Құрылысшы мамандығының қадірі – асқақ, маңызы – терең. Кез келген мемлекеттің, қоғамның ілгері басуын оның құрылыс, сәулет саласына қарап баға беруге болады. Жылдар ғана емес-ау, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан нысандар, ғимараттар бар. Солардың әрқайсысында құрылысшылардың қолтаңбасы қалған.
Құрылыс индустриясы – қашанда экономиканың негізгі іргетасы екендігі белгілі. Сондықтан да құрылыс саласының дамуы елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік жағдайының артуына тікелей байланысты.
Елімізде мыс алыбы саналатын «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік, әлеуметтік маңызды нысандарындағы құрылыс жұмыстарына жауапты бірден-бір мекеме құрылыс-монтаждау басқармасы қалыптасқан жылдардан бері құрылыс қарқынын бәсеңдетпей келеді,
Бүгінде саланың білікті майталманы, іскер ұйымдастырушы Темірхан Әбжәлелұлы Әбдіров басшылық жасайтын басқарма «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің өңірдегі нысандарында орта және күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымшылдықпен атқарып келеді.
Жүзден аса еңбеккері бар басқармада өз істерінің нағыз майталмандары топтасқан. 14 тамызда атап өтілетін Құрылысшы күні қарсаңында басқарманың Әбу Сәбитов жетекшілік ететін бригадасы Жезқазған кен байыту фабрикасының екінші әкімшілік-тұрмыстық кешеніне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Нысанға енген бетте-ақ қызу еңбектің табы сезіледі. Сылақшы, бетоншы, монтажшы, ағаш шебері сынды кәсіп иелері өздеріне жүктелген жұмыс көлемін тиянақты атқарып шығуға білек сыбана кіріскен.
Құрылыс саласында 1980 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Әбу Сәбитов құрылыс бригадасында атқарылған жұмыстың сапалы болуына аса көңіл бөледі. Өзбекстанның Тәшкент шаһарында басталған құрылысшының еңбек жолы 2004 жылы Жезқазғанда жалғасты. Бір салаға 42 жылын арнаған Әбу Балташұлы кәсіби құрылысшы ретінде танылды. Құрылыс шеберінен аға шеберлікке дейін көтерілген Әбу Сәбитов өз бригадасын оң нәтижеге бастап келеді.
Әбу Сәбитов.
– Басқарманың құрамындағы №2 Сәтбаев құрылыс-монтаждау учаскесі – «Қазақмыс» корпорациясының осы төңіректегі нысандарының құрылыс жұмыстарына жауапты ұжым. Қазіргі таңда бригадада 30 адам бар. Өзіңіз көріп тұрғандай, фабрикаға тиесілі әкімшілік-тұрмыстық кешенде күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Жұмысты толық аяқтау мерзімі желтоқсанға белгіленген.
Қай нысанда жөндеу, құрылыс жұмысын жүргізсек те біздің ұжымның сайдың тасындай іріктелген майталмандары сапалы жұмыспен көзге түсіп келеді. Озаттар сапындағы бетоншы Мереке Үсенбаев, шебер Татьяна Васина, сылақшы Гүлмира Тілеубаева, ағаш шеберлері Ғалым Аманбаев, саланың ардагері Владимир Данилов ұжымның мақтаныштары. Белгіленген жұмыс ауқымын орындап, нәтижеге қол жеткізуде біздің учаске береке мен бірлікті ту етеді, – дейді Әбу Балташұлы.
Әбу Сәбитов саладағы қырық екі жылында талай белестерден өтті. Жас маман болып бастаған жылдардағы тәлімгерлерінің мектебі оны жетістікке жеткізді. Бірнеше жасты кәсібіне баулыды. Оның еңбегінің ақталғанын «Қазақмыс» басшылығы тарапынан алған Құрмет грамоталары мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік медаль айғақтап тұр. Әбу Балташұлы – мамандығының қыр-сырын жетік меңгерген майталман. Оның ыстығы мен суығына тоңып, жұмыстың нәтижелі болуына білімін де тәжірибесін де арнап келеді.
