Бала – ата-ананың бақыты, көз қуанышы. Қай ата-ана болсын бүлдіршінінің балалық шағында бақытты да мағыналы өмір сүруін қалайды.
Бүгінгі қоғамда баспанамен қамтылу мәселесі өзекті екендігі шындық. Балақайлардың өз шаңырақтарында шат-шадыман күй кешіп, еш қамсыз білім алып, ер жетуіүшін де баспананың маңызы зор. Осыны бағдарлай білген «Қазақмыс» – өзінің өндірістік аймақтарындағы еңбеккерлерді баспанамен қамту бағдарламасын тиімді жүзеге асырып келе жатқан еліміздегі бірегей компания.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезінетін «Қазақмыс» компаниясы Жезқазған, Қарағанды, Балқаш өңірінің көпбалалы еңбеккерлерін пәтермен қамтуға баса көңіл бөлуде. Осы игі дәстүр биыл жаңа бастамамен ұштасты. Компания басшылығының ұйғарымымен «Қазақмыс Холдинг» ЖШС-нде еңбек ететін мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып отырған азаматтарға баспана беру тетігін іске қосты. Ел Президенті Қасым-ЖомартТоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп белгілеген болатын. Әлеуметтің алдындағы жауапкершілігін сезіне білген компания 1 маусым – Халықаралық балалар күнінде салтанатты жағдайда пәтер кілттерін табыстады. Үш өндірістік алаң – Жезқазған, Қарағанды, Балқаштан бір сәтте 35 еңбеккер баспаналы болу бақытына кенелді. Соның ішінде Жезқазғаннан 11 отбасына пәтер бұйырды.
Ата-аналарды осы қуанышты сәтімен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Андрей Гайдин құттықтап, компания тарапынан мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға үнемі қолдау болатындығын жеткізді.
Басқарма төрағасы Андрей Павлович «Батыс» кеніші №67/70 шахтаның конвейер машинисі Дәулет Омарға, аталмыш шахтаның ұнтақтаушысы Бақытжан Сүлейменовке, Оңтүстік Жезқазған кеніші №65 шахтаның жол қызметінің еңбеккері Бауыржан Мұханбетовке төрт бөлмелі пәтердің, құрылыс-монтаждау басқармасының бас механигі Нұрлан Көлбаевқа, құю-механикалық зауытының қалыптаушысы Сәбит Қадірге 3 бөлмелі баспананың кілтін тапсырды.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС атқарушы директоры Руслан Елкеев компанияның әлеуметтік жобалары шеңберінде баспаналы болу бақытына кенелген аймақтық бірыңғай қойма шаруашылығының қызметкері Гүлжанат Исатаеваға, Ғ. Омаров атындағы шахтапроходкалау тресі сорғы қондырғысының машинисі Нұрдәулет Төлеубаевқа екі бөлмелі, трестің тау-кен жабдықтарын монтаждаушы Мәди Серкебаевқа үш бөлмелі пәтер кілтін ұстатты.
«Қазақмыс Энерджи» ЖШС Бас директоры Темірлан Өтегенов «Қазақмыс Энерджи» ЖШС-нің ауысым басшысы Саят Жанұзақовқа төрт бөлменің, «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС трансформаторларды жөндеу телімінің қосалқы станциясының басшысы Жандос Өмірәлі мен турбина жабдықтарын қарау жөніндегі машинист Надежда Зубқа екі бөлмелі пәтер кілтін тапсырды.
«Қазақмыс Холдинг» еңбеккерлері бұл қуанышты көптен күткендерін айтып, көздеріне жасалғандары да болды. Бұл балаларға баспана бұйырған күннің қуанышты сәтіндегі көз жасы болатын…
Салтанатты жиыннан соң Андрей Павлович Гайдин бастаған меймандар баспаналы болған шаңырақ иелерінің үйіндеболып, қуаныштарымен ортақтасты.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.