Астымыздағы «Хайлюкс» көлігі 600 метрлік тереңдікке бойлап барады. Шахтаның қуыс-қуысын жатқа білетін көлік тізгіндеуші кеніштің бас инженері мен кәсіподақ комитетінің төрағасы нұсқаған жолмен жүйткіп келеді. «Нұрқазған» шахтасына бұл біздің бірінші баруымыз емес.
Шахта астындағы тыныс-тіршілікке көз үйреніп те қалыпты. Ауыр техникалар кен тиеп, тасып жатса, енді бірінде кен алу жұмыстары қызу жүруде. «Нұрқазған» кеніші Қарағанды өндірістік аймағындағы келешегі кемел кеніш болғандықтан оған деген «Қазақмыс» компаниясы басшылығының да қолдауы қомақты. Соңғы үлгідегі бұрғылау машиналары, тиеу, тасу-жеткізу техникалары да өндіріске сақадай сай екенін көрер көзге ұрып-ақ тұр.
Кеніштің бас инженері Төлеген Құлашов пен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазиновпен жолай өндірістік үдерістердің бет алысын әңгімелеп келеміз. Екеуі де жеті қат жер астында жүріп, шыңдалған майталмандар ғой. Қойылған сұрақтардың әрқайсына нақты жауап беріп отырды. Әсіресе, бас инженер Төлеген Ералыұлы кен өндірісінде үлкен мектептен өткен, тәжірибесі толысқан кәсіби маман екенін жақсы білеміз.
Төлеген Құлашов кеншілер шаһары – Сәтбаевтың түлегі. Оның алғашқы еңбек жолы да осы мекенде бастау алды. 2001 жылы қазіргі Шығыс Жезқазған кенішінің құрамындағы «Анненск» шахтасында кен шеберінен басталған қызмет бүгінде оны бір кеніштің бас инженері дәрежесіне көтерді. №6 кен өндіру телімінде кен шебері бола жүріп, тәжірибе жинақтады. Төлеген Ералыұлы осында жүріп мықтылардың мектебінен өтті.
Телім басшысы әрі тәлімгері Бақыт Қиямбековтің Төлеген Құлашовты кен өндірісінде майталман дәрежесіне дейін көтергені оның ең әуелі өз шәкіртіне деген сенімі мен болашағынан үміт күттіргенінің арқасы. Төлеген де сенімге селкеу түсірмеді. Тәлімгерінің сара жолын жалғастыра отырып, телім басшысының орынбасары, кейін телім басшысының міндетін атқарушы қызметтерін атқарғанда телім ұжымы табысқа қол жеткізді.
– Біздің әулетте кеншінің кәсібін игерген менен бұрын ешкім болған жоқ. Десе де осы мамандыққа келуге өзімнің іштей қалауым болды. Алғашында бәрі таңсық болғаны шындық. Осыған бет алғасын үйреніпғ тәжірибе жинақтауым үшін алдыңғы аға буыннан көп тәжірибе алдым. Әсіресе, Бақыт Серікбайұлының өндірістегі еңбек жолы үлкен мектеп болды. Ол кісі әрбір ауысымға келген сайын жұмысшылардың жағдайын сұрастырып, жұмыс орындарының қауіпсіз болуына аса мән берді. Жоспардан бұрын адам тағдырына алаңдады. Мен осы қағиданы берік ұстандым. Сол телімде жүрген кезімде тәлімгерімнен жинақтаған тәжірибемді өндіріске бағыттай білдім. Нәтижесінде өз қызметімде жетістікке жеттім. 2009 жылға дейін аталмыш телімде еңбек етіп, отбасылық жағдаймен «Нұрқазған» кенішіне жұмысқа орналастым. Мұнда келгеніме де арада 13 жыл өтіпті. Осы аралықта кен шебері, телім басшысы қызметтерін атқардым. Ал, 2019 жылдан бері кеніштің бас инженерімін.
