«Бұл өмір бәрімізге де мәңгілік емес. Мен де кетемін. Тек қана тағы қырғыз-қазақ балаларыма бір із қалдырғым келді. Кейінгі ұрпақтарым, тілектестерім жақсы жағынан мені еске алғанда, жауларым күліп, дұрыс жолдан тайдыруға ұмтылады», деп Әбілқайыр хан өсиет еткен екен. Қазақ хандарының ішінде Әбілқайыр айрықша орын алады. Тіпті әлі күнге дейін осынау ірі тұлға төңірегінде қарама-қайшы пікірлердің тыйылмауы Әбілқайыр ханға қатысты тарихшылар мен әдебиетшілердің бір тоқтамға келе алмай отырғанын аңғартады. Сол себепті белгілі батысқазақстандық ғалым, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев ҚазАқпарат тілшісіне Әбілқайыр хан туралы ой-толғамдарын былайша тарқатып айтып берді.
Оның айтуынша, ХҮІІІ ғасырдың басы – халқымыздың азаматтық тарихындағы қыры мен сыры көп аса бір күрделі кезең. Бір ру, бір тайпа һәм бір ұлыс емес, тұтас бір ұлттың тағдыры қыл үстінде тұрды. Тарихи деректерге сенсек, Қазақ хандығының арғы-бергі тарихында дәл осындай халықаралық жағдайдың шиеленіскен кезі бұрын-соңды болған емес.
– Ендеше, Жаңабек Жаңабайұлы, Әбілқайыр хан заманы хақында не білеміз, алдымен соған тоқталсаңыз?
– Кешегі маркстік-лениндік кеңес тарихнамасында Қазақ даласына толассыз жасалған жоңғар жорықтарына ерекше мән берілді де, патшалық Ресейдің жүргізген астыртын империялық саясатына көп көңіл аударылмады. Сондықтан, тарихи шындыққа жету жолындағы іргелі ізденістер мен Отан тарихына ұлттық көзқарас қалыптастыру дәуірі енді ғана басталды.
Байқаған жанға орыс отаршылдығының тарихы Әбілқайыр хан заманынан әлдеқашан бұрын басталған. Алтын Орда ыдырап, Шыңғыс хан іргесін қалаған империя құлаған кезде, оған бірнеше ғасыр бағынышты болған орыс жұрты есін жиды. Осы кезде түркі тектес халықтардың Қырым, Қазан, Астрахан, Сібір және басқа хандықтары құрылды. Ресей мемлекеті аталған хандықтарды бірінен соң бірін бағындырып, өзіне бодан етті. Ақыры мысықтабандап Ұлы Даланың шетіне жайғасты. Жайғасып қана қойған жоқ, басып кіріп, Жайық пен Ертіс өзендерінің бойына әскери бекіністерін тізбектете салу арқылы сайын даланы қос бүйірінен сақиналап қоршай бастады. Оның үстіне, патша әкімшілігінің қазақ жеріне шектес жатқан башқұрттарды, Еділ қалмақтарын, Жайық казактарын, Сібір әскерлерін айдап салып, әлсін-әлі соғыс шығаруы Ресеймен көршілес жатқан Кіші жүздің саяси жағдайын одан әрі шиеленістірді.
Қазақ хандығының ХҮІІІ ғасырдың бас кезіндегі саяси жағдайын Әбілқайыр ханның Тевкелевке айтқанынан-ақ анық байқауға болады: «Жылдар бойы қоңтайшымен соғысып келемін, оған әлім жетер емес… Оның үстіне, Еділ қалмақтары, башқұрттар, Бұхара және Хиуамен соғыса бастадық. Төрт жағымыздан бірдей жау қоршауында қалдық» (Красный архив. 1936. №5/78. С. 197). Нақ осы кезең туралы Ш.Уәлиханов былай деп жазған болатын: «ХҮІІІ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ халқының өміріндегі сұмдық ауыр уақыт болды. Жоңғарлар, Еділ бойының қалмақтары, Жайық казак орыстары мен башқұрттар тұс-тұстан қазақ ұлыстарын қырғынға ұшыратты, малын айдап әкетті, қазақтарды бүкіл отбасыларымен тұтқындап алды» (Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений 5-ти томах. Т. 1. – Алма-ата: АН Каз ССР, 1961.С. 426).
