Бүгінде ел экономикасының тірегіне айналған кен өндіру саласындағы «Қазақмыс» корпопрациясының жетістігінде қарапайым еңбек адамының үлесі басым.
Өндіріске заманауи техгологиялар енгізіліп жатқанымен оның нәтижелі болмағы да білікті мамандарды қажет ететіндігі сөзсіз. Жаңа дәуірдің алғашы кезеңдерінде Қарағанды облысы төңірегінде бой түзеген «Нұрқазған» кеніші кен өндіру жоспарын жыл сайын ұлғайтып келеді. Бұл бірінші кезекте ұжымның бірлік пен ұйымшылдықты ту еткенінің нәтижесі. 1 млн тоннадан қазіргі таңда 4 млн тоннадан аса кен өндіру үдерісін нұрқазғандықтар қауіп-қатерсіз еңсеріп келеді. Жыл сайын белгіленген межелер еңсерілуде.
Білікті басшы, іскер ұйымдастуршы Мұқан Үңгітбаевтың басшылығындағы кенішке таяуда жол түсті. Шалғайдан ат арытып жеткенімізді бірден түсінген кеніш директоры Мұқан Жалғасұлы жылы лебізбен қарсы алып, кеніштің 9 айдағы жеткен жетістігіне тоқталды. Солардың қатарында жақында аталып өтілген кенші мерекесі қарсаңында «Кенші даңқы» төсбелгісінің иегерлері атанған еңбек озаттарының есімдерін атап, олардың жоспарды орындаудағы жетістіктерін мақтаныш етті.
– «Нұрқазған» кеніші жоспарды орындау тұрғысында алдыңғы қатардан көрінуде. Бұған әлбетте өндіріске келіп жатқан технолгиялардан бұрын өз ісінің кәсіби шеберлерінің мамандығына деген адалдығына тікелей байланысты. Бұл ұжымда кәсіби біліктілігі жоғары мамандар топтасқан. Басшы ретінде олардың іске деген адалдығын, кәсіпқойлығын бағамдай отырып, биылғы мерекеде төрт еңбек озатын марапатқа лайық деп таптық. Жанболат Әубәкіров, Жанат Сағатов, Мергенбай Хапсемет, Қанат Мұрзабаев «Кенші даңқы» төсбелгісімен марапатталып, жігіттердің еңбектері лайықты бағаланды, – дейді кеніш директоры.
Кенішке арнайы сапарымыз барысымызда кеніштің даңқын асырған оғландармен жүздесудің сәті түсті. Төл мерекеде екінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін омырауына таққан Қанат Мұрзабаев кеніш ашылған сәттен бастап осы өндіріс ошағында жемісті еңбек етіп келеді. Ол – дизелдік телімде бригадир. Алғашында өздігінен жүретін техниканы тізгіндеген Қанат Болатұлы жер астындағы кен тиеу, тасымалдау сынды шаруларамын айналысатын телімде оны кәсібіне әкесі Болат машықтандырды.
– Қостанай облысында дүние есігін ашып, Сәтбаев қаласында білім алдым.жасыратыны жоқ, әскерден соң 4 жылдай әскери бөлімде еңбек етіп, осы салада қаламын деген ой да болды. Кейін Қарағандыға қоныс аударғасын әкемнің атқарып жүрген жұмысына қарап, қызығушылығым оянды. Әкей де оқта-текте: «Балам, әскери қызмет те жаман емес. Алайда, менің қасыма келіп, ауысыммен жұмыс жасап, тұрақты әрі қомақты табыс тапсаң қалай болады?» деп ақыл-кеңесін айтатын. «Әке сөзі –оқ» демекші, сол кісінің ақылына құлақ асып, осында келдім. Өзі тәлімгерлігіне алып, атқарылатын жұмысты егжей-текжейлі түсіндіріп, үйретті. Өзімнің де ынта, ниетім болғандықтан бұл кәсіпке де тез үйрендім.
