Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану, жағдайды одан әрі ушықтыруда», – деп, түйткілді мәселеге орай Үкіметке бірқатар тапсырмалар беріп, су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу жөнінде міндет қойды. Бұл тұрғыда су көздері тапшы Жезқазған өңірінде де өзекті мәселеге барынша мән беріп, қатерлі жағдайдың алдын алу қажеттігі түсінікті болса керек.
Жалпы, кейінгі жылдарда Орталық Азия өңірінде суға қатысты жағдай күрт нашарлап, тіпті, жаhандық мәселеге айналып барады. Ал, еліміздегі ахуалдың бұдан да күрделі күйде екені үнемі алға тартылуда. Мәселен, Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай 90-нан 76 текше метрге дейін төмендейді. Бұл елдегі су тапшылығы 8 жылдан кейін шамамен 15 пайызды құрайтынын білдіреді. Осыған орай, сенатор Ақылбек Күрішбаев: «Бүгінге дейін экономикамызда су ресурстарының мұндай жетіспеушілігі болған емес. Сондықтан біз әлі де судың тапшылығын сезінбей отырмыз», – дейді. Қазір жалпы жер жүзінде суға деген тапшылық басталғаны туралы жиі айтылып жүр. Ғаламдық жылынудың нәтижесінде жаңбыр жүйелі жаумайтын болды. Соның салдарынан жерасты сулары күрт азаюда.Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзіндегі 1 миллиард адам ішуге жарамды суға зәру. Қазақстанда тұратын әр адам тәулігіне 150-200 литр су пайдаланса, Мали деген елде бір адам тәулігіне 2-3 литр ғана су қолданады екен. БҰҰ деректері бойынша Қазақстан су қорына қатысты ТМД елдері арасында ең соңғы орында көрінеді. Республикамыздағы өңірлердің үштен бір бөлігі ауызсу тапшылығын тартуда.
Елімізде су ресурсы, оның ішінде тұщы таза су көлемі шектеулі. Іле мен Ертістің бастауы Қытайда. Су көзі бойынша сол елге тәуелдіміз. Шу мен Талас өзендерінің басында қырғыздар, Сырдарияның бастауы тәжік, өзбек, қырғыздың қолынан өтеді. Соның салдарынан Сырдың суының халыққа жетпей жатқанын көріп жүрміз. Солтүстігіміздегі Еділ мен Жайық та Ресей жерінен басталады. Сондықтан, тіршілік нәрін ысырапсыз, тиімді пайдаланудың тетіктерін іске қосу біз үшін басты міндет. Осы уақытқа дейін су шаруашылығы инфрақұрылымын түрлі мемлекеттік органдардың басқаруы салдарынан су ресурстарына қатысты тиімді саясат жүргізілмей отырғаны айтылып жүр. Бірақ, әлі нәтижелі іс байқалмайды.
– Қазір жалпы жер жүзінде суға деген тапшылық басталды. Мал былай тұрсын, адамға су жетпейтін халге жетіп келеміз. Халық саны 40-50 млн. болғанда суды қалай жеткіземіз деп ойлану керек. Біздегі су қорының 70-80 пайызы мемлекетаралық өзендерден алынады. Қалған 20-30% ауыл арасындағы өзендерге тиесілі. Суды сақтап қала алмасақ болашағымыз бұлдыр, – дейді су шаруашылығының маманы, осы саланың бұрынғы министрі Нариман Қыпшақбаев.
Суға қатысты осындай деректер алдан шыққанда жартылай шөлейт өңірде қанат жайған, су көздеріне кедей Ұлытау облысының, оның ішінде Жезқазғанның болашағы не болар екен деген мәселе ойландырмай қоймайды. Мысты қала маңынан Қаракеңгір өзенінің төменгі ағысы өтетіні белгілі. Өзеннің арнасына Кеңгір су қоймасы салынған. Өзен Ұлытаудың Жақсы Арғанаты сілемдерінен басталып, солтүстіктен оңтүстікке қарай ағып өтеді. Ұзындығы 300 шақырымға жуық өзеннің су жинайтын алабының аумағы 16700 шаршы метр. Сарысу өзенінің ірі саласы саналатын Қаракеңгірден қазір оның арнасына қарай мардымды су құйылып жүрген жоқ.Құрғақшылық пен қыста қардың аз түсуі салдарынан кейінгі жылдарда өзен арнасы арқылы Кеңгір су қоймасына келетін су мөлшерінің азайып бара жатқаны да жиі байқалып жүр. Мәселен, аумағына 319 млн. текше метр су жинақтайтын Кеңгір су қоймасына биылғы көктемде 46,8 млн. текше метр ғана су келді. Қазіргі таңда онда 220,7 млн. текше метр көлемінде су қоры бар. Жетіспейтін су көлемі 98,3 млн. текше метр шамасында болып отыр.
