Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің мәселелері де аз емес. Олар тауардың үздіксіз жеткізілуін, өнім сапасының тұрақты болуын қамтамасыз ете алмайды. Басқа да талаптар бар. Әрине, мұның бәрін біртіндеп ретке келтірген жөн. Сондықтан, фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін бірлесе әзірлеуді тапсырамын.
(Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінен).
Қадыр Үңгітбаев бұрынғы Жезді ауданы Қарақұм өңірінің тумасы. Орта мектепті Қарсақбайда бітірген соң Алматы зооветинститутына оқуға түседі. Зоотехник мамандығын алған жас маман мал шаруашылығындағы еңбек жолын 1963 жылы Жезді ауданы Аманкелді кеңшарындағы №1 ферманың зоотехнигі болып бастайды. Бір жылдан кейін кеңшардың бас зоотехнигі, одан кейінгі бес-алты жылдан соң аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі, партком хатшысы, аудандық статистика бөлімінің басшысы, ауатком төрағасының орынбасары сияқты қызметтерде болып, ол бас-аяғы 30 жылдан аса ауыл шаруашылығында еңбек еткен адам.
Елдегі жағдайға бейжай қарамай, өрлеу бағытын безбендеп отыратын ол нарық жағдайындағы қиыншылықтар шаруашылықтармен қатар ауылды да күйретіп жібергеніне қынжылады.Қадекең ақсақал бүгінде жаңадан Ұлытау облысының құрылғанын қуана қоштап, кейінгі кезеңде дұрыс қолдау жасалмай, кенжелеп қалған аймақтағы мал шаруашылығының дамуында ендігі жерде тың серпіліс болса деп ойлайды. Екеуара әңгіме барысында облыстың бұл саладағы мүмкіндіктерінің де мол екендігін ортаға салған еді.
Ауыл шаруашылығы ардагерінің айтуынша, бұл кісі бас зоотехник болып істеген алпысыншы жылдардың ортасында Аманкелді кеңшарының өзінде 35 мың қой, 10 мыңдай ірі қара, 1,5 мыңдай жылқы болыпты. Төрт ферманың 58 қыстағында мал бағылған. Сол уақыттағы Жезді ауданындағы 12 кеңшардың бәрінің негізгі бағыты мал шаруашылығы болған. Ал, бұл кісі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына қызметке келген 1968 жылдары Жезді ауданы бойынша 350 мың қой қысқа түсіп жүріпті. Сарыкеңгірде 3 мың жылқы, қалған шаруашылықтарда мыңжарымнан өсіріліп, 16 бригадада жылқы табыны бағылған. Облыс бойынша түйе тек Қарақұмда ғана болып, ойсылқараның саны 500 басқа жеткен екен. Шаруашылықтар күзге қарай 100 мың бас қозыны етке өткізіп, Жезді ауданы экономикасының өрге басуына мал шаруашылығының үлесі айтарлықтай зор болған көрінеді.
– Бұрынғы осы мал өсірген жер де, жайылым да орнында тұр. Тек қазіргі шаруашылық жүргізу әдісіміз өзгеріске ұшырап, басқаша болды. Кезінде шаруашылықтар таратылып, әркімге мал бөлініп берілгенде адамдардың жекеменшікке дайындығы болмады. Содан барып төрт түлігіміз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Осының салдарынан ауылда айналысатын кәсіп табылмай жастар қалаға қарай ағылды. Көптеген ауылдың тоз-тозы шыға бастады. Қазір ауыл халқының көзқарасы өзгеріп, заман талабына қарай тіршілігі де жандану үстінде. Адамдар малдың қадірін түсініп, оның өнімдерін пайда көзіне айналдыруды меңгеруде. Осы кезеңде облыстың құрылуы үлкен үміт отын жағып отыр. Екі ауданы болғанымен, байқап қарасақ, қазіргі облысымыздың аумағы да аз емес. Жайылымдық жерлер жеткілікті. Мал шаруашылығын өркендетуге мүмкіндіктер бар. Біздің өңірде өзен, көлдің тапшы екені белгілі. Дегенмен, құм жағында жерасты суы жеткілікті болуға тиіс. Мемлекет тарапынан осы су көздерінен ұңғыма қазып беруге қолдау жасалатын болса суат мәселелесі оңынан шешілер еді. Кей жерлерде әлі де ағып тұрған скважинаны кездестіруге болады. Қазіргі фермерлер қой түлігін өсіруге аса пейілді емес сияқты. Бүгінде қой бағатын адам табылмайтын көрінеді. Табысы оның көлкөсір деп әспеттейтін түлігіміздің жүні мен терісі кәдеге аспай босқа қалуда. Біздің уағымызда қой шаруашылығындағы 80% пайда жүннен келетін. Ол кездегі кеңшарлар қойдың жүнін де, терісін де жерде қалдырмайтын. Осыны қайта жолға қоюымыз керек. Мәселен, кәсіпкерлеріміз Түркияның, Қытайдың тері өңдеу технологиясын үйренсе, бұл салаға Үкіметтен қолдау жасалса іс оңға басар еді. Қазіргідей мұнайдан мата жасап, технология өркендеген жағдайда қылшық жүннің өзін кәдеге жаратуға болады ғой деп ойлаймын. Көзін тапса жүн мен тері қай елге болмасын шикізат күйінде де керек, – дейді Қадыр Үңгітбаев.
