Жезқазған өндірістік өңір болғандықтан өндіріске қатысы бар құрылымдарда ұзақ жыл еңбек еткен аға буынның абыройға кенеліп жатқандарын көргенде «өнеге боларлық ағалардың жетістігі жастарға жұғысты болсын» деп жатамыз. Абай Құнанбайұлы айтқандай, ақырын жүріп, анық басқан кейбір қарапайым еңбек адамы өзінің қоғам игілігіне жасаған еңбегін марапаттармен салыстырмаса керек. Десе де еңбектің өз мәнінде бағаланғаны кім-кімге де мәртебе.
«КәсіпҚорған» кәсіподағының ұйымдастыруымен Еңбек күні мерекесіне орай өткен салтанатты жиында талай майталмандар марапатқа кенеліп, есімдері ұлықталды. Солардың қатарында «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Жезқазған мыс қорыту зауытында 40 жыл еңбек еткен Ахметсапар Стамқұловта бар.
Ахметсапар Әлирахманұлы биыл зейнет жасына келді. Өндіріс озаты бұл белеске лайықты қошеметтеуге тұратын жетістіктермен жетіп отыр. Ахметсапар Әлирахманұлының өмірі нағыз майталман «Металлург» маманның және ұлағатты әкенің, сонымен қатар келер ұрпаққа абзал азаматтың өнегесі десе болғандай.
Ахметсапар Стамқұлов Байқоңыр совхозы Құлжанбай селосында 1959 жылы тамызда дүниеге келген. Әкесі – Әлирахман Стамқұлов, анасы – Роза Секеманова оқу-ағарту саласының майталман мамандары. Олар 11 балаларын ізгілікке тәрбиелеген ұлағатты ұстаздар, тыл ардагерлері, немерелері мен шөберелерінің атасы мен әжесі, ауылдың құрметті азаматтары. Ахметсапар Әлирахманұлы осы көп балалы отбасының тұңғыш перзенті.
Ахметсапар Әлирахманұлы 1982 жылдан бастап, Жезқазған мыс Қорыту зауытының балқыту цехына жұмысқа орналасып, осы кезге дейін еңбек етті. Қазіргі кезде осы 40 жылдан бергі атқарған еңбек жолы да лайықты бағаланды.1985 жылы талапты жас маманға жұмыс орнынан алғаш рет 2 бөлмелі пәтер берілген болатын. 2013 жылы еңбектегі жоғары жетістіктері, Қазақмыс Тобы кәсіпорындарының қалыптасуы мен дамуына қосқан жеке үлесі мен алғашқы Қазақстандық мыс қорытылуына 85 жыл толуына орай естелік төсбелгісімен марапатталды.
Ахметсапар Әлирахманұлы өндірістің өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, қаламыздағы өтетін әр түрлі қоғамдық іс-шаралардан да қалыс қалмауға тырысады. Елімізде «Отбасы күні» мерекесі қарсаңында өтетін «Мерейлі отбасы» байқауында «Мәуелі бәйтерек» номинациясымен бірлігі жарасқан, ұрпақ жалғастығы мен дәстүр сабақтастығы сақталған Стамқұловтар әулетінің намысын» қорғап, марапатқа ие болды.
Ахметсапар Әлирахманұлы түсті металлургияда талай шәкірт тәрбиелеп, тәлімгер атанды. Бір кездері жас маман ретінде аға буынның ізін жалғаған ол бүгінде өндіріс озаты дәрежесіне көтерілді. Еңбекте бағы жанып, құрметке кенелді. Ахметсапар Стамқұлов мыс балқыту ісінде ақылшыға айналды. Қырық жыл еңбектің өтемі ретінде ол жақында «Еңбек ардагері» медаліне ие болдыы.
– Адам баласы үшін еңбектің орны бөлек. Бүгін қандай жетістікке жетсем сол адал еңбектің арқасы. Өз балаларыма, бауырларым мен өндіріске баулыған шәкірттеріме үнемі адал еңбек абыройға бөлейтінін айтып отырамын. Менің металлургия саласына қосқан үлесімді бағалап, «Еңбек ардагері» медаліне лайық деп тапқан «КәсіпҚорған» кәсіподағына айтар алғысым шексіз, – дейді Ахметсапар Стамқұлов.
Ахметсапар Әлирахманұлы өндіріс озаты ретінде ұжымында беделді азамат болса, отбасында асқар тау әке, ардақты ата, асыл жар. Құдай қосқан қосағы Алтын Оспанова орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде кітапханашы болып еңбек етті. Балалары да әкесі мен анасының жолын қуып бүгінгі күнде өндіріс пен басқа да салада еңбек етуде.
Қыздары Гүлнұр Әлирахманова Ахметсапарқызы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде кадр жөніндегі инспектор, Гүлназы Жезқазған мыс қорыту зауытындағы сапа бөлімінде бақылаушы болып еңбек жолын бастап, қазіргі таңда «Айналайын» бала-бақшасында бас есепші. Ұлдары Асылжан әке жолын жалғап, мыс қорыту зауытындағы шлам бөлімшесінің аппаратшысы болып еңбек етуде. Ал үйдің кенжесі Сабыржан Жезқазған қаласының полиция Басқармасының тергеу бөлімінде тергеуші. Бауырлары да ағасының жолын жалғап «Қазақмыс» корпорациясының түрлі құрылымдарында жемісті еңбек етіп жүр.
Ахметсапар Әлирахманұлы бүгінде перзенттерінің барлығына жоғары білім беріп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырып отырған ардақты жан. Отбасының тірегі болған еңбекқор азаматтың бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар. Өмір жолы өнегег толы Ахметсапар Стамқұловтың ұрпақтары да қоғам игілігі жолында адал еңбегімен еліне елеулі болсын деп тіледік.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.