Жезқазған өндірісін өркендетуге өңірдегі су тапшылығының қолбайлау келтіретіні ерте кезден-ақ белгілі болатын.Мысты қаланың әрідегі тарихына көз жүгіртсек, Үлкен Жезқазған өндірісін ашуға байланысты жобаға одақтық комитетте қарсылық танытқандардың екі үлкен айғақты проблеманы алға тартқанын көреміз. Оның бірі Жезқазғанның орталықтағы теміржол қатынастарынан шалғайда жатқаны болса, екіншісі жартылай шөлейт аймақтағы өндіріске қажетті судың тапшылығы болатын. «Мұнда кеннің көп қоры жоқ» деушілер де табылды. Соның салдарынан мыс комбинатын салуды ұйғарып отырған Жезқазғанды еліміздің индустрияландыру жоспарына енгізбеу қауіпі де туындаған еді. Өңірдің кен қорын мұқият зерттеп, өзінің тұжырымдарын біліктілікпен дәлелдей білген ұлы геолог Қаныш Сәтбаев су мәселесін де жан-жақты ойластырып, кеңінен зерттелуіне көңіл бөледі.Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендері қосылып Кеңгір атауымен Сарысу алабына дейін келетіні белгілі. Осы Кеңгірдің Досмырза сағасынан үлкен бөгет салуға болатынын Қанекең зерделеп, мамандарға есеп-қисабымен жобасын жасатып қояды. Сөйтіп, су көзінің тапшылығы туралы мәселенің оң шешімі табылады. Наушабай сайының аңғарында үлкен бөген салу арқылы мол су жинай алатын ауқымды гидротехникалық қойманың жобасы осылайша дүниеге келген болатын. Содан бергі кезеңде өндірісті қаланың тіршілік нәріне айналған Кеңгір су қоймасы бүгінде күрделі инженерлік құрылғылар мен қондырғыларды қамтитын ауқымды кешен болып табылады. Қала тіршілігінің стратегиялық нысаны саналатын кешенге дұрыс күтім жасап, экологиялық талапқа сай тазартып отыру да қазіргі күн тәртібіндегі күрделі мәселелердің бірі.
Кеңгір қоймасы жалғыз Жезқазған емес, қанаттас Сәтбаев қаласы мен іргедегі елді мекендерді де сумен жабдықтайды. Қоймадан алынатын судың орташа жылдық шығыны өткен жылдары 59,5 млн. текше метр көлемінде болды. Мұның ішінде 24,3 млн. текше метрі өндіріс нысандарын қамтамасыз етсе, 20,1 млн. текше метрі тұрғындардың ауызсуына жұмсалады. Қаладағы өндірістің өзегіне ең көп мөлшерде су жинауды қажет ететіні жылу-электр орталығы болып табылады. Сондықтан бұл кәсіпорында су ысырабына жол бермеу үшін қайталама суды пайдалану жүйесі жолға қойылған. Соның өзінде қаладағы тұрғын үйлер мен нысандардың коммуналдық желілеріне жіберілетін ыстық судың (адамдардың жуынып-шайынуы) жылдық шығыны 10 млн. текше метр мөлшерінде болады екен. Мұның сыртында қаланың жасыл желектерін суаруға 5 млн. текше метрдей, саяжайларға 3 млн. текше метрдей су жұмсалады. Мұның барлығын тәптіштеп айтып отырғанымыз, өңірдегі ең басты су қорынан алынатын судың ысырабына жол бермей, тіршілік нәрін үнемдеп жұмсауға қатты мән берілсе деген ойдан туындап отыр.
