамандары және «Қазақмыс» корпорациясы басшылығы көлді балықтандыруда шапағаты мол шаруаны қолға алғаны қуантады. Ең бастысы ендігі жерде Қапшағайдың сазандары Кеңгірде тулайтын болады…
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.