Кейінгі кезде кеншілер қаласында жылу энергиясына зәрулік әңгімеге жиі тамызық болып жүр. Оны шырайлы шаһарда соңғы уақытта құрылыстың қарқынды жүргізіліп, көптеген тұрғын үй және әртүрлі мақсаттағы нысанның жаппай салынуымен байланыстыратындар бар. Бұл да негізсіз емес.
Алайда, жылу беру маусымы аяқталар алдында жылумен жабдықтау кешенінің кәсіпорындарына екі күн рейд жасаған қалалық қоғамдық кеңес мүшелері басқа да бірқатар кемшіліктің бар екеніне көз жеткізді. Осыған орай қала әкімдігі мен сала басшыларына жолдаған ұсыныс-пікіріге таяуда тиісті жауап келді.
Қуаты кемшін қазандық
Шахталар шоғырланған өндірістік өңірдегі Оңтүстік-Батыс қазандығын (№2 жылу станциясы) қоспағанда, қаланы жылумен жалғыз жабдықтап отырған – аймақтық қазандық (№1 жылу станциясы). Ол 1963 жылы қатарға қосылған. Отыз бес жылдан кейін жаңғыртып, қуатын көтеру көзделген. Алайда, «Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады» дегендей, ойлағанның бәрі орындала бермейді екен.
Белгіленген мерзім бір белдің астында тұрғанда Жезқазған облысы тарап тынды. Жап-жақсы жоба жайына қалды. Айтпақшы, кент әлі «қала» мәртебесін алмай тұрғанда аймақтық қазандықтың қасынан жазда ыстық су беру мақсатында шағын қазан салынған еді. Бірақ, ол өткен жарты ғасырда бір мәрте де жазда ыстық су беріп көрген емес, қыста аймақтық қазандыққа септігін тигізумен шектелді.
Қазір аймақтық қазандық «Қазақмыс» компаниясы жылда қыруар қаржы құйып, жүйелі жөндеу жұмысын жүргізуінің арқасында «әупіріммен» күнін өткізуде. Қала қарап тұрама, жүрдек уақытпен үзеңгі қағыстырып, керегесін кеңейтіп келеді. Әсіресе, соңғы он жылдың о жақ, бұжағындағы құрылыстың қарқыны тегеуірінді. Сөзіміз дәлелді болу үшін дәйекті дерекке жүгінейік.
Бұған дейін бос жатқан жерге көп қабатты 45 тұрғын үй салынып, жаңадан «Нұрлымекен» ықшамауданы бой көтерді. 214 жер үй тұрғындардың игілігіне айналған «Байқоңыр» ықшамауданы да даму үстінде. Ерден көшесінің келесі бетінде көп қабатты тұрғын үйлерге арналған бірқатар бос телім жатыр. Жыл өткен сайын қалаға қоныс аударушы қатары артып келеді. Демографиялық үрдісте оң өзгеріс байқалады.
Таяуда түзетулер енгізілген қаласының бас жоспары толық жүзеге асқанда тұрғын саны 80 мыңға жетеді. Қала солтүстік, оңтүстік-шығыс бағытында кеңейеді. 7 балабақша, 3 мектеп, бірнеше денсаулық сақтау мекемесі, спорт залы, бос уақытты мазмұнды өткізуге арналған ғимарат, тағы басқа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсететін нысан, екі өрт сөндіру депосы салынады. Жедел бір шара қолданылмаса, жылу берудің «жыры» одан әрі жалғасатыны осыдан-ақ көрініп тұр. Жаңа облыс басшылығы мұны назарда ұстаса – құба-құп!
Жылу беру жүйесін алдағы маусымға дайындау, барлық көп қабатты үйді ортақ жылу есептеу жабдығымен қамту, тұрғын үйлер мен нысандарды қалыпты жылумен қамтамасызету, қазандықты техникалық тексеруден өткізу, ауаға тарайтын зиянды қоспаның көлемін кеміту бағытында белгіленген іс-шараға тоқталған «Қазақмыс Дистрибьюшн» компаниясының бас директоры Н. Сағындық жауабында жылуға зәрулікті жеңілдету жөнінде былай депті:
«Қазандықты техникалық жаңғырту жоспарына тоқталсақ, оның екі нұсқасы қарастырылуда. Біріншісі, екі жылу станциясының арасына толыққанды жылу жүйесінің құрылысын жүргізу. Екіншісі, қосымша № 5 агрегат салу
жолымен №1 жылу станциясының қуатынарттыру».