Айтарлықтай өткір мәселе осы. Қойдың жүні мен терісі шіріп далада қалып жатқаны шындығында жанға батарлық жағдай. Кейінгі уақытта ірі қара малдарының терісі де кәдеге жарамай барады. Бізде жалпы мал өнімдерін өңдейтін ұқсату кәсіпорындарын, тері мен жүнді өңдейтін цехтарды ашуға мемлекет тарапынан жүйелі қолдау жасалмай бұл салада оң нәтижеге жету қиын. Ауылдарға болашағы жоқ деп емес, болашағы зор деген көзқарас қалыптаспай іс оңбайды. Бұл да Үкімет деңгейінде шешілетін мәселе. Бүгінгі жастар өркениеті дамыған үлкен қалаларда жүргісі келеді. Ауылдан шыққан жастардың өзі диплом алған соң туған ауылына орала қоймайды. Осы жағдайда мал шаруашылығымен кім айналысады? Мұның жолы туралы ақсақал не ойлайды екен? Бұл тұрғыда Қадекең тағы да кеңес кезіндегі оң үрдістерді еске алады. Сол заманда ауылда пошта, клуб, кітапхана, монша сияқты бүкіл мәдени игіліктер жұмыс істегенін, ауыл өнерпаздары Мәскеуге дейін өнер көрсеткенін білеміз. Осыларды алға тартқан ақсақал бұрынғы кездің жақсы жақтарын қайта жандандыруды жөн санайды.
– Өркениет игіліктерін ауылға әкелуге жастардың өзі атсалысқаны жөн. «Туған жерге туыңды тік» деген сөз құрғақ ұран болмасын. Жастар тұрақтап, мәдениет дамыса халықтың да көңілі көтеріледі. Мәселен, қазір мал мамандары тапшы. Ірі қараның індетінің алдын алып отыратын мал дәрігері қажет. Астанадан, Алматыдан мал мамандары оқып келеді деп күтіп отырудың тиімсіз екенін көріп жүрміз. Сондықтан да, өзіміздің жергілікті колледждерде орта дәрежедегі мал мамандарын даярлауды жолға қойған жөн. Онда оқыған ауыл жастары туған жерінен ұзамас деп ойлаймын, – дейді ақсақал.
Иә, бұл да орынды пікір. Жалпы, ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығы саласын дамыту жөнінде үкіметтік деңгейде де жиі мәселе көтеріліп, әртүрлі жобалар ұсынылып келеді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан біршама қолдаулар да бар. Бірақ осы шаралардың тиімділігі ойдағыдай емес. Ауыл шаруашылығын қолдауға бөлініп жатқан қаржының қомақты бөлігі жемқорлардың жемсауында кетіп, тиісті жеріне жетпей жатқанын үнемі естіп жүрміз. Ардагер ағамыздың қозғап, айтып отырған ойлары жақсы. Тек осы мәселелерге жанашырлықпен бет бұрып, ауқымды істердің орайын келтірер жан табылса. Жаңа облыстың басшылығы, ауыл шаруашылығы басқармасындағылар да осы жайында тереңнен ойласып, жаңаша іс-қимылдарымен көрінгенін қалар едік.
Амандық РАХҰЛЫ.