Түсті металлургияның қара шаңырағы саналатын Қарсақбай металлургиялық зауытында еңбек жолын балқытушыдан бастаған Қаржаубай Жақыповтың есімі еңбек озаты ретінде жиі аталады.
Салада 35 жылдан аса еңбек өтілі бар Қаржаубай Кіртайұлы құрылыс саласындағы жолын бұрынғы «КазЦветметРемонт» (қазіргі мамандандырылған құрылыс-монтаждау басқармасы) мекемесінде бастаған. Алғашында үшінші разрядты монтажшы ретінде жұмысқа қабылданған Қаржаубай Кіртайұлы үйлер мен әлеуметтік маңыздағы нысандардың қабырғаларын дұрыс орнатып, монтаждау жұмыстарын жүргізудің хас шеберіне айналды.
Қаржаубай Жақыпов.
– Ел арасында «РМСУ» деген атауға ие болып кеткен қазіргі мамандандырылған құрылыс-монтаждау басқармасы қалада сол кездегі комбинатқа қарасты өндірістік нысандардан бөлек, үй салумен де айналысты. Ол кезде басқарманың директоры Зигерт Гарий болатын. Неміс ұлтының азаматы болса да сапалы жұмыс жасауда көбімізге үлгі бола білді. Сол кісінің басшылығымен 91-орамда үш қабатты үй салынды. Кейіннен Жезқазған мыс қорыту зауытынан құрылыс бөлімшесі құрылды. Сонда 2008 жылға дейін еңбек етіп, осы басқармаға келдім.
Монтаждау жұмыстары құрылыстың негізгі тірегі болғандықтан жауапкершілікті, дәлдікті талап етеді. Сондықтан үнемі ізденіс үстінде болуы керек, – дейді Қаржаубай Жақыпов.
Ақырын жүріп, анық басқан Қаржаубай ағаның өнегелі өмір жолын ұлы Мейрам лайықты жалғастырып келеді. Ол бірнеше жыл тау-кен жобалау инситутында құрылыс саласы бойынша жетекші маман болды. Қазіргі таңда «ҚазМинералс» ЖШС-нде жетекші құрастырушы. Қаржаубай Кіртайұлы саналы ғұмырын құрылысқа арнап қана қойған жоқ өзі мақтан тұтар бірнеше жастың тәлімгері болды.
Кеңес Одағы тұсында аты да атағы да дүркіреген «Қазмысқұрылыс» тресі құрылыс саласының майталмандарының шеберханасы болды десек, артық айтпаймыз. Бұл кәсіпорыннан ысылып шыққан кешегі жас мамандар бүгінде елуді еңсеріп, алпыстың ауылын бетке алды. Құрылыс саласының қиындығын ауырсынбай, көтере білген нәзік жандарды бұл ұжымда да кездестіруге болады. Бесінші разрядты сылақшы Ақмарал Досмағанбетова жоғарыда сөз еткен «Қазмысқұрылыс» тресінде еңбек жолын бастаған.
– Құрылысқа 1979 жылы келдім. Ол кезде Жезқазған облыс болып, еңсесін көтеріп келе жатқан болатын. Құрылыс та қарқын алып, мысты шаһардың айналасы гүлдене бастады. Біздің құрылыс бөлімі қаладағы 6-шағынауданда ленинградтық жобадағы үйлерді салуға, бірнеше маңызды ғимараттардың бой түзеуіне атсалысты. Иван Солобаев, Полина Семеновна сынды майталмандардың бригадасында жүріп, өз кәсібімде шыңдалдым. Өзге ұлттың өкілдері болса да мені жас деп жақын тартып, барлығын үйретті. Құрылыс тресі мен үшін үлкен мектеп болды.
