«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің Жезқазған өңіріндегі өндірістік құрылымдарда еңбеккерлердің салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулықтарын нығайтуға «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы ерекше мән береді.
Аталмыш ұйым үшінші жыл қатарынан «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «JastarBolashaq» Жастар одағымен бірлесіп жазғы, қысқы спартакиадаларды дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Спортың бірнеше түрін қамтитын спартакиада аясында волейболдан бір аптаға созылған тартысты турнир өтті.
Қос ұйым еңбеккерлердің жұмыстан бос уақытын тиімді ұйымдастыра отырып, олардың салауатты өмір салтына деген қызығушылықтарын одан әрі арттыра түсті.
Филиалдың аппарат жетекшісі Жанар Салықованың айтуынша, волейбол ойнына әр кәсіпорын жеңістің туын желбіретеді деген командаларын жарыс жолына қосқан.
Волейболдан сынға түскен командалар арасында үшінші орынды Жезқазған мыс қорыту зауыты иеленсе, екінші орын құю-механикалық зауытының еншісіне тиді. Ал, чемпион атағы Жезқазған байыту фабрикасына бұйырды.
Ұжымын жеңісімен құттықтай келген фабрика директоры Мұрат Бөрібаев: – Мұндай спорттық шаралар еңбек ұжымдарын шабыттандырып, қуаттандырады. Сондықтан спартакиаданы үзбей өткізіп келе жатқан «КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы мен «Jastar Bolashaq» Жастар одағына алғысымыз шексіз,– деді.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.