Бастауында ғұлама ғалым, академик Қаныш Сәтбаев тұрған кешегі Үлкен Жезқазғанның өндірісті өңір ретінде қалыптасуында кеншілер мен байытушылардың еңбегі ерен. Қаныш Имантайұлы ашып кеткен кен қорларын жаңа дәуірде тың әдіспен игеру жолында байытушылар тынымсыз еңбек үстінде.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары алғаш рет мыс концентратын алған Жезқазған кен байыту фабрикасы алпыс жеті жыл үздіксіз кен байыту технологиясын жетілдіру үстінде.
Фабриканың технологиялық сызбасы бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншісі –кеніштерден келетін кендерді қабылдау. Екіншісі – ұсақтау корпустарында кенді (ірі, орташа және ұсақ) кезең-кезеңмен ұсақтау. Үшінші кезең – қойыртпақ ала отырып және кейіннен оны флотацияға жібере отырып, барабанды диірмендерде кенді ұнтақтау. Төртінші кезең – флотация. Мыс минералдарының ұсақ ұсақталған бөлшектері арнайы химиялық реагенттерді қосып, сулы ортадағы ауа көпіршіктерінің бетіне бекітіледі.
Мыс минералдары бар қалқымалы көпіршіктер көбік түзеді, ол дайын мыс концентратына айналғанға дейін флотацияның келесі сатыларына жіберіледі. Көпіршіктерге бекітілмеген және бос жыныстың батып кеткен бөлшектері «байыту қалдықтары» деп аталады. Флотациядан кейін байыту қалдықтары құбырлар арқылы қалдық қоймасына жіберіледі. Өңдеудің бесінші кезеңі – мыс концентратын қоюлау және сүзу.
Тұтас кешен арқылы кен байыту жүйесі қалыптасқан фабрикада бүгінгі таңда екі мыңнан аса адам еңбек етуде. Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Мұрат Бөрібаев басшылық жасайтын өндіріс ошағында байытушылар межелі міндетті бағындырып келеді. Байытушылардың кәсіби мерекесі қарсаңында мұндағы еңбек озаттары мен еңбек әулеттерінің өкілдерімен тілдескен болатынбыз.
Жезқазған кен байыту фабрикасындағы №1 ұнтақтау корпусының еңбеккерлері: (солдан-оңға қарай) Қомболат Дәуленбай, Ержан Османов, Володя Доведюк , Алмат Әшірбеков, Дархан Қапанов пен Бекболат Батырлан.
Еңбекте бағы жанған Майра
Өңірде кен қоры шоғырланған Сәтбаев қаласындағы кеніштерден жөнелтілетін кенді ысырап етпей ел игілігіне жаратып отырған байытушылардың қатарында нәзік жандардың да жүргені таңсық жағдай емес.
Ерлермен қатар иық тірестіріп, өндірісті өркендетуге үлес қосып жүргендердің бірі Майра Ерманова – еңбекте бағы жанған жан. Оның биыл күзде фабрикаға келгеніне отыз жыл толмақ. Бұл мамандықты игеру жолында Майра Жұратбекқызы талай бұралаң жолдан өтті. Иә, әйел заты үшін өндірісте жүру, оның бар ауыртпалығын көтеру екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Ауыр өндіріс жағдайында жұмыс жасауға дағдыланған Майра Жұратбекқызының бұл салаға келуі де кездейсоқтық емес. 1986 жыл Майраның Жезқазған тау-кен комбинатының балабақшасының бірінде еңбек етіп жүрген кезі болатын. Арада аз уақыт өтіп, ол комбинаттың техникалық бақылау бөліміне жұмысқа орналасты. Осында жүргенде Алматы қаласындағы политехникалық институтқа емтихан тапсыру науқаны жүріп жатты. Мұны естіген Майра: «Мен де бағымды сынап көрейін. Жолым болып жатса оқуға түсіп кетермін» деген шешімге бекіп, емтихан тапсырды. Сынақтан сүрінбей өткен Майра алып шаһарға жол тартты. Игеруге құмартқан мамандығы – байытушы. Төрт жыл институтты жақсы үлгеріммен аяқтаған соң бірден туған жерге оралды. Одаққа аты дүрілдеп тұрған фабриканың №1 бас корпусына флотаторшы болып жұмысқа қабылданды. Алып цехтағы ұршықша айналдып жатқан машиналардың гүрілдеген дауысы, флото машинадағы ұнақталған кендерді сұйылтып, қоюлату сынды үдерістер лек-легімен атқарылатынын Майра теориядан да іс-тәжірибеден де жақсы білетін. Алайда дәл іске келгенде қобалжып, үрейге де бой алдырды алғашында. Тәлімгері Надежда Новгороцова жас маманды тәліміне алып, баулыды. Майраның да кәсібімді толықтай игеріп алсам деген арманына тәлімгерінің тәжірибесі көп көмек болды.