Қысқа айтқанда, ХҮІІІ ғасырда орталық шығыста халықаралық саясаттың негізгі күші Ресей империясы еді. І Петр Үндістан мен Қытай, барша Шығыс пен сауда жолдарын иемденуді армандады. Осы мақсатқа жету үшін Орта Азия мен Қазақстан жерін уысында ұстау керектігін жақсы түсінді. Сол мақсатта өзі ұйымдастырған Бекович-Черкасский, И.Д.Бухгольц, И.М.Лихарев т.б. басқарған әскери-барлау экспедициялары өте маңызды мәліметтер жинады. Осындайда І Петрдің: «Қырғыз-қайсақ ордасы – бүкіл Азия елдерінің қақпасын ашатын кілт» деген әйгілі сөзі ойға оралады.
Осы ретте әбден әлсіреген Қазақ хандығын саяси тұйықтан шығарудың өзіндік жолын іздеген Мұхаммед Қазы баһадүр Әбілқайыр хан қазақ даласында болып жатқан сан алуан қысым мен қысастықтың артында Петербор сарайы тұрғанын сұңғыла саясаткер ретінде дер кезінде байқап, елді сақтап қалу жолында Ресеймен жақындасуға мәжбүр болды.
Бұл қадам – 1710 жылдан Кіші жүз ханы, 1726 жылдан Қазақ жасағының Бас қолбасшысы һәм жоңғарларға қарсы азаттық күресінің жұрт мойындаған көсемі, стратег әрі тактик, саяси тәжірибесі орасан зор Әбілқайыр ханның дипломатиялық айласы.
Қазақ жерінің әр пұшпағын өлермендене қорғаған Әбілқайыр ханның орыс ұлықтарына: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден айырылмайды. Өйткені мұндай жайлы жерді олар еш жерден таппайды» (КРО-І, 366-б.), – деп ширыға тіл қатуы оның саясатынан басқаша астар іздеуге еш мүмкіндік бермейді.
– Ал Әбілқайыр хан туралы зерттеушілер не дейді?
– Бұл тарихшылар мен ғылыми-көпшіліктің қаламы ешқашан суымаған тақырып десек, қателеспейміз. Біздіңше, оның бірнеше себептері бар. Соның негізгі екеуіне ғана тоқталайын: біріншіден, қалай болғанда да Әбілқайыр хан тұсынан бастап қазақ-орыс қарым-қатынастары өзгеше бағытқа бұрылып, бұрынғыға ұқсамайтын жаңа мәнге ие болды. Сондықтан ұзақ жылдарға созылған бодандық дәуірде оның жүргізген саясатына ерекше мән берілгені сондай, тарихи зерттеулерде Әбілқайыр ханның қоғамдық-саяси қызметі тек Қазақстанның Ресейге қосылуы тұрғысында ғана сараланды.
Ал екінші себебін Әбілқайыр ханның бірегей құбылыс екендігінен, ұлылығы мен тарихи болмысының күрделілігінен іздеу керек. Ұлы қолбасшылық даңқын алты алаш ардақ тұтқан, өзгеге ұқсамайтын меритократиялық қасиеттерімен дараланған көреген саясаткер Әбілқайыр ханның тарихи болмысын ғылыми негізде толық жүйелеу, зерделеу және сараптау ісі сол заманнан күні бүгінге дейін үзіліссіз жалғасып келеді.