Мұнда 1984 жылға дейін еңбек етіп, кейін Сәтбаев құрылыс алаңына ауыстым. Онда Алефтина Семенованың бригадасында сылақшы болдым. 1999 жылы құрылыс-монтаждау басқармасына жұмысқа орналастым. Мұнда еңбек еткеніме де 23 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде бірге еңбек етіп келе жатқан Гүлмира Жаманбаева, Берута Васеленко. Татьяна Васина сынды өз ісінің шеберлері бір үйдің адамдарындай араласып кеткенбіз. Ұжым бір-біріміздің той, қуанышымызды, қиыншылығымызды көтерісіп, бірлікпен еңбек етудеміз, – дейді ағынан жарылған Ақмарал Түсіпқызы.
Ақмарал Досмағанбетова.
«Қазақмыс» құрамындағы құрылыс алаңдарына 2006 жылы жұмысқа қабылданған Орынбасар Боханов слесарь-жөндеуші болып еңбек етуде. Алтыншы разрядты маманның шеберлігінен тәлім алып жүрген жастар жетерлік.
– Басқарманың құрамындағы біздің учаскенің осы төңіректе құрылыс саласына араласпаған сәті жоқ деп толық айта аламын. Өндірістік нысандардан бөлек, корпорацияның қолдауымен бой көтерген маңызды ғимараттарда да біздің ұжымдағы құрылысшылардың қолтаңбасы қалды. Осы ұжымда еңбек еткен 16 жыл ішінде қатар еңбек етіп жүрген дәнекерлеуші Нұрлан Баязиев өз ісінің шебері ретінде танылып келеді. Ұжым еңбеккерлері қандай іс болса да жұмыла шешіп, межелі міндеттерді орындап келеді, – дейді Орынбасар Прәліұлы.
Орынбасар Боханов.
Жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша технолог мамандығын құрылысшыға айырбастаған Надежда Михайлова бұл салада 1995 жылдан бері еңбек етіп келеді. Кезінде Өскеменде дүрілдеп тұрған сүт өнімдерін шығаратын зауытта технолог болып еңбек еткен Надежда Ивановна тоқсаныншы жылдардың тоқырауында құрылысқа ойысты. Содан бері 27 жыл өтіпті. Бұл салаға келгенде оны сылақшы мамандығының қыр-сырына үйреткен аға буынның үлесі қомақты екендігін әрқашан ұмытпайды.
– Жеңіл өнеркәсіптен құрылысқа ауысу оңай болған жоқ. Технолог мамандығы бойынша 10 жыл еңбек еттім. Сылақшының қалай жұмыс атқаратынын маған үйреткен Марина Мельникова, Екатерина Зубирова сынды майталмандар болатын. Қазір бесінші разрядтағы сылақшымын. Қасымда сенімді әріптестерім бар. Берута Васеленко, Светлана Бурмистрова, Зинфира Мубаракшина сынды білікті мамандармен бірге еңбек етіп жүргенімді мақтан етемін. Олар өз ісінің шеберлері, – дейді Надежда Ивановна.
Надежда Михайлова.
Үй құрылысы комбинатында еңбек жолын бастаған Гүлмира Тілеубаеваның бұл саладағы еңбек өтілі – 33 жыл. Басқармада 1997 жылдан бері сылақшы болып еңбек етіп келе жатқан Гүлмира жұмыстың ауыр-жеңіліне қарамай, еңсеріп кете береді. Оның сырын: «Қазақ қызына тән қайсарлығым шығар, биікке де көтеріліп жұмыс жасаймын. Сырт көзге құрылыста нәзік жандардың жүргені оғаш көрінгенімен, оның тілін тапқан адамға еш әбестігі жоқ», – дейді күлімдеп.
Гүлмира Тілеубаева.
Міне, Жезқазған төңірегіндегі маңызды нысандарға жан бітіріп, әсемдік пен көркемдік сыйлайтын құрыш қолды құрылысшылардың жұмысы осылайша өріс алуда. Біз сөз етіп отырған құрылыс-монтаждау басқармасының ұжымы мысты шаһардың, оның ішінде жаңа облыстың құрылысын дамытуға үлес қоса берері анық. Мерекелеріңізбен, құрылыс саласының майталмандары!
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
«Мысты өңір».
Суреттер автордікі.