Диананың паспорттағы есімі «Евдокия» деп жазылған. Яки, ауызекі тілде Дуна. Естір құлаққа тым сорақы. Әйткенмен паспорттағы жазуда кімнің қандай шаруасы болмақ. Құжаттағы тағы бір жазба одан да анайы, туған жері деген тұста «село Хренаково» деп жазылған. Диана төлқұжатын әр ашқан сайын бойын ата-анасына деген ыза кернейтін: «Шіркіндер баланың куәлігіне «Хренаково» деп жазғаны несі?! Онымен қоймай «Дуна» деп ат қойғандарын қайтерсің!..».
Балалық шағы аты құрғыр Хренаковода өтті. Абырой болғанда, ата-аналары ақша жинап, облыс орталығына қоныс аударудың сәті түсті. Олар тәп-тәуір пәтер сатып алды. Дуна-Диананы жақсы мектепке берді, әрі фортепиано класы бойынша музыкалық дәріс алуға берді, түрлі үйірмелерге жазды. Сүп-сүйкімді қыз көптің көзіне түсті, алғырлығымен дараланды. Бұл кезде бір мейрамхананың иесі болған, малынып-салынып киінетін анасының жүріс-тұрысына еліктей бастаған. Тек журнал беттеріндегі ғана емес, сонымен қоса телевизорлардағы әдемі қыз-келіншектерге ұқсауға тырысатын болған.
Диана мектептен соң өз қаласындағы музыкалық училищені бітірді. Бірнеше ай балабақшада музыкалық тәрбиеші болып жұмыс істеді. Сосын Москваға бір қадам болса да жақындай түсу үшін Либерцахта бағын сынап көруге барды. Оның бір сыныптасы кафеде аспазшы болып жұмыс істейтін. Диана оның жалға алған пәтерінде бірге тұрып жатты. Сосын сол жердегі бұрынғы интеллигент адаммен болмашы ғана құнын төлеп, жалған некеге отырды. Оның екі бірдей қызығарлық жайы болды: үш бөлмелі пәтері мен «Воронцов» деген нағыз дворяндық тегі еді. Ол мүмкін қандай да бір әлеуметтің тұқымы болса керек, тіпті сол жөнінде оның өзі де мақтана айтқан, бірақ оның жай-жапсарына аса құлақ түре қойған жоқ, өйткені ол Диана үшін түкке тұрғысыз еді. Паспортына тиісті таңба мен Воронцова деген фамилия түсісімен ол өзге де мәселелерді шешуге мықтап кірісті. Сорлы «күйеуі» жалған некеге отырғаны үшін азын-аулақ ақшасына сылқия тойып жүргенде ештеңенің байыбына барып үлгермеді. Үш бөлмелі пәтерінен айырылып, өзі коммуналкадағы бөлмеден бір-ақ шықты. Диана осындай айла-шарғысының арқасында енді Мәскеуден пәтерді жалға алу мүмкіндігіне қол жеткізген еді. Орталықтағы ескі пәтерлерді уақытша алу оңай: егде жасқа келген байырғы тұрғындар әрі таза ауа жұтып, әрі көкөніс өсіруге ден қойып, қала сыртындағы саяжайда тұрғанды ұнатар еді.
***
Паспортындағы Мәскеу түбіндегі пәтерге мекенжайы ретінде тіркелгендігі жөніндегі белгі болуы, музыкалық білімі, музыкалық тәрбиеші болып жұмыс істеген жерінен алған жақсы мінездемесі арқасында Диана астаналық мектептің бірінде ән сабағының мұғалімі болып еш қиындықсыз орналасып алды. Диананың қомақты ақша таба білуді көздегені оңынан туып жатты. Тез арада интернет-жалақы мен қызмет көрсету рыногын тез меңгеріп алды. Бір мезетте бірнеше фирмалар мен дүкендердің телефон құлағында отырып, диспетчері қызметін атқарады. Оның сыртында оқушыға үйде сабақ үйрететін репетиторлық көмегін ұсынады, тіпті балаларын мектептен алып кетуге де әзір. Әсіресе оның мына бір жазбасы айырықша болатын: «Талғамы зор әрі жас та білімді әйел жалғыз басты ер адамдарға пәтердің ішкі көрінісін жанға жайлы етуге және жеке басының имиджін жетілдіруге (киімді талғаммен кию, сыртқы бет-бейнесіне күтім) көмектеседі».
Қолға алған ісі жап-жақсы өріс ала бастады. Диана айналасындағы қарым-қатынас жасайтын жандарды да өзі жинады. Ол әлеуметтік желілерге тіркелді, ел құлағын елең еткізерлік тақырыптарды талқылауға жазылды, өзі ойлап тапқан тағдыры туралы аңыздарын көпке ұтымды жеткізе білуге тырысты. Ой-мүдделері бір жандарды, ең бастысы, пікірлес қыз-келіншектерді таба білді. Олар өзі тәріздес «дворян» тұқымынан еді.
