«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің құрамындағы мамандандырылған жөндеу-механикалық, құрылыс басқармасы өз қызметін бастаған 46 жыл ішінде өңірдегі өндірістік нысандардың тапсырысына металл құрастырмаларын сапаға сай орындап келеді.
Бүгінде Георгий Юсупов басшылық жасайтын басқарманың тынысы кең, тапсырыс молынан. Мұнда бірнеше телім жұмыс жасайды. Ал, негізгісі – механикалық жөндеу телімі. Мұнда 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Руслан Есмағанбетовтің жетекшілігіндегі ұжымға арнайы барғанымызда бізді аға шебер Саттар Жомартов қарсыалды. Саттар Сапарғалиұлының айтуынша, телімде электр-газбен дәнекерлеушілер, слесарь-жөндеушілер ауысымда тау-кен жабдықтарын, фабрика, зауыттың тапсырыстары бойынша металл құрастырмаларын дайындауға сүбелі үлес қосып келеді.
– Мұнда жұмыс тәулік бойына тоқтаусыз жүргізіледі. Өндірістік нысандардан келетін тапсырыстарды уақытында әрі сапалы орындау біздің басты міндетіміз. Телімде 10 бригада ауысым бойынша жұмыс жасайды, – дейді Саттар Сапарғалиұлы.
Бірлік пен берекені ту еткен ұжымда аға буын өкілдері жастарға жол көрсетіп, сапалы өнімге қол жеткізудің қыр-сырын үйретуде. Телімде бесінші разрядты газбен кесуші Сергей Еременконың есімі құрметпен аталады. Еңбек жолын 1979 жылы осы басқармада бастаған Сергей Иванович 43 жыл бір салада, бір кәсіпорында үздіксіз еңбек етіп келеді.
Сергей Иванович өндіріске қажетті металдан жасалатын бұйымдарды сапалы өнім ретінде қалыптастырудың «тілін» тапқан шебер. Ол осы жылдар ішінде кәсібіне адалдық танытқан маман атанып қойған жоқ, оннан аса шәкірт тәрбиелеп, қанаттарын қатайтты. Қазіргі таңда тағы бір жас маманды қанатының астына алып, кәсіпке баулып жүр. Кәсіпорынға жұмысқа орналасқанына екі аптадан енді асқан Аян Бекежан тәлімгерінің жұмысты ұйымдастыру, оны рет-ретімен жүзеге асыру, қауіпсізеңбек жағдайын қалыптастыру сынды мәселелерге ерекше мән беретінін алға тартты. Әсіресе, Аян ұстазының сызба бойынша бөлшектерді қалыпқа келтірудегі шеберлігіне көңіл бөліп жүр.
– Бірер жылдан соң зейнеткерлік жас та келіп қалады. Біздің ізімізді басатын осындай жастарды үйретіп, өндіріске икемдеу аға буынның міндеті. Сондықтан тәлімгерлікке де баса мән беремін, – дейді Сергей Еременко.
Сергей Еременко шәкіртімен бірге.
Мақсат Омаров – бесінші разрядты слесарь. Мақсат Аққуұлы телімге 2010 жылыжұмысқаорналасқан. Ол өзінің жұмысын былайша сипаттап берді.
– Телімге келетін тапсырыстардың сызба үлгісін дайындап, оны металл бөлшектерді кесушіге береміз. Олар сызба бойынша қажетті бөліктерді кесіп, дәнекерлеушілерге жөнелтеді. Көріп тұрғаныңыздай бұл жерде бір-бірімен тығыз байланысқан жұмыс үдерісі жүргізіледі. Дайын болған бөлшектердің сапалы өнімге айналуын аәрқайсымыз үлес қосудамыз, – дейді ол.
Еңбек ұжымында 1996 жылдан бері дәнекерлеуші болып еңбек етіп жүрген Манат Дәулетбаев өз мамандығының қыр-сырын кезінде Сергей Сороколетовтен үйренді. Қазір өзі де тәлімгер. Сызба, кесу сынды үдерістерден өткен бөліктерді талапқа сай келетін бұйымға айналдыру тікелей дәнекерлеушілердің құзырында. Бұл жауапты міндетті орындауда Манат Қуанбайұлы тәжірибесі мен іскерлігіне иек артады. Саладағы 26 жылдық тәжірибесі оны әрқашан жетістікке жетелеп келеді.
– Осында келгенде менен де бұрын еңбек жолын бастаған Сергей Сороколетовтен біраз дүние үйрендім. Ол қазір – зейнеткер. Дәнекерлеу ісінің тағы бір шебері Сергей Кривенко әлі күнге дейін кәсібінен қол үзген жоқ. Үзеңгі қағысып, қатар келеміз. Бізден кейін келген Сәулет Әбдірахманов, Мадияр Ұзақбаев телімнен сапалы өнімнің шығуына атсалысып келеді, – дейді Манат Дәулетбаев.
Темірдің тілін тауып, оны кәдеге жарату жолында қыруар шаруа атқарып отырған телімнің бүгінгі табысының негізін ұжым береке-бірлікпен ұштастырады. Ынтымағы жарасқан еңбек ортасының қашанда жетістікке жетері ақиқат.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
«Мыстыөңір».
Суреттердітүсірген автор.