Табиғаты әсем де көркем Көкшетау жазғы кезеңде демалушылар үшін жанға қуат, бойға шуақ берері сөзсіз. Әсіресе, балалардың жазғы демалыста сергіп, денсаулықтарын нығайтып, еліміздің табиғаты бай өлкесін танытудың жөні бөлек.
Осыны ескерген «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС корпорация еңбеккерлерінің балаларына Бурабайдағы «Эдельфейс» балалардың жазғы лагеріне жолдама беру дәстүрін қайта жаңғыртып, Жезқазған төңірегінен 700-ден аса балаға жолдама берді. Ал, бұл жұмыстарды Тау-кен металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы тиімді ұйымдастыра білді.
Қарапайым еңбек адамына деген корпорация мен кәсіподақтың мұндай құрметі қаншама баланың дүние танымын кеңейтіп, денсаулығын нығайтуға сеп болды десеңізші.
Маусым айында басталған лагерьде балалар табиғат аясында мазмұнды да қызықты бағдарламалар бойынша білімдерін дамытып, салауатты өмір салтын серік етті. Көгілдір Көкше жағасында жазды қызықты өткізген балалар үшін бұл сапар олардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.