Осы орайда, айтпасқа болмайтын бір мәселені де қозғай кеткен жөн болар. Жезқазған қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Әбсаттаров пен Талап ауылдық округінің әкімі Қайрат Бапанов биылғы көктемде инвестициялық бір жобаны жүзеге асыру туралы ұйғарымға келгендерін жұртшылыққа жария еткен еді. Болашақта ауылшаруашылығы өнімдерін егу үшін Кеңгір су қоймасынан Талапқа дейін 16 шақырымдық құбыр тарту жөніндегі жоба жасалыпты. Алдын ала есеп бойынша жобаның құны 5 млрд. теңге. Оны жүзеге асыру үшін инвестор тартуға «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қоры мұрындық болмақшы. Осыдан бірер ай бұрын мәселені нақтылай түсу мақсатында Талаптың әкімімен хабарласқанымызда: «Жаңа облыстың әкімін күтіп отырмыз. Облыс басшысы мен корпорация басшылығы алдына осы жобаны ұсынып, қолдау білдіруді сұрамақпыз. Қазір жобалау институты сметалық-жобалау жұмыстарын жүргізуде. Бұл жоба арқылы 2 мың гектар алқапқа дақылдар егіп, суаруды қамтамасыз етуге болады», – дейді Қайрат Бапанов. Алайда, біз пікірлескен ауыл шаруашылығы мен су саласының мамандары бұл жобаны қолдамайтындарын білдіруде. Олар Талап жеріндегі алқаптарды игеру үшін Жезді су қоймасын қалпына келтіруді қисынды санайды.
– Кеңгір су қоймасынан судың тұтыну мөлшері облыс орталығына айналған соң көбейе түсері анық. Оның үстіне кейінгі жылдары көктемгі тасқын ойдағыдай жүрмей, қойманың арнасы толмай келеді. Осы жағдайларды ескерер болсақ, ауылшаруашылығы дақылдарын суару үшін Талапқа дейін құбыр тарту қажет емес. Меніңше, Талапта бұрынғыдай 3 мың гектар суармалы алқап игеріле қоймайды. Жекелеген шаруашылықтар аздаған көлемде көкөніс, картоп егумен шектеледі. Оған бола бүкіл қаланың тіршілік нәрі болып отырған Кеңгірдің суын шығындау орынсыз шаруа. Жезді су қоймасында орта есеппен 70 млн. текше метрдей су болуға тиіс. Оның шахта және кәріз суларымен ластануын жоюды қолға алса, егіншілікке пайдалануға молынан жетеді, – дейді ҚР Құрметті геологы, ардагер инженер-гидрогеолог Сұлтан Сүтбайұлы.
Кеңгір айдынына қарап отырған өңірде жерасты су көзінің де біршама анықталған қоры бар екені белгілі. Болашақ қаланың ауызсу мәселесін шешу үшін кезінде өңірдегі жерасты су көздерін іздестіруде де жан-жақты барлау жұмыстары жүргізілген болатын. Су проблемасы туралы сөз қозғанда геология ардагері Мәлік Омаров ақсақалдың айтқан әңгімесі есімде қалыпты. Жезқазған қаласы атқару комитетінің төрағасы болған Жәңгір Жанасов өткен ғасырдың 60-шы жылдарында геологиялық барлау экспедициясының алдына ең маңызды мәселе ретінде ауызсуға пайдаланатын жерасты суын тауып, қоры мен сапасын нақтылап беру міндетін қойса керек. Өйткені, Мәкеңнің айтуынша, су қорғау аймағы жоқ Кеңгір қоймасынан ГОСТ талабы бойынша су ішуге болмайтын еді дейді. Сол кездері Айдос, Үйтас, Есқұла, Қағыл және Қожамсейіт құрылымдарын зерттеп, ауызсу мәселесін шешкен көрінеді. Негізінде Жезқазған ауданы бойынша жерасты суын іздестірумен ҚазКСР Ғылым академиясының гидрогеология және гидрофизика институты құрған арнайы экспедиция белгілі гидрогеолог С.Калугинның басшылығымен 1949 жылдан бастап айналысқан екен.Сол кезде де алғашқы пайдалануға осы Жанай, Үйтас, Айдос, Есқұла су көздерінің құрылымы жарамды деген қорытынды жасалған көрінеді. Міне, осы зерттеулердің нәтижесінде пайдалануға берілген Есқұла Сәтбаев қаласын, Үйтас-Айдос Жезқазған тұрғындарын жартылай көлемде55 жылдан бері ауызсумен қамтамасыз етіп келеді. Алайда, Жезқазған қаласы халқын толықтай сапалы жерасты ауызсуымен қамтамасыз ету мәселесі ұзақ жылдардан бері күн тәртібіне қойылғанмен жүзеге аспай отыр. Қосымша ұңғымаларды іске қосу, 60 шақырымдық су құбырын жаңарту жұмыстары жүргізілмей бұл мәселенің шешілмейтінін көпшілік қауым жақсы біледі.
Міне, аймағымыздағы суға қатысты жағдайдың ұзын-ырғасы осындай. Сондықтан, қазіргі су көзінің басты байлығы болып отырған кербез Кеңгірді күтіп ұстап, тіршілік нәрін талапайға салып төгіп-шашпай, көздің қарашығындай сақтаудың маңызы зор.
Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.