Кезінде облыстық арна деңгейіне көтеріліп, аймақта ақпарат айдынында жұлдызы жанған бүгінгі «Дидар» телеарнасы заманауи талапқа сай жаңғырудан өтуде. Сапалы контент, айқын да нақты ақпарат беру жолында тынымсыз жұмыс үдерісі соңғы жылдары қолға алынды. БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында «Дидар» телеарнасының креатив директоры, Ақпарат саласының үздігі Базаркүл Сейітжанқызы Үмбетовамен телеарнадағы ауқымды өзгерістер жайында сұхбаттасқан болатынбыз.
– Алпыс жылдан аса аймақ тұрғындарын ақпаратпен сусындатып, өңірдің тыныс-тіршілігін тап басқан «Дидар» телеарнасына оралғаныңызға да біршама уақыт өтті. Осы аралықта телеарнаның техникалық базасын жаңғырту мәселесі оң шешімін тапты ма?
– «Дидар» телеарнасын өткен жылдың қазан айында сенімгерлік басқаруға алған азаматтардың өтінішімен, 25 жылдан кейін өзім алғаш еңбек жолымды бастаған ұжымға оралдым. Шақыртуды қабыл алып, жұмысқа кіріспес бұрын, бірден телеарнаның директоры емес, шығармашылық жағына жауап беретінімді, сапалы контент қалыптастыру мақсатында жұмыс істейтіндігімді айттым. Менің телеарнадағы қызметім креатив директор, ал арнаның директоры Сәтбаев, Жезқазған, Қарағанды қалаларында еңбек етіп, мемлекеттік қызметте шыңдалған Еркебұлан Балмұқан. Әрине, бұл менің мойнымдағы жауапкершілік жүгін азайтпайды, тек өз уақытымды жоспарлаған жұмыстарыма арнап, нәтижелі іс тындыруға мүмкіндік береді. Техникалық базасы жайлы айтқанда, нарықтың қыспағы, қаражаттың аздығы қолбайлау болған шығар, былтыр біз келгенде арнаның жалпы жағдайын сараптай отырып, ең алдымен кезек күттірмейтін мәселе ретінде техникалық жаңғыртуды қолға алдық. Бұған дейін 4:3 форматында ғана жұмыс істеп келген телеарнаның форматын халықаралық деңгейдегі 16:9 кең жолақты форматқа, ішінара көркемдік безендірулерді, бағдарламалардың берілу стилін заманауи қалыпқа ауыстырдық. Монтаж жасайтын компьютерлер мен бүгінгі талапқа, жаңа форматқа сай келетін бейнекамералар (Sony HXR-NX 80 форматында 4K, Panasonic AG-HVX100 форматында HD, 4 K DJI Mavik Air 2S форматындағы дрон) т. с. с қажетті дүниелерді сатып алып, техникалық базаны жаңартып қана қоймай, эфирдегі телеөнімдердің көрсетілу сапасын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді. Өздеріңізге белгілі, озық технологиялар үнемі жаңарып отырады, олардың бағасы да арзан емес, бірақ ақпараттар тасқындаған дәуірде өмір сүріп отырып, ескі техникамен алысқа ұзай қоймайсыз. Бұл бір күндік жұмыс емес, біз оның алғашқы бөлігін, яғни аса қажеттілерін ғана ауыстырсақ, алда техникалық жаңғыртудың екінші кезегі күтіп тұр.
– Базаркүл Сейітжанқызы, «Дидар» сіз үшін журналистикаға қадам басқан алғашқы мектеп ретінде ыстық екенін жақсы білеміз. Кезінде облыстық арна болып тұрғанда осында тәжірибе жинақтадыңыз. Кейіннен республикалық арналарда да еңбек еттіңіз. Тәжірибеңізге сүйене отырып, «Дидар» телеарнасындағы бағдарламаларды түрлендіру жолында қандай жұмыстар жүзеге асырудасыздар?
