Дәнекерлеуші – шеберлікті, төзімділікті қажет ететін күрделі жұмыс. Қосылатын темірлердің қаттылығына, беріктігіне қарай электродтың түрлері, тігістің қалыңдығы мен беріктігі де ауысып отырады. Дәнекерлеуші соның бәрін саралай білуі керек. Дәнекерлеуші күні – мамыр айының соңғы жұмасында аталып өтетін бейресми, бірақ дәстүрлі кәсіби мереке. Дәнекерлеуші күніне орай «Қазақмыс» корпорациясының жөндеу-механикалық мамандандырылған басқармасында жас дәнекерлеушілер арасында дәстүрлі кәсіби байқау өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын сайыс биыл да өндірістегі жас мамандардың шеберлігін шыңдап, үздіктерді анықтайтын маңызды алаңға айналды.
Байқауға еңбек өтілі бес жылдан аспайтын, 2-разрядты 21 жас маман қатысты. Олар теориялық білім мен тәжірибелік шеберлікті қатар сынға салды. Алдымен қатысушылар техника қауіпсіздігі мен өндірістік бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, емтихан тапсырды. Кейін тәжірибелік кезеңде тік тігіс дәнекерлеу жұмысын орындап, өз мүмкіндіктерін көрсетті.
Сайыс шарты бойынша қатысушыларға небәрі 15 минут уақыт берілді. Осы аралықта олар жұмыс орнын ретке келтіріп, дәнекерлеу жұмыстарын сапалы әрі қауіпсіз орындауы тиіс болды. Қазылар алқасы әр үміткердің жұмыс сапасына, ұқыптылығына және қауіпсіздік талаптарын сақтауына ерекше назар аударды.
Байқауға жөндеу-механикалық мамандандырылған басқармасының бірнеше учаскесінен келген жастар қатысты. Олардың қатарында әке жолын жалғап, кәсіпті отбасылық дәстүрге айналдырғандар да бар. Солардың бірі – Сергей Шеломенцев. Ол дәнекерлеуші мамандығын әкесінің жолын қуып таңдағанын айтады.
Тартысты өткен байқау қорытындысында №5 монтаждық-дайындау учаскесінің жас маманы Андрей Тюрин бас жүлдені иеленді. Өндірісте небәрі бес ай еңбек етсе де, ол кәсіби шеберлігімен көпшіліктің назарын аударды. Бұрын баскетболмен кәсіби айналысқан Андрей бүгінде өндірісте де жеңіске ұмтылатынын дәлелдеп отыр.
Бірінші орынды Даурен Ербосынов жеңіп алса, екінші орын Нұрдәулет Бауыржанға бұйырды. Үшінші орын Темірлан Қуанышбекке табысталды.
Сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша да үздіктер марапатталды. «Ең жас дәнекерлеуші» аталымын Нұрдәулет Айтмағанбет иеленсе, «Жеңіске деген жігері үшін» марапаты Анатолий Зинченкоға берілді. Ал қауіпсіздік техникасын үздік меңгерген қатысушы ретінде Досбол Ақбаров танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар, бағалы сыйлықтар және дипломдар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай байқаулар өндірістегі жас мамандардың кәсіби дамуына серпін беріп, еңбек адамының беделін арттыра түсетінін атап өтті.
ГҮЛІМ МАРАТҚЫЗЫ




