Қазақ ежелден туыстық қарым-қатынасқа аса мән берген. Әсіресе, бажалардың алатын орны бөлек. Бұрын «Төрт аяқтыда – бота, екі аяқтыда бажа тату» десе, бүгін «Бір ауылда тоқсан туысың болғанша, әр ауылда бір бажаң болсын» дейтін көрінеді. Қалай айтылса да, бұл бажаның көңіл жақындығын айқын сипаттайды. Менің де бауырымдай болған бір бажам жетпістің жайлауына атбасын бұрып отыр.
Жәмшит Қалқашұлы – талай тарихи оқиғаның отанына айналған Торғайдың тумасы, кіндік қаны Аманкелді ауданындағы «Сарыторғайдың» топырағында тамған. Сонда ер жетті, өсіп-өнді. Арқалық ауылшаруашылық техникумының «қатырма» қағазымен-ақ көршілес «Қараторғай» кеңшарында бес жыл машина-трактор шеберханасын басқарды, бес жыл бас инженер болды.
Балажандығы болар, жеке шаруашылығын бауырына тапсырып, осыдан он жеті жыл бұрын кеншілер қаласына қоныс аударды. Сол кезде жоғары оқу орнын бітіріп, еңбек жолын кеншіліктен бастаған Медеті – бүгінде Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында ауысым шебері. Ақырын жүріп, анық басатын келіні Баян ата-енесінің бабын тауып отыр. Жоғары білімді экономист қарап отырсын ба, №9 мектепте ұстаздардың бар-жоғын түгендейтін есепшілік қызметі тағы бар.
Мейрамы – Арқалықта. Осы жақта отбасын құрып, шаруасын түгендеп алғаннан кейін, Гүлшат келін екеуінің бір ойлағаны болды ма, әлде «Ит – тойған жеріне, ер – туған жеріне» деген қағиданы ұстанды ма, артынып-тартынып туған жеріне тайып тұрды. Жағдайы жаман емес, жеке шаруамен айналысады. Жәкең мен Роза жылдың төрт мезгілінде екі ортада шапқылап жүргені. Олардың Арқалыққа барып-қайтуы біздің Қарсақбайға қонақтап қайтқанымыздан оңай.
Қос қызы – жат жұрттың түтінін түзу шығарып, басқа әулетті бір қауым елге айналдырған кең құрсақты келін. Әсіресе, анау-мынауға көңілі толмайтын кірпияз мінезді Гүлбаршын құдағидың тілін тауып отырған Меруертке дән ризамын. Мақпал – Астанада, таяуда үшінші ұлына босанды. Бір ғажабы, оның үш ұлы да бір күн, бір айда туған. Ал, жұбайы Арман мен Жәкеңнің табиғатынан бір ұқсастық табамын да тұрамын. Әлде, келін – енеге, күйеу атаға тарта ма екен?!
Жер бетінде біреуге жамандық ойламайтын екі адам болса – біреуі, жалғыз болса, ол Жәкең екеніне бәс тігемін. Алты қыздың алғашқысын алып отырғандықтан ба, еркелегіміз келіп тұрады. Кейде сол еркелігі құрғырдың есерлікке ұласып кететіні бар. Сондайда Бас бажа сыр бермейді. Не болса да, бәрі ішінде. Көңілінің кеңдігіне қайран қаламын. Сосын балаларының әке бетіне келгенін байқамаппын. Олар дегенде өзі де үздігіп тұрады.
Жәкең екі ұлынан көрген тұңғыш немересінің есімін маған қойғызды. Баланың есімі тағдырына әсер ететінін, қойған адамның кейбір қасиеті жұғысты келетінін есіне салып, «менің оңған қылығым жоқ қой» деп едім, «Саған тартса, қор болмайды!» деп қойып қалды. Сосын Ораза айында туғанын «Рамазан» деп атадым. Екіншісіне келгенде қамшы салдырған жоқпын, «Қотырандардың мерейін өсіріп жүретін Мерей болсын» дедім. Жұрттың айтуына қарағанда, екеуі алып та, шалып та жығатын алғыр азамат болып ер жетіп келеді.
Ал, қайынапам Роза – құйын (мені құдай өзі кешірсін!). Аздаған асабалығы бар, отырған жерін гүлдендіріп жібереді. Біздің үйдегі: «Бала кезімізде бәрімізді бір шыбықпен айдайтын» дейді. Қатынға қарсы келетін қауһар қайда?! Сенемін! «Ауылдағы жалғыз азық-түлік дүкенінің кілтін ұстаған адам бір үйдің баласы түгіл, басқаны да ықтырған шығар?» деп, астына көпшік қойып қоямын. Негізі қайынапамның қолы ашық. Басың ауырып тұрғанда бара қалсаң… Қой, осы жерден тоқтайын.
«Жәке, бүгін «Керемет» мейрамханасында өтетін мерейтойыңа 70 мың теңге апарамын. Бұл келешекте өсе береді. Менің бір сөзді екенімді білесің. Сондықтан, ыңқыл-сыңқылды доғарып, жүзге жетудің қарекетін қарастыр. Ғасырлық мерейтойыңды тойлауға жетсек, өкшеңді басып келе жатқан біз де біраз жерге барып қалармыз…».
Әлібек Әбдіраш.
СӘТБАЕВ қаласы.