– Мен Жезқазған облыстық телеарнасының бастауында болған аға-апаларымның бәрімен бірдей болмаса да, көпшілігімен бірге жұмыс істедім, аға буынның жолын жалғадым. 1992 жыл республикада бірінші болып, Жезқазған телеарнасы өзіне бөлінген арнайы уақытпен шектеліп қалмай, Ресей арнасында «Дидар» атауымен екінші бағдарламалар толқынын эфирге шығарды. Кейіннен қалалық телеарна осы атауын сақтап қалды. Жалпы еңбек өтілім бойынша телерадио, интернет журналистика саласында 37 жыл жұмыс істесем, оның 13 жылы телеарналар еншісінде екен. Алдында атап өткенімдей, бірінші кезекте техникалық жаңғыртудан кейін қолға алынған жұмыс, арнаның ребрендингі және эфирлік кестесін жаңа сипаттағы бағдарламалармен толықтыру болды. Жезқазғандық көрермендеріміз өткен жылдың 16 желтоқсан күні Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде арнаның логотипінің өзгергенін, эфирдің басталуында жерлесіміз, республикаға танымал сазгер Жақсыкелді Сейілов пен белгілі ақын Сайлаухан Нәкеновтың «Ұлытауым» әнінің әуені ойналатынын, ал жаңалықтар топтамасының атауы «Бүгін», «Сегодня» деп өзгертіліп, оның бастауындағы әуен де ақын апамыз Нүрәсила Бәрменбаева мен Жақсыкелді ағамыздың «Жезқазған маршы» негізінде өңделіп, дайындалғанын байқаған шығар. Барлық бейнеүзіктер мысты шаһардың көпшілікке белгілі ескерткіштері мен жезқаланың көрікті жерлерінен түсіріліп, көрермен назарына ұсынылды. Наурыз айынан бері телеарнамызда жаңа маусым басталып, 6-12 жастағы балаларға арналған аптаның 5 күні таңғы 8.00-де «Таңғы жаттығу», сейсенбі-жұма күндері кешкі 19.45-те «Телебалапан» бағдарламасы жүйелі түрде көрсетіліп келеді. 70 жылға жуық тарихы бар мысты шаһардың қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлесін қосқан құрметті азаматтарымыз бен қаламыздың атын әлемге танытқан спортшыларымыз, көшеге аттары берілген тарихи тұлғаларымыз жайлы сыр шертетін «Біздің қала» , қоғамдағы өзіндік орны бар жандармен ашық сұхбатқа негізделген «Парасатты пайым», имандылық, салт-дәстүрді өзек еткен «Жұма» тележурналы бүгінде көпшілік үзбей, іздеп қарайтын хабарлар қатарына енді.
1 маусым – Балаларды қорғау күніне арналған «Телебалапанның» концертінде қаламыздағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінің 500 орындық залында ине шаншар жер болмай, жүзден жүйрік шыққан балақандар өнерінің қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленуі біздің үш ай бойғы ізденісіміз бен атқарған ісімізге берілген бағадеп есептеймін. Қала өміріндегі болып жатқан жаңалықтар мен маңызды оқиғалар да арна журналистерінің назарынан тыс қалған емес. Осы сұхбатта пайдалана отырып, арнамыздағы сапалы контентті қалыптастыруға, жаңа жобаларымызды қолдауға атсалысқан жандарға ризашылығымды білдіргім келеді. Бірнеше жылдан бері қаржы тапшылығынан жаңа деректі және көркем фильмдер сатып алу мүмкіншілігі болмағанын айтып, хабарласқанымда арнамыздың жаңа форматына сай келетін бірнеше фильмдерді тегін көрсетуге қол ұшын берген жезқазғандық жерлесіміз Серік Сәлиевке алғысымыз шексіз. Егер осы фильмдердің нарықтағы бағасын есептесеңіз, бізге көрсетілген көмектің мөлшерін бағамдауға болады. Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театрының директоры Досхан Сәкен, Жезқазған қалалық тарихи-археологиялық музейінің директоры Раушан Қапарова наурызда басталған жаңа бірлескен жобаларымызға бірден қолдау танытты. Болашақта осындай әріптестік қарым-қатынастар жалғасады әрі ондай жандардың қатары көбейетініне сенеміз.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен облыс болып, жеке енші алдық. «Дидардың» бұрынғы облыстық арна деңгейіне қайта көтерілуіне шығармашылық қана емес, материалдық-техникалық мүмкіндіктері бар деп ойлаймыз…
– Әрине. Сапалы контент дайындау материалдық-техникалық мүмкіндіктерге байланысты. Арнаның бейресми өмірбаяны техникалық қызметкерлердің ынта-жігерімен жүзеге асқан, құрылғанына 63 жылға аяқ басқан «Дидардың» Жезқазған облысы болып тұрғанда дайындаған бейнефильмдері республика деңгейінде ғана емес, Одақ көлемінде жоғары бағаланып келді. Ең алғашқы айтыстың телевизиялық жобасының өзі біздің облыстық телеарнада басталғаны жайлы журналист Мұқағали Сейітқазының «Парасатты пайым» бағдарламасына қатысқан ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман тоқталып, осында еңбек еткен жылдарынан жып-жылы естелік айтқан болатын. Ал араға 25 жыл уақыт салып, облыс мәртебесін қайтарып алған кезде, Ұлытау облысының жаңа территориясының белгіленуіне орай, алдағы уақытта арнамыз хабар тарату аумағын да кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұған дейін де көршілес қалалар мен аудандармен қоса, таралымы республиканы қамтып отырған «Дидар» телеарнасының Ұлытау облысының жаңа тарихының жарқын беттерін жазуға, жаңашыл бағыттағы озық идеяларды жүзеге асыруға облыстың бас арнасы болып, хабар таратуға барлық жағынан мүмкіндігі де, шығармашылық әлеуеті де жетеді.