Бес жылдан аса тиеу машинасын тізгіндедім. Апатсыз жағдайда жұмыс жасауға деген бейміділігім, жоспарды орындаудағы жеке үлесім басшылық пен кәсіподақ тарапынан бағаланды. Телім, кеніш басшылығының ұйғарымымен соңғы 7 жылдан бері бригадир міндетін атқарып келемін. Бригадамда 90 адам еңбек етуде. Күндізгі және түнгі ауысым бойынша біздің телім 12 тоннаға жуық кен тиеп, тасымалдайды. Жас та болса бас болып, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен телім басшысы Нұрлан Мамайдың біліктілігінің арқасында ұжым берілген жоспарға қол жеткізіп келеді.
Саладағы еңбегім бағалаусыз қалмады. 2015 жылы үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін тақтым. Осы аралықтағы жемісті еңбегіме басшылық пен «КәсіпҚорған» кәсіподағы қолдау білдіріп, биыл екінші дәрежелі төсбелгіні лайық деп таныпты. Бұл мен үшін үлкен абырой.
Осы кеніште еңбек еткен 15 жыл ішінде бірнеше басшылық қызметте болған абзал азаматтармен қатар еңбек еттім. Кеніштің алғашқы директорларының бірі Мұрат Сағатов кен өндірісінің қыр-сырына жетік маман болатын. Өндіріген кенді дәлдікпен есептеудегі шеберлігіне таңқалатынмын. Мұрат Сағатов еңбек адамының жағдайына жіті мән беріп, жұмыс жағдайын үнемі назарда ұстайтын. Одан кейінгі директорлық қызметте болған Ғабит Төлеубаевтың тұсында кен өндіру жоспары ұлғайып, «Нұрқазған» кеніші табысты өндіріс нысанына айналды. Асхат Базыловтың тұсында өндіріс өркендеп қана қоймай, кеніштің іс жүргізу тілі мемлекеттік тілге көшті. Барлық телімдердің атауынан бастап, құжаттарға дейін қазақшаға аударылды. Бұл Асхат Бақтыгерейұлының өндіріспен қатар мемлекеттік тілге деген құрметінің айрықша екендігін көрсетті.
Қазіргі басшымыз Мұқан Үңгітбаев өндірістің «тілін» тапқан майталман. Шахтаның астындағы үдерістерді назардан тыс қалдырмай бақылап, қажетті техникаларды уақытылы алып беруде Мұқан Жалғасұлының іскерлігін алға тартқан жөн. Менің саладағы еңбегімді бағалап, қолдау білдірген кеніш басшылығына, осындағы жұмысшылардың қорғанына айналған «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы айбын Арынғазиновқа алғысым шексіз. Айбын Сәтбекұлы қарапайым кенші ретінде жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын, жұмыс орнының мәселелерін жетік біледі. Сондықтан ол үнемі еңбеккерлердің мүддесін қорғауға талпынып тұратын азамат.
Кен өндіру саласы қиындығы мен табысы қатар жүретін сала. Сондықтан мен қиындықпен жеткен табыстың бағасы әркез жоғары болатынын түсіндім, – дейді Қанат Болатұлы.
Ата-бабасының кіндік қаны тамған қасиетті Қазақстанға тоқсаныншы жылдардың басында табан тіреген Мергембай Хапсемет кеніштегі жөндеу-механикалық телімінде төртінші разрядты кесуші болып еңбек етуде. Мергенбай Хапсеметұлы мұндағы алғашқы еңбек жолын конвейер телімінде бастаған.
– Кенішке 2010 жылы жұмысқа тұрдым. Содан бері осы салада еңбек етіп келемін. Шахтадағы түрлі жабдықтарға қызмет көрсететін телімде кесушімін. Бір бригадаға топтасқан жігіттердің еңбекке деген ықыласы ерекше. Айдос Әубәкірвотің жетекшілігіндегі жігіттер жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Мен өзім Монғолиядан 1991 жылы Қазақстанға қоныс аудардым. Атажұртқа келгеннен бастап, ел қатарлы еңбек етіп, еңсемізді тіктеуге талпынып келемін. Қазір жағдайымыз жаман емес. Еңбекпен абыройға да атаққа да кенелудемін, – дейді Мергенбай. Мергенбай Хапсеметтің омырауына үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі тағылды.