Майра Ерманова.
– Мұнда келген алғашқы күнім қазіргідей көз алдымда. Цехта құлақ тұнатын шу, тоқтаусыз жүріп жатқан өндірістік үдерісті көріп, «бұл қалай болады екен?» деген сұрақ көкейімде тұрды. Ол кезде өндірістің қай буынында болсын орыс ұлтының өкілдері көп болатын. Бірі жанашырлықпен үйретсе, бірі «өзің үшін керек, өзің үйрен» дегендей сын көзбен қарайтын. Намысты биік қоятын халықтың қызы болған соң тәлімгерімнің айтқанынын бәрін екі етпей орындап, өзімді көрсете бастадым. Сырт көзбен сынай қарап жүргендер де кейін мақтайтын дәрежеге жеттім. Бұл адамның өз мамандығына деген адалдығынан туындайтын сезім ғой. Уақыт өте келе цехтағы машиналардың «тілін» тауып, сапалы өнім алуға тәжірибемді арнадым. Бүгінгі таңда өз ісімнен қуат алып, жұмысымды жауапкершілікпен атқарып келемін.
Мен осында келгенде Бәтима Смағұлова, Тілеу Көпбосынова сынды апаларымыз еңбек етіті. Ол кісілердің ақыл-кеңестерін әлі күнге дейін жадымнан шығармай келемін. Қазір қатар еңбек етіп жүрген Айткүл Нұрмағанбетова, Жанар Дүйсембекова, Айгерім Түркебаеваның салаға қосып отырған еңбектері орасан.
Нұрғали Есілбаев басшылық жасайтын бас корпуста татулық пен ынтымақ, бақ пен береке орнаған. Ұжымның ауызбіршілігін арқасында біз өзімізге бекітіліп берген жоспарды уақытылы орындап келеміз, – дейді Майра Жұратбекқызы.
Майра Ерманова адал еңбегімен ұжымның құрметіне кенелген өндіріс озаты. Жауапкершілік пен намысты алдыңғы қатарға қойған ол өз саласында жемісті еңбегімен көзге түсті. Оның 30 жылдағы еңбегі бағалаусыз қалмады. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасына ие болса, 2019 жылы үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін омырауына тақты. Байыпты байытушының мамандыққа адалдығы оны әрқашан жетістікке жетелеп келеді.
– Өндірісте еңбек етіп, табысқа жету оңайлықпен келетін іс емес. Көп жастар соны ұғына бермейді. Байытушы болып келген әрбір жасқа бұл саланың қызығы да шыжығы да бар екендігін үнемі айтып отырамын. Менің осы салаға қосқан үлесімді бағалап, құрметтеген фабрика, корпорация басшылығына айтар алғысым шексіз, – дейді Майра Жұратбекқызы.
Отыз жылдық еңбегінің жемісін көріп отырған Майра Ерманова байыту саласының нағыз майталманы десек артық айтқандық емес. Оның өндірістегі жолы кейінгі жастарға үлгі болмақ.