– «Дидар» төңірегінде біраздан бері түйткілді сұрақтар болғаны жасырын емес. Қазіргі таңда сенімді басқаруға алынған телеарнаның күн көрісі қалай?
– Барша журналист қауымы үшін қанатты сөзге айналған Шерхан Мұртазаның «Журналистердің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деуінің астарында айқын шындық жатыр. Бұл өзекті мәселе жергілікті БАҚ өкілдерін толғантып қана қоймайды, республика деңгейінде де жиі көтеріліп жүр. Сенімді басқаруға алған кезде телеарнаның қызметкерлерінің жалақысының мардымсыз екенін байқадық. Бірақ, жаңа техникалар алмай тұрып, бірден жалақы көтеруге мүмкіндік болмады. Наурыз айынан бастап, барлық қызметкерлер жалақысын көтердік. Қазіргі жағдайда бұл жалақы соншалықты көп дей алмасақ та, облыстық,тіпті республикалық арналардағы әріптестеріміз алып жүрген жалақымен теңесті деп айта аламын.
– Ақпарат саласы жаңалықтарды айқын да анық әрі жылдам жеткізуді талап етеді. Әрине, бұл білікті мамандардың кәсібилігіне тікелей байланысты. Осы орайда арнаның тірегіне айналған кадрлар жөнінде сөз қозғап кетсеңіз.
– Телеарнада қызмет атқарған жылдарда талантты, өз ісіне берілген жандармен жұмыс істедім. Кейін олардың дені облыс тарағасын жан-жаққа қоныс аударды әрі осында жинаған тәжірибесін жарқыратып көрсете алды. Бізге бағыт берген, сол кездерде бас редакторымыз болған Марат Сандықбаев ұзақ жылдар бойы «Қазақстан» ұлттық арнасының бағдарлама директоры болып еңбек етті, Тимур Қасабеков Елордада «Қазақстан РТРК» АҚ дизайн департаментінің директоры болса, Ернұр Қасабеков «Хабар» агенттігінде, «Қазақстан РТРК» АҚ техникалық директор қызметін атқарды. Біздің өтінішімізді жерге тастамай, Ернұр Қасабеков туған жеріне оралып, өзі еңбек еткен «Дидар» телеарнасының техникалық жаңғыртылуына өзіндік үлесін қосып, техникалық директор болып, қызмет атқарып жүр. Ал арнадағы қызметкерлеріміздің дені жергілікті жастар, олардың әрқайсы өзге қалаларда жоғары білім алса да, туған жерлеріне оралып, өңірлік журналистиканың дамуына өз қолтаңбасын қалдырып жүргеніне ризамын. Арнаның аға режисері Нұрталап Шарападин, 20 жылға жуық табан аудармай еңбек етіп жүрген режиссер Гүлшахира Серекбаева, ақпараттық бағдарламалардың шеф редакторы Елдос Кәкенов, журналистер Мұқағали Сейітқазы, Гүлім Маратқызы, Маржан Ғабдысаттар, орыс тіліндегі жаңалықтар қызметінің аға редакторы Күнсұлу Даниярқызы, бейнеоператор Думан Ораз, бағдарламаларды шығарушы редактор Бақытгүл Акпарова, зейнетке шықса да әлі күнге еңбектен қолүзбеген айрықша даусымен көрермен іздеп жүретін Аманкүл Арымбекова сияқты әріптестерімнің есімдерін ілтипатпен атап, арнаның дамуына қосып отырған үлестері мол екенін баса айтар едім.
– Алдымызда кәсіби мереке. Жылына бір келетін атаулы күнге орай аймақтағы әріптестеріңізге арнар лебізіңіз.
– Биылғы мерекені біздің аймақтағы журналистер ерекше қуанышпен қарсы алғалы отыр. Туған жерінің түлеп, қайтадан облыс мәртебесін алып, қасиетті Ұлытаудың атын иеленгенінен асқан бақыт бар ма?! Күні кеше барша қазақ баласының назарын аударып, құрылтайдың ұлт ұясы атанған Ұлытауда өткізілгені – бір мәртебе. Президентіміздің мысты өңірге сапары барысында Ұлытау облысының, оның орталығы Жезқазған қаласының болашақта гүлденіп, көркейетініне сенім білдіргені қалам ұстаған барша әріптестерімді қанаттандырғаны сөзсіз. Аймақтағы әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Өзінің емес, өзгенің мұңын жоқтайтын, ізденістен танбай, мамандықтарына адалдық танытып жүрген әрқайсыңызға шығармашылық табыс, еңбектеріңіз еленіп, халық құрметіне бөленіп жүріңіздер, бақытты да ұзақ ғұмыр сүріңіздер деймін!
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.