***
Әдетте сенбі күні пәтерін жинап-сүртетін, төсек-орындарын ауыстыратын. Толып жатқан жиектемеге салынған фотосуреттерді тазалап, сүртетін. Олардың көбі пәтер иелерінің ата-бабалары мен әжелері болатын. Ал мына сурет Дианаға ерекше ұнайтын. Толқынданған шашын жайып жіберген, үстінде толық төсін айқара ашып тұрған ақ блузка киген жарқын жүзді жас әйел сәби қызға қолын созып, оған мейірлене қарап, жылы жымиып тұр. Сәби – пәтер иесі Нина Петровна Груздева, әйел – оның анасы. Боса-болмаса, Диана үйіне келген қонақтарға бұл фотоларды өзінің әулеті ретінде таныстырады. Сәби – өзінің анасы, ал мадонна – әжесі. Ол әр суретке орай әлдебір оқиға-жайттарды ойлап тауып, әңгімелер еді. Интернеттегі сырластарына да желіден оқыған түрлі хикаяларды дәл өз басынан өткергендей баяндайтын.
***
Семен есік қоңырауын сағат он бірден кете басты. Ол қашанда екі сағаттан көп кешікпейді. «Тоғышар сорлы» деп күбірледі Диана есікті ашып жатып. Әрине, одан ішімдіктің иісі мүңкіп тұрды. Әзірше оның небір сорақылығына көнуіне тура келеді. Иә, әзірше ғана керек.
Ол Семенге кешкі ас алдында қолын жууы керектігін айтпайтын. Айта қалса, әдетте ол: «Менің қолдарым туғаннан тап-таза» дейтінін біледі. Диана кешкі асқа өзі қалайтын тамақты пісіретін. Оны Семен ұната ма, ұнатпай ма – онда ісі жоқ.
Кешкі ас үнсіз ішілді, өйткені Семен екеуінің арасында әңгіме етерлік ортақ мәселелер жоқ. Ал, екеуіне ортақ бір ғана жайтты тамақ үстінде талқыламайтын. Диананың онымен көңілдес болып жүргені де сол бір мәселеге бола. Тек сол үшін ғана. Әрине, ойлаған ойын жалғыз өзі тындыра алмақ емес. Ал, Семен – таптырмас серік.
… Диана жамылғымен жалаңаш денесін қымтанып жатып қасындағы Семенге:
– Тұр, – деді. – Мен ұйқымды қандыруым керек. Ертең маған құрбым қонаққа келмекші. Ал дүйсенбіде Немчиновкоға барамыз, екеуіміз әлгі істі тындыруымыз керек. Таңертеңгісінде саған телефон шаламын, сен сол сәтте сап-сау болғайсың.
***
Кешкі сағат 7-ге қарай Диананың дастарқаны жайылып, қонақ күтуге әзірлігі тап-тұянақтай дайын болды. Ол есік қоңырауы шылдырлаған мезетте ашып үлгерді. Өз көзіне өзі сенбей қарады. Суретін интернетте көрген Москва мемлекеттік университетіндегі психология оқытушысы Марина Анатольевна Григорьеваның дәл өзі. Жасы қырыққа келіп қалған, көрікті, өте қарапайым киінген, сонда да кербездігі сезіліп тұр.
Дәм ішу сәтіндегі әңгіме еркін басталды. Екеуі сөз етер тақырып ортақ болған соң да шүйіркелесе жөнелді. Интернет арқылы хат алысу барысында көзқарастары бір болғандықтан да тіл табысқан. Екеуінің де бар есіл-дерті жетім балаларға, жалғыз басты қарттарға және далада қалған ит-мысықтарға қалай көмектесу болатын. Таныстық арта түсіп, Марина өзі туралы жазған. Ажырасқаннан бері жалғыз тұрады екен. Ұлы Лос-Анджелестегі университетте оқиды, математиканы шемішкеше шағады екен, оны оқуға қабылдауға бүкіл университет таласыпты. Диана оның жазғанына соншалықты сене қоймаған. Енді көзі жетіп отыр, Марина сондай алғыр ұлдың анасы боларлықтай.
Марина кешкі астан соң отбасылық фотобейнелерді қызыға тамашалап, Диананың әңгімелерін беріле тыңдады. Ол композитор атасы мен суретші әжесі туралы лепіре сөйлеген. Қонақ оның сөзін бөлмей тыңдаған, Диананың айтқандары тым сенімсіз болғаны сонша, кей тұсын тереңдей нақтылаудың өзі жөнсіз еді. Осыны іштей ұғынған Марина қабырғадағы жас жігіттің портретін нұсқап:
– Сенің физик жан серігің осы ма? – деп сұрады.
– Иә, бұл менің Гошам. Ол үйде сирек болады. Өзіңе ғана айтып отырмын, ол жай ғана физик емес, көптеген құпия бағдарламаларға қатысушы. Оны бірде НАСА, бірде БҰҰ, енді бірде НАТО кеңес алу үшін небір жиындарға шақырады.
– Түсінікті. Көз тартарлық тұлға.
Марина кітап шкафын ашты. Зиялы отбасының әдеттегі классикалық әдебиеті. Ертеректегі, әйтсе де өте құнды да мазмұнды шығармалар жинағы. Енді бір сөреде жіңішке ғана кітапша жатыр екен. Авторы біреу – Николай Васильевич Груздев, ғылым докторы. «Топырақ зерттеу және егін шаруашылығы негіздері». Көркем әдебиет кітапханасы үшін мұндай кітапты ешкім сатып алмасы анық. Ондайлар тек автордың өзінде ғана сақталмақ.