Табысты тасқындатқан қос әулет
Іргесі сонау 1947 жылы қаланып, 1955 жылы алғаш рет кен байыту үдерісін бастаған Жезқазған кен байыту фабрикасы бүгінде «Қазақмыс» корпорациясының әлемге сапалы мыс өнімін шығаруға үлес қосып отырған аймақтағы жалғыз өндіріс ошағы.
Фабрикада мыс концентратын дайындау технологиясы бірнеше кезеңде жүзеге асады. Осы шаруалардың жүйелі түрде атқарылуына мұндағы еңбек адамдары күндіз-түні тынымсыз жұмыс көрігін қыздыруда. Байытушылар биылғы төл мерекелеріне межелі міндеттерді еңсеру арқылы жетіп отыр. Ал, осындай табысқа үлес қосқан еңбек әулеттерінің орны айрықша.
Фабирка деңгейінде де корпорация деңгейінде де соңғы 4-5 жылдың көлемінде Әшірбековтер мен Сатановтардың еңбек әулетінің кен байыту саласындағы еңбектері жиі мадақталып жүр.
Өндіріс ошағындағы №1 ұнтақтау корпусында Алмат, Мұрат Әшірбековтер еңбек озаттары ретінде көшбасынан табылып жүр.
Алмат Құдайбергенұлы бұл цехқа 1993 жылы келген. Содан бері осы цехтан алшақ кеткен жоқ. Ұнтақтаушы, елекші, диірмен машинисі сынды жолдардан өткен Алмат Әшірбеков қазір ауысым шебері. Бригадасындағы жұмысшыларды бір арнаға топтастыра білген Алмат Құдайбергенұлы табысты болудың кілтін мамандыққа деген адалдық пен кәсіби шеберлікпен ұштастырады. Ал, бастысы – өндірістегі қауіпсіздік екендігін үнемі естен шығармайды.
– Кен байыту үдерісі де күрделі бірнеше сатыдан тұрады. Оның әр деңгейінде атқарылатын қыруар жұмыстар бар. Оның барлығын қауіпсіздік саясатын ескере отырып орындау біздің басты мақсатымыз. Сұлтан Мұфтахиденов басқаратын цехтың кен байыту көлемі белгіленген нормадан ауытқып көрген емес. Әрине, бұл ұжым еңбеккерлерінің жауапкершілігінің арқасы. Бұл цехта менің туған інім Мұрат еңбек етеді. Ол еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Ол да қарапайым еңбек жолынан өтті. Қазір аға ұнтақтаушы. Біздің еңбек әулетінің ізін жалғастырған Салтанат есімді қарындасымыз бар. Ол №2 ұнтақтау корпусында елекші болып еңбек етуде. Өзімнің өмірлік жарым Гүлмира Әбулаисова да осы фабрикада. Он бір жыл Жезқазған мыс қорыту зауытының техникалық бақылау бөлімінде еңбек етті. Қазір фабриканың кадр және жалақы бөлімінде. Біздің тәлімімізді алып өскен қызым Талшын да тағдырын өндіріспен ұштастырды. Екі жылдай осы фабрикада шыңдалып, қазір тау-кен жобалау институтында инженер-құрастырушы болып еңбек етуде. Ұжымның «еңбек әулеті» деп құрметтеуін біз әрқашан биік ұстауға тиістіміз, – дейді Алмат Құдайбергенұлы.
Ағайынды Әшірбековтер өз кәсіптерінде табысқа жетті. Алмат Құдайбергенқлының омырауында үшінші және екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі жарқыраса, Мұрат Әшірбеков үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері. Жалпы Әшірбековтер еңбек әулетінің бұл саладағы еңбек өтілі 90 жылды құрайды.
***
Жезқазған кен байыту фабрикасының тарихында қаншама еңбек әулеттері қалыптасып, озаттардың есімдері ұлықталды десеңізші?! Кешегі аға буынның ізін лайықты жалғастырып келе жатқан Сатановтар әулетінің өкілдерінің еңбек жолындағы жұлдызы жарқырап тұр.
