«Нұрқазған» кенішіндегі «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазиновтың ұйымдастыруымен жыл сайынғы дәстүрге айналған балық аулау жарысы биыл да жалғасын тапты.
Кеніш еңбеккерлері бұл жарысқа белсенді түрде қатысып келеді. Өндірістік алаңға таяу Теміртау қаласының су қоймасына қармақ салған әуесқой балықшылар бір-біріне есе бермеуге тырысты. Кәсіподақ комитетінің жарысқа арнайы тағайындаған номинациялары мен жүлделі орындарын сарапқа салған балықшылар қыстың қытымыр мінезіне төтеп беріп, жарыста шыдамдылық танытты.
Жарыстың нәтижесінде «Алғашқы балық» номинациясын үңгілеу учаскесінен Нұрбол Сембин иеленсе, дизель учаскесінен Ерболат Ғұсыманов «Үлкен балық» аталымына лайық деп танылды.
«Көп балық» аталымы бойынша І орынды үңгілеу учаскесінен Сағат Қаппасов жеңіп алса, ІІ орынды дизель учаскесінен Рысбек Наредхан еншіледі. ІІІ орын Әмір Абзалбековке бұйырды.
«Жылдам бұрғылау» номинациясында І орын Ерлан Қожахметовке тиесілі болса, ІІ орын Қайсар Сәрсембаевтың үлесіне тиді. Бекмұрат Исмайлов ІІІ орынның жүлдесін қанағат тұтты.
Комитет төрағасы Айбын Сәтбекұлының айтуынша, дәстүрлі жарысқа қатысушылардың қызығушылығы жыл сайын арта түсуде. Кәсіподақ ұйымы салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы кез келген шараларды «Нұрқазған» кенішінің еңбеккерлеріне ұйымдастыруға пейілді.