Еңбектегі табысы үшін үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісіне ие болғандардың бірі – Жанат Сағатов. Жанат Әбікенұлы қара шаңырақ – Қарсақбайдың тумасы. «Нұрқазған» кенішінде 2007 жылы су төкпе теліміне жұмысқа қабылданған. Арада екі жыл өткесін, 2009 жылы №1 теліміне ауысты. Кен бұрғылаушы ретінде білікті маман екендігін аңғартқан Жанат Сағатов бірнеше жас маманға тәлімгер болды.
– Жеті қат жер астында кен бұрғылаудың да өз тәртібі, ережесі бар. Жұмыс орнын қауіпсіздендірмей, жұмысқа кірісу адам өміріне өте қауіпті. Мен бұл қағиданы өзім ескере отырып, үйреткен шәкірттеріме де үнемі айтып отырамын және қауіпсіздік шараларын талап етемін. Бригадамызды білікті, талапты маман Жасұлан Қадыкеш басқарады. Тәуліктік нормамыз 150 қума метр. Осы межені әр ауысым сайын қауіпсіз орындап шығуға талпынамыз, – дейді Жанат Әбікенұлы.
Жанат Сағатовтың өндірістегі жолын ұлы Мақсат жалғастырып келеді. Ол – «Жомарт» кенішінде бұрғылаушы. Жанат Әбікенұлы кен өндіру саласындлағы еңбегін бағалаған басшылыққа ризашылығын білдіріп, ағынан жарылды.
«Адал еңбек бағалаусыз қалмайтынына көз жетті. Кен өндіру саласындағы үлесімді бағалаған телім, кеніш басшылығына және «КәсіпҚорған» кәсіподағына алғысымды айтамы».
«Нұрқазған» кенішіндегі энергиямен жабдықтау телімінде бригадир болып еңбек етіп жүрген Жанболат Әубәкіровтің салаға қосқан үлесі үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен бағаланды. Жанболат Берікбайұлы кенішке 2008 жылы келген. Шахтаның тоқ пен сумен және ауамен жабдықталуына тікелей жауапты телімнің жұмысының ілгері басуына тікелей қатысқан және телімнің ашылуына негіз болған да осы Жанболат Әубәкіров болатын.
– Біздің өмірімізге энергия көздері қаншалықты қажет болса, шахта үшін де бұл өте маңызды. Сондықтан бұл телімнің бұл жүйеде атқарып отырған қызметі айрықша. 2008 жылы осы телімнің құрылып, әріқарай жұмыс жасап кетуіне тікелей атсалыстым. Қазір бригадир жетекшісімін. Қарамағымда 65 адам еңбек етуде. Телім басшысы Айдос Сүейменов бастаған топ шахтаның үздіксіз энергиямен жабдықталуына күш салып келеді. Менімен қатар еңбек етіп жүрген Абай Ермеков, Ринат Нұрахметов, Ермек Мұратбаев, Нұрбол Жиенбеков, Әділ Қоспанов, Сейіт Отаров, Октябрь Саудахан жүйелі де табысты жұмыстарымен көзге түсуде, – дейді Жанболат Әубәкіров.
Кен өндіріп, еңбегімен абыройға кенелген нұрқазғандық кеншілер қауымы тоғыз айда жоспарды орындаумен қатар, қоғам игілігі жолында атқарған жұмыстары үшін абыройға кенеліп, марапатталып жатыр. Мұны «Қазақмыс» корпорациясының еңбек адамына деген құрметі деп бағалаған жөн.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
«Мысты өңір».
Суреттерде: 1 . Қанат Мұрзатов.
- Мергенбай Хапсемет.
- Жанат Сағатов.
- Жанболат Әубәкіров.