Басты міндетім – шахтадағы өндірістік үдерісті бақылап, адамдардың қауіпсіз жағдайда еңбек етуіне күш салу. Ұжымның жоспарды орындап, табысқа кенелуіне ықпал жасау. Жалпы, кен өндіру саласына келген соң жауапкершілік, өз кәсібіңе деген адалдық бірінші қатарда болуы керек. Кенші мамандығы қателікті кешірмейді. Әрбір жасалған ағат әрекет адам өміріне қауіп төндіретінін әрбір кенші жақсы білуі тиіс, – дейді Төлеген Ералыұлы.
Шахта астындағы әрбір үдерісті жіті қадағалап, жұмысшылармен тілдесіп, жағдайларын сұрастырған Төлеген Құлашовтің өз ісіне және еңбек адамына деген құрметінің ерекше екендігін аңғардық. Кен өндірісінде 21 жыл еңбек өтілі бар майталман кеніштің табысты болуы жолында білімі мен тәжірибесін арнап келеді.
Төлеген Құлашов, «Нұрқазған» кенішінің бас инженері. Кен бұрғылау жұмыстарын бақылауда
Бас инженердің жол көрсетуімен №1 кен өндіру теліміне бас сұқтық. Бұрғылау жұмыстарына кірісіп жатқан «Сола» техникасын тізгіндеген жас жігітбізбен жылы жүзбен амандасты. Кәсіподақ комитетінің төрағасы Айбын Арынғазинов Жезқазғаннан арнайы келген тілші екенімді алға тартып еді жас жігіт алағшында сасқалақтап, қобалжу үстінден болды. Сұхбатты бастап кеткенім сол еді әлі жігіт ашыла сөйлеп, еңбек жолының қалай басталғанын, мамандығының қыр-сырын баяндай жөнелді.
– Есімім – Жасұлан. Кезінде көмірімен талай жан жанын баққан, талай тағдырдың өмірге деген үмітін сөндірмеген қасиетті мекен – Байқоңырдың тумасымын. Бұл салаға бірден келген жоқпын. Әуелі де теміржол саласында еңбек еттім. Бұл кенішке 2008 жылы келдім. Еркебұлан Шаханов тәлімгерім болды. Еркебұлан Таңатарұлынан жұмыстың барлық қыр-сырын меңгердім. Кенді бұрғылау қауіпті жұмыс болғандықтан оған аса сақтық қажет. Сондықтан менің тәлімгерім үнемі ұқыпты болуды талап етті. Соның арқасында қазіргі таңда кен өндіру жұмысытарында табысқа жетіп келемін.
Телім басшысы Ернар Қойшыбаев өндірістік үдерісті үнемі бақылап, ұжымның табысқа жетуіне ықпал етіп келеді. Бұрғылау техникасын тізгіндегі осы жылдарда бригадир дәредесіне дейін өстім. 8 жылдан бері бригада жетекшісімін, – дейді Жасұлан.
Біз шахтаға бет алған сәтте бас инженердің: «Мақалаға кейіпкер ретінде ұсынатын жігіттің бірі Жасұлан» дегенін құлақ шалды. Сол білікті бұрғылаушы әрі бригадир осы Жасұлан Қадыкештің еңбек жолындағы табысы кеніштің өркендеуіне үлес болып тиюде.
Жасұлан Қадыкеш
Жүйткіген көлікпен әріқарай жылжып, №7 үңгілеу телімінің бұрғылаушысы Ернар Турағалымовтің кен бұрғылауға кіріскелі жатқан сәтіне жолықтық. Ернар бұл кеніште 2013 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ауысымда екі забой бұрғылау міндеті жүктелген бұрғылаушының жұмыс үдерісі қарбалас әрі қауіпті екендігі бірден байқалды. Азамат Есенов басшылық жасайтын телімнің озат бұрғылаушысы Ернар Турағалымов «Монаматик-79» деп аталатын техниканың тізгінін ұстағалы да он жылға таяпты. Думан Төлеубаевтың тәлімінен өткен Ернар да бүгінде жастарға тәлімгер.
– Геологиялық барлау станциясында жүріп, біраз тәжірибе жинақтағанның арқасында кен бұрғылау жұмыстарын тез меңгердім. Десе де ақылшы ағаның болғаны маған көп ықпал етті. Думан Төлеубаевтың осы саладығы біліктілігі маған шыңдалу мектебі болды. Нұрбол Сембиннің жетекшілігіндегі бригадамыз ауызбіршілігі жарасқан ұжым. Барлығымыз ортақ міндет үшін жұмыла еңбек етудеміз, – дейді Ернар.
