Бүгінде қай саланы алып қарасаңыз да нәзік жандардың еңбегі орасан. Әсіресе, өндірісте тер төгіп жүрген аруларымыздың үлес салмағының басым екендігі айқын көрініс табуда. Жаратылыстағы нәзіктікпен қатар ептілікті, жауапкершілікті ту еткен қыз-келіншектер «Нұрқазған» байыту фабрикасында да еңбек көрігіне қыздыруда.
Екінжі және үшінші «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері, бас корпустың флоттаторшысы Алтынай Жаңақұлова фабрикада 2007 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Өндіріс ошағы қатарға қосылып, алғаш өнім берген сәттерге куә болған Алтынай Тәйкешқызы өзінің жұмысқа деген ептілігінің арқасында қазіргі таңда еңбек жолында табысқа жетіп отыр.
Ол үнемі өндірістік міндеттерді шешуде жеке бастама танытады. Өте қабілетті, білімді маман. Жоғары сападағы өнімді алу жолында барлық қарым-қабілетін апрнап келеді. Өзіне жүктелген тапсырмаларды уақтылы орындайтын Алтынай Жаңақұлова алдына қойған мақсатқа жету үшін жауапкершілікті бәрінен биік қояды.
Алтынай Жаңақұлова.
– Өзінің жүрек қалауымен таңдап алған кәсібіңе адалдық танытып, жауапкершілікпен қарау табысқа жетелейтінлдігіне менің көзім жетті. Кен құрамынан бағалы металдар алу үдерісі сырт көзбен оңай тәрізді. Ал, оны іс жүзінде жүзеге асыру көп еңбекті қажет етеді. Осы салада еңбек еткен 15 жыл ішінде өз кәсібімнің қыр-сырына толық қанықтым. Деседе әлі де игеретін тұстары бар, – дейді Алтынай Тәйкешқызы.
«Нұрқазған» байыту фабрикасында 2008 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан реагенттерді дозалаушы Алтынзаң Қарсақбаева бас корпуста өндірістік қауіпсіздікті нығайту мен тәуекелдерді төмендету бойынша іс-шараларды енгізу үдерісін ұйымдастыруға және іске асыруға белсенді қатысып келеді.
Алтынзаң Алманбетқызы жұмыс орнын қауіпсіз жағдайда ұстау әдістерін іс жүзінде қолданудың тиімді тетіктерін меңгерген маман. Ол Бас корпус қызметкерлері арасында өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау саясатын дұрыс бағытта жүзеге асырылуына баса мән береді. Алтынзаң Алманбетқызы өз ұжымының қауіпсіз әрі сапалы өнім өндіруіне сүбелі үлес қосып келеді.
– Өмірімді өндіріспен өрнектеген соң бұл салаға бейімделіп, кәсібімде өрлеуге ниеттендім. Өзім таңдап алған мамандықтың қызығы мен қиындығы да бар. Алайда оның барлығын жеңіп шығуға мен тәжірибем мен білімді арнап келемін.
Әсіресе, өндірістік қауіпсіздік бағытындағы шараларға белсене қатысып, қауіпсіз өндіріс аумағын қалыптастыруға үлес қоссам деген ниетім де нәтижесіз емес. Осы салаға келген 14 жыл ішінде беделге де ие болдым, – дейді Алтынзаң Қарсақбаева.
Сапаркелді Аманкелді «Нұрқазған» байыту фабрикасында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Реагенттерді ерітуші кәсібін меңгерген Сапаркелді де еңбекке деген ептілігімен көзге түсіп жүр. Сапалы өнім өндіру жолында қайсарлық пен шыдамдылықты басты ұстанымға айналдырған ол алдыңғы аға буынның тәлімінде шыңдалды.
– Ең алғаш рет жұмыс орнына келгенде мұндағы үдерістерді көріп қайран қалдым. Қазір әрине бұған үйреніп кеттім. Жұмысқа кіріскенде тәлімгерлерім көп нәрсе үйретті. Алдымен жұмыстағы басты қағидаларды көрсетті. Жалпы менің жұмысым еңбекқорлықты, зейінділікті және жауапкершілікті талап етеді. Өндірістің тоқтап қалмауы және апатты жағдайлар орын алмас үшін барынша қауіпсіздікті сақтау керек. Әрине, жұмыс қиын. Алайда оған төзу керек, – дейді Сапаркелді Аманкелдіқызы.
Сапаркелді Аманкелді
Тағдырын өндіріспен ұштастырған үш ару да өз кәсіптерінде бедел биігінен көрінген жандар. Сондықтан оларды ұжымдастары «саланың саңлақтары» деп атайды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.