Әулеттің көшбасында Қыдырбек Сатанов тұр. Қыдырбек Әбуұлы фабрикага 1995 жылы диірмен машинисі болып жұмысқа орналасты. 1996-2006 жылдар аралығында слесарь-жөндеуші, 2006-2011 жылдары технологиялық жабдықтарды жөндеу жөніндегі шебер болды. Ал, 2011 жылдан фабриканың жүк-көтерме механизмдері бойынша бас инженері қызметін атқаруда. Оның саладағы еңбек өтілі – 27 жыл.
Қыдырбек Әбуұлының кәсібіне деген адалдығы, мамандығына деген құрметі өзінің соңынан ерген бауырлары мен баласына үлгі болды.
Қыдырбек ағаның ізін жалғаған інісі Қыдырәлі Әбуұлы фабрикада 2004 жылданбері еңбек етуде. №2 ұнтақтау корпусында слесарь болып бастаған Қыдырәлі Әбуұлы – 2008 жылдан бастап ұнтақтаушы. Бесінші разрядты Қыдырәлі Сатанов – төртінші ауысымның бригадирі. Қыдырәлі Әбуұлының бұл салада еңбек етеніне 19 жылға аяқ басты. Қыдырәлі Сатанов тәжік-ауған шекарасында әскери міндетін өтеп, интернационалист жауынгер атанды. Оның жұбайы Айгүл Хапурқызы да фабрикада зертханашы болып еңбек етіп келеді.
Сатановтардың тағы бір өкілі – Қаныш Әбсатұлы. Ол алғашында мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасында еңбек жолын бастап, кейін фабрикаға келді. Корпорация деңгейінде 23 жыл еңбек өтілі бар Қаныш Әбсатұлының он сегіз жылы кен байыту саласымен тығыз байланыста өтуде. 2004 жылдан 2019 жылға дейін №2 ұнтақтау корпусында, 2019 жылдан 2021 жылға дейін №1 ұнтақтау корпусында дәнекерлеуші болды. Ал, қазіргі таңда Қаныш Сатанов – жүк көтерме механизімі бойынша шебер.
Жасұлан Сатанов фабрикада еңбек еткен 8 жылда өзін тәжірибелі маман ретінде көрсете білді. Жасұлан Әбсатұлы 2014 жылы Жезақзған мыс қорыту зауытынан электр жабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі электрмонтер болып фабрикаға ауысып келген болатын. Содан бері осы салада жемісті еңбек етіп жүр.
Сөз басында Сатановтардың еңбек әулетінің үлгі тұтар тұлғасы Қадырбек Әбуұлы екендігін тілге тиек еттік. «Әке жолы – балаға үлгі» демекші, Қыдырбек ағаның өндірістегі жолын ұлы Дамир лайықты жалғастырып келеді. Дамир Сатанов фабриканың №2 ұнтақтау корпусына 2009 жылы үшінші разрядты слесарь-жөндеуші болып жұмысқа қабылданды. Дамир өзінің еңбкке деген құлшынысының барын байқатып, сатылай өсті. 2013 жылы шебер-механик міндетін атқарды. Осы кезеңде ол ұйымдастырушылық, басшылық қабілетімен көзге түсіп, бір жылдан соң жүк көтерме механизімі бойынша шебер-механик атанды. Қазір осы жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді. Дамир салауатты өмір салтын серік еткен азамат. Ол Жезқазған кен байыту фабрикасы құрама командасының белсенді ойыншысы. Дамир футбол, қазақша күрес, дзюдо, самбо сынды спорт түрлерінен жетістікке жетті.
Еңбек өтілі 85 жылды құрайтын Сатановтар әулетінің бұл дәстүрі келер ұрпаққа ұласса әулеттің беделі асқақтай түспек.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.