Ернар Турағалымов
Осы Нұрбол Сембин бригадасындағы озат үңгілеушілердің бірі – Қайыржан Баймұратов. Ол еңбек жолын 2011 жылы Шығыс Жезқазған кенішіне қарасты №57 шахтада электрмеханик болып бастаған. 2018 жылдан бері «Нұрқазған» кенішінде еңбек етуде. Алғашқы жылы жару телімінде «ПМЗШ» деп аталатын техникада машинист болса, 2019 жылдан үңгілеу телімінде үңгілеуші. 2021 жылы «Монаматик» техникасына отырған Қайыржан Бейсенұлына бұл міндетті телім басшысы Азамат Есенов сеніммен тапсырған болатын. Самат Әбішевтің тәлімінде шыңдалған Қайыржан Баймұратов еңбекке араласқан уақыттан бері өзін жақсы қырынан көрсетіп келеді.
– Ұжымға алғаш келгенде жақсы қарсы алды. Телім басшысы, шеберлер, аға буын өкілдері қатарымыз тағы бір талапты жаспен толықты деп қуанды. Содан бері де үш жыл уақыт өтті. Ұжымда сыйлымын. Барлық жігіттер өз істеріне мығым. Тәлімгерім Самат Әбішевтің біліктілігінің арқасында мол тәжірибе жинақтадым. Кейде Бейбіт Жақыпов деген ағамыздан ақыл-кеңес сұрап тұрамын. Ол кісі де білгенін жастарға үнемі айтып отырады. Айына 260 қума метр бұрғылаймыз. Бір ауысымда 2,3 забойдан кем бұрғыланған кез болған емес. «Призма» құжатына сәйкес, 46 шпур бұрғылап, жоспарға сай жұмыс жасап келеміз. Бригадиріміз Нұрбол Сембин бұл салада тәжірибесі толысқан майталман. Менің одан үйренерім әлі көп. Бригададағы 10 адамның әрқайсы алдарына қойған мақсатқа жету жолында жемісті еңбек етіп келеді, – дейді Қайыржан Баймұратов.
Қайыржан Баймұратов
Мақала әзірленіп жатқан сәтте кеніштегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазинов жару телімінің бұрғылаушысы Қасым Қоржынбаев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталғанын сүйіншілей жеткізді. Қырық жыл кен өндірісінде еңбек өтілі бар Қасым Сағытайұлы аталмыш кеніште 2010 жылдан бастап еңбек етуде. Бригада жетекшісі Қасым Қоржынбаевтың алғашқы еңбек жолы 1983 жылы «Ақшатау» кен комбинатында басталып, геологиялық барлау басқарамысында жалғасты.
– «Нұрқазған» кенішіне келген алғашқы жылдарда шахталық әдіспен кен бұрғылау жұмыстарын сол кездегі бригадиріміз Айбын Арынғазиновтен меңгердім. Қазіргі таңда бұл салада шәкірттер тәрбиелеп те үлгердім. Самат ниязов есімді талапкерім қазір звено жетекшісі. Менің кенішке қосқан үлесімді бағалап, марапатқа ұсынған «Нұрқазған» кенішінің директоры Мұқан жалғасұлы Үңгітбаевқа, «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазиновқа және телім басшылары мен ұжымыма дән разымын. Ортақ міндетті еңсеру жолындағы еңбегіміз табысты бола берсін, – деді бізбен сұхбаттасқан Қасым Сағытайұлы.
Қасым Қоржынбаев кеніш директоры Мұқан Үңгітбаевпен.
Өздерінің адал еңбектерінің нәтижесінде кен өндіру саласын өрге бастырып отырған «Нұрқазған» кенішінің даңқты кеншілері ел экономикасына осылайша үлес қосуда. Әр сапарымызда бұл кеніштің толайым табыстарына куә болып қайтамыз. Кеніштің табысқа кенелуіне «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы жасап отырған қамқорлық та сеп. Мұны кеніш ұжымы мақтана да марқая да айтып жүр…
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.