Күйі кеткен құбыр
Жылу энергетикасы кәсіпорнының өндірген өнімін (ыстық су) тұтынушыларға жеткізетін – жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорны. Жұртшылықты су, жылумен ырғақты қамтамасыз ету және сарқын судан арылту үшін өзінің қызметіне сәйкес сыртқы инженерлік желінің барлық құрылғы, электр сорғы жабдықтарын жөндейтін, пайдаланатын ол – қаланы жылумен-сумен жабдықтайтын коммуналдық жүйенің тізгінін ұстаған маңызды стратегиялық нысан.
Кәсіпорын 43 сорғы стансасын пайдаланады. Оныңжетеуіжылужеткізуге, отызекісі су тасымалдауға, төртеуі кәріз жүйесіне арналған. Сондай-ақ, тұрмыстық-зәр нәжістік қалдықты тазартатын құрылғылар кешені бар. Қалалық қоғамдық кеңестік мүшелері осылардың бірқатарында болып, қалыптасқан жағдаймен танысты, мамандармен пікірлесті. Өздерінің ұсыныс-пікірін ортаға салды.
Бірден айтайық, жылу энергетикасы кәсіпорнының онсыз да болар-болмас жылуын жұртшылыққа жеткізуге мүдделі бұл кәсіпорынның қызметі де келісіп тұрғаны шамалы. Тіпті күрделі десек, ақиқаттан алшақтап кетпейміз. Оның диаметрі 50-1020 миллиметрлік құбырдан тұратын инженерлік желісінің жалпы ұзындығы 766,7 шақырымға жетіп жығылады. Осының жылу жеткізуге пайдаланатының жартысынан астамы (56%), суға арналғанының оннан жеті бөлігі (73%), кәріз жүйесіне қатыстысының 85%-і тозған. Оны жылда жөндеуге, жамап-жасқауға аз қаражат жұмсалмасы анық.
Қаржыландырудың қиындығынан жылу бекеттерін жаппай автоматтандыру мүмкін еместігін ашық айтқан, №2 жылу бекетінде жоғары кернеулі электр шоғыр сымын оқшаулау мен қоршау жұмысы жүргізілгенін, магистральдық желіде жылу энергиясын есептеу жабдығын орнату маусым аяқталғасын қолға алынатынын, сорғы стансалары мен кірме жолдарды абаттандыру мен қоршаудың жұмыс кестесі жасалғанын, №1 сорғы станциясының қасынан жер телімін бөлудің заңдылығы әкімдіктің тиісті бөлімімен бірлесіп анықталатынын, барлық сорғы станциялары мен жылу бекеттерінің ғимараттарын жан-жақты зерттеу қарастырылып жатқанын жеткізген жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорнының директоры Е. Тоқымбаев жауабын былай аяқтапты: «Алдағы жылу беру маусымына дайындық барысында атқарылатын жөндеу жұмыстарына жалпы 422,775 млн. теңге қаржы жұмсау жоспарланған. Оның 250,113 млн. теңгесі – кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасында қарастырылған қаржы, 149,037 млн. теңгесі кәсіпорынның бюджеттік бағдарламасына енгізілген, 23,625 млн. теңгесін жергілікті әкімдік бөлген. Жалпы ұзындығы 33,063 шақырым желі жөнделеді: 15,767 – жылужелісі, 13,996 – су құбыры желісі, 3,3 – кәріз желісі. Сонымен қатар, 7 дана сорғы жабдығын сатып алу қарастырылған».
Аз болсын, көп болсын, қаражаттың бөлінгені жақсы-ау! Бірақ, атқарылған жұмыстың сапасы қандай болады? Міне, мәселе қайда жатыр?!
Түйін
Жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорны жылуды тұрғын үйлер мен нысандардың іргесіне дейін жеткізіп береді. Одан кейін оның қаншалықты тиімді пайдаланылатыны тұрғындар мен нысан иелеріне және коммуналдық қызмет көрсететіндерге байланысты. Коммуналдық қызметтің бұл түрі қоғамның «бас сақинасына» айналғалы қашан? Биыл 1 шілдеден бастап тұрғын үй қатынастарының жаңа түріне көшеміз. Талайдың «шашын ағартқан» жекеменшік пәтер иелері кооперативінің орнын енді тұрғындардың қалауына қарай меншік иелері бірлестігі немесе қарапайым серіктестік басады. Алайда, бұдан коммуналдық қызметтің көші түзеліп кететініне күмән көп. Бірақ, бұл – басқа мақалаға арқау болатын тақырып.
Әлібек ӘБДІРАШ.