Қазан төңкерісіне дейінгі Л.Мейер (Мейер Л. Киргизская степь Оренбургского ведомства. // Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального штаба – СПб., 1865. С. 5), Ф.Лобысевич (Лобысевич Ф.И. Поступательное движение в Среднюю Азию и торговом и дипломатическом отношении. – СПб., 1900. С. -38-39), М.Красовский (Красовский М. Материалы географии и статистики Росии. Область Сибирских киргизов. Ч. І-ІІІ. – СПБ.: Типографии: Траншеля, Владимирская, №1, Рентгера и Шнейдера; 1868. С. -58-59) сынды дворяндық-буржуазиялық ағымдағы орыс тарихшылары Әбілқайырды «баққұмар», «мансапқор» десе, екінші жағынан, осы кезең туралы еңбектер жазған келесі бір орыс тарихшылары П.И.Рычков (Рычков П.И. История Оренбургская (1730-1750). Оренбург: Типолитография Ив Ив. Ефимовского -Мировицкого. Издание Оренбургского губернского Статистического Комитета, 1896. С.5), А.И.Левшин (Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз – кайсацких, орд и степей. Ч. І, ІІ и ІІІ. СП б., 1832. С.-296-297), Н.Попов (Попов Н. В.Н.Татищев и его время. Эпизод из истории государственной, общественной и частной жизни в России, первой половины прошедшего столетия. – М.: Типография В.Грачева, 1861. С. 172), В.Н.Витевский (Витевский В.Н. Неплюев и Оренбургский край в прежнем его составе до 1758 г. – Казань: Типо-Литография В.М.Ключникова, 1889-1897. Т.І. С.136), А.И.Добросмыслов(Добросмыслов А.И. Материалы по истории России. Т.ІІ., – Оренбург, 1900. С.-97-98) және басқалары ханның жеке саясатшылық қасиетіне таң қалғаны сонша, оны «жеке басының аса ірі қасиеті бар, ақылды да айлалы билеуші» ретінде бағалаған.
1943 жылы шыққан «Көне дәуірден біздің кезеңімізге дейінгі Қаз ССР тарихы» (Абдыкалыкова М., Панкратова А. История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней. – Алма-Ата: Казагиз, 1943.) оқулығында: «…өз халқын сатқан авантюрист Әбілқайыр хан өз билігін сақтап қалу үшін патша өкіметінің көмегіне сүйенді (152-б.). Тек қана өзінің қара басының қамын ойлай отырып (153-б.), ол патша өкіметінің Қазақ даласындағы халыққа қарсы саясатын жүргізуші басты тірегіне айналды» (160-б.), – деп еш дәлелсіз байлам жасалуы былай тұрсын, Әбілқайырдың жеке басына адамның жаны түршігетін негізсіз айыптар тағылды.
Бірқатар тарихшыларымыз осындай біржақтылықтың шылауында кетіп, қайткенде де қазақ даласын отарлауды алдына мақсат етіп қойған Ресей империясы Орынбор әкімшілігінің екпінін тежеп, мейлінше қарсы тұрған Әбілқайыр ханның жанкешті күресін есепке алмай, назардан тыс қалдыруға тырысты. Талай тарихшы қазақ халқын «қасіретке душар еткен опасыз» Әбілқайырдың «кемшіліктерін» табуға бейім тұрды.
Бертінірек тарихшылар жаулық туралы пікірді шектеді де, Ресейге қосылудың «обьективті прогрестік салдары» жөнінде көбірек айта бастады. Ақырында тарихшылар Әбілқайыр қазақ халқының мүддесін обьективті түрде білдіріп қана қойған жоқ, ол қиядағыны болжай білетін дана билеуші, алаштың игілігі мен мүддесінің қамқоршысы ретінде саналы түрде шешуші қадамға барды деген тұжырым жасалды.
Ел тәуелсіздігімен бірге әбілқайыртанудағы жаңа ізденістердің қатарына К.Есмағамбатов, И.Ерофеева, Ә.Мұқтар, С.Мәшімбаев, Ж.Қасымбаев, С.Өтениязов, Б.Нәсенов т.б. тарихшылардың сүбелі еңбектері қосылды. Тарихшы Ирина Ерофееваның монографиясы – Әбілқайыр сынды көрнекті мемлекет қайраткерінің шынайы болмысын танытуға арналған алғашқы ғылыми зерттеулердің бірі.
(Жалғасы бар).