Қасқажолмен «Қаратөбені» қапталдай көтерілгенде, қарсы алдыңнан қасқайып Қарсақбай көрінеді. Оң жақта – завод. Ойпаңдағы оны қырат көлегейлегенімен, мойнын созып қозыкөш қашықтықтан көзге шалынатын қос мұржасы көңіл түкпіріндегі сағыныштың қоламтасын қоздатып, өткенді еріксіз еске түсіреді.

Табалдырығын талай аттаған, көзге таныс, көңілге ыстық кәсіпорын. Оның тарих қойнауында қалған, айбыны асқақтаған қуатты кезеңі күні кешегідей көз алдымда: көкке шаншылған қос мұржасынан бураның шудасындай шұбатылып, көкжиекке қарай жөңкіле көшкен көкшулан түтін… Қызуы бет қаратпайтын қызылжалқын балқыма… Киіз қалпағын келістіре киіп, маңдайынан тер моншақтаған металлургтер. Балқыма баптаған өреннің тұлғасы таумен таласқандай…

Иә, біздің бала кезімізде кереметтің бәрі Қарсақбайда болып жатқандай көрінетін: «Қаратөбеге» қарай қасқайып жатқан орталық көшеде ерсілі-қарсылы ағылған жұртшылық… Маңайынан адам арылмайтын «Московский» дүкені… Көгілдір көктемнен қоңыр күзге дейін кеш түссе жастардың күміс күлкісіне көмілетін, салтанаты сейілмейтін саябақ… Қолы қалт етсе кәрі-жас жинала қалатын еңселі клуб…
Өткені ертегіге бергісіз қарт Қарсақбайдың тарихын тарқатып, қазір ешкімді таңдандыра алмайсың. Өйткені, оны осы өңірдің кәрі-жасы бір адамдай біледі: ағылшын ашқанын, сосын олар «қызылдардан» қашқанын, қалай өндіріс ошағына айналғанын, кезінде алғашқы аудан орталығы болғанын, тағы-тағысын, тамсана әңгімелейді.

Өзіне өзгені ынтықтырған осындай ордалы өңірдің, бастапқы қара мыс қотарылғаннан «айдарынан жел ескен» қаситетті Қарсақбайдың басына өткен ғасырдағы жетінші онжылдықтың ортасында қара бұлт үйірілді. Завод оқыстан отқа оранды. Өрт өндіріс ошағын ғана емес, елдің өзегін де өртеді. Сол өрттен соң оның мұржасынан көкшулан түтін көрінген емес.
Сөйтіп, Қазақстандағы түсті металлургияның қарашаңырағы Қарсақбай тарихында «дейін», «кейін» деп таңбаланған кезең басталды. Майталман металлург біткен Жезқазғанда жаңадан қатарға қосылған, Қарсақбайдағыдан әлдеқайда қуатты, 1971 жылғы ақпаннан алғашқы саф алтындай сары мысын тұтынушыға жөнелте бастаған мыс қорыту заводына ауысып кетті.

Қарсақбайда қалған қауымның «екі қолына – бір күрек» тауып беру кәдімгідей күрделі мәселеге айналды. Зауытқа жабылып қалу қаупі төнді. «Қарсақбайдың күні бітті!» деген қаңқу сөз де есіліп қалды. Ошақ отын өшірмеу үшін «Үлкен үйдің» кенжесі – кәсіпорын басшысы Қадір Мәткенов шықты белсеніп.
Бұрынғыдай балқыма алынбаса да, Қарсақбайда қалған елдің несібесін айыратындай өндірісті сақтап қалу жолында қайран Қадір ағам қолдан келген мүмкін нәрсенің бәрін жасады: жұрт білетін жағдайды қайталап жатпаймын. Қоныс аудармай Қарсақбайда бауыр басып қалған қауымның қажетін қанағаттандырған, үзілмеген үміттің куәсіндей кәсіпорын қайта құрылды.

Бұл – уақыттың өзі үйлестірген өскелең өзгеріс. Кезінде алқынған пеште от ойнатқан металлургтің інісі мен баласы, тіпті немересі тың кәсіпті қазір мінсіз меңгеріп алған. Бәрі ортақ мақсат жолында білек біріктірген. Тіпті Қазан төңкерісінен бұрын ағылшын әкелген жабдықтың өзі әлі кәдеге жарап тұр. Қарсақбайлық кәсіпқойдың кәнігі шеберлігі!
Құдайға шүкір, қарт Қарсақбайдың әзірге қажитын, көштен қалатын түрі байқалмайды. Қайта уақыт талабына сай қайта құрылып, етек-жеңін жинап, «Қазақмыстың» қажетін өтеп отыр. Заводта корпорацияның кен-металлургиялық жабдығына қажетті қосалқы бөлшек құйылады. Таяуда көне кәсіпорынның табалдырығын аттаудың сәті түсті.
– Заводта отыздың үстінде түрлі қосалқы бөлшек құйылады. Құйылған қосалқы бөлшектер механикалық өңдеуден өтеді, кедір-бұдыры тегістеліп, бұрандасы салынады. Биылғы тапсырма 180 тонна болса, түскен тапсырысқа сәйкес жүйеленген жоспарды ай сайын ойдағыдай орындап, сапалы өңделген өнімді тұтынушыға уақытылы жөнелтіп келеміз.
Ұжымда еңбек ететін 47 адамның ұйымшылдығы ұйыған айрандай екендігі айтпасам да түсінікті. Электрик Марат Итқараев, металл құюшы Бақтияр Аңсағаев, қалыптаушы Серік Түлкібаев сынды өндіріс ардагерлері – жастар үлгі тұтар тұлғалар. Ал, жастар арасынан Нұртілеу Таңжар, Марғұлан Қоштай, Сүйіндік Ранов, Төкен Мүсиев есімін атап өткім келеді, – дейді, құю-механикалық телімінің бастығы Қайыржан Қамбаров.
Тоқетеріне тоқталсам, қарашаңырақтың тірлігі көптен көш ілгері болмаса да, көңіл жабырқайтындай жайы жоқ. Өңірге шақ – өндірісі, «тәубә!» дейтіндей тұрмысы бар.
Айтпақшы, бұдан үш жылдай бұрын, нақтысы – 2023 жылғы ақпанның соңына салым «Қарсақбайдың өндірісі қаңтарылады екен» деген қауесет тарады. Бұл жұртшылықты қатты алаңдатты. Артынан әлгі жаңсақ ақпарат екені анықталды.
Кенттің келешегін құрамы темірге аса бай «Балбырауын» кен орнымен байланыстыратын жұртшылық Қарсақбайдың іргесінен өтетін «Жезқазған – Бейнеу» теміржолы жаңа мүмкіндікке жол ашатынына сенімді. Кезегін күтіп «Керегетас» жатыр. Әлемдік нарықта темірге сұраныс артып, екеуі ел игілігіне айналса, екінші Қазақстан Магниткасы өмірге келетініне күмән жоқ…
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.
ҚАРСАҚБАЙ кенті.
