Жезқазған аймағында шағын және орта бизнесті дамыту шеңберінде құрылып, бүгінгі таңда «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік құрылымдарын сусындармен және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Баян» фирмасы – заманауи технологиямен жабдықталған нысан.
Өндірісінің барлығы шетелдік технологияға негізделген фирманың жұмысымен жақында «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының өкілдері танысып қайтты. Филиал төрағасы Ақылбек Төлепбергенов бастаған топ өнім өндіретін цехта болып, ондағы үдерісті көздерімен көрді.
«Баян» компаниясы өндіретін сусындар мен сүт өнімдеріне корпорация тарапынан сұраныс едәуір артқан. Нысан иелері Серік пен Баян Искаковалар кәсіптерін мысты шаһардан бөлек астанада да дөңгелетіп отыр. Олар сүт өнімдерінің құрамын жоғалтпай сапалы күйде тұтынушыларға жеткізуде академик Төлеген Шармановпен келісіп, ақыл-кеңесіне құлақ асатындарын жеткізді. Мұндағы сусындардың бағасы 78 теңге. Түрлі жеміс дәмдерімен дайындалатын шырынды сусындардың сапасын арттыруға байланысты кәсіподақ өкілдері ұсыныстарын жеткізді. Фирма иелері өз кезегінде меймандар тарапынан айтылған ұсыныс ескеріледі деді.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.