«Қазақмыс» әлеуметтік жауапкершілігі зор компания ретінде өндірістік аймақтарда жастарды оқыту мен жұмысқа орналастырудың тиімдітетігін қалыптастырды.
Әсіресе, тау-кен саласына қажетті мамандарды даярлау, оқытуда «Қазақмыс» корпорациясы арнаулы оқу орындарын ашты. Міне, сондай кәсіби тұрғыдан жастарға білім беріп, дағдыларын шыңдауда Сәтбаев қаласындағы технологиялық колледждің атқарып отырған жұмысы айрықша. Мыңдаған шәкіртті түлетіп ұшырған білім ошағы өзінің озат түлектерімен мақтанады. Соның бірі – Эльмира Жарылқасын.
Қарағанды облысы Жезді қалашығының тумасы Эльмира аталмыш колледжді 2019 жылы ерекше үлгідегі аттестатпен тәмамдап, маркшейдер мамандығын игеріп шықты. Сол жылы колледждің жолдамасымен кен өндірісінің алыбы саналатын, жарты ғасырдан аса тарихы бар Оңтүстік Жезқазған кенішіне қарасты №65 шахтада маркшейдерлік бөлімде еңбек жолын бастады.
– Мектепте оқып жүргенде сызбамен жұмыс жасауды ерекше ұнаттым. Түрлі макеттер сызу менің сүйікті ісім болатын. 9 сыныптан соң мамандық игеру мақсатында Сәтбаев қаласындағы технологиялық колледжге келдім. Маған екітүрлі мамандықты ұсынды. Бірі – геолог болса, екіншісі маркшейдер. Таңдауым бірден маркшейдер мамандығы болды. Заманауи үлгіде жасақталған білім ордасында өз мамандығыңды игеруге барлық жағдай жасалғанына көзім жетті. Оқи жүріп, шахталарда тәжірибеден өттім. Жалпы, маркшейдерлердің атқаратын жұмысы қазба жұмыстарын сызбаға түсіріп қана қоймай, сонымен қатар, кеншілердің жұмысын айқын көрсету. Қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс жасауларына ықпал ету. Жауапкершілігі зор мамандықты колледж қабырғасында игере отырып, өндірісте шыңдалдым. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Бір жыл №65 шахтаның маркшейдерлік бөлімінде маркшейдер техник болып еңбекеттім. Мұнда мамандығымның қыр-сырына мені телім маркшейдері Гүлназ Боканова баулыды. Ал 2020 жылы Бас жобалау институтына ауыстым. Қазіргі таңда тау-кен бөлімінде инженер жобалушымын. Қазіргі таңда шахталарда бірінші кен алу және қайта өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Мен сол қайта өңделетін кендердің жобаларымен айналысамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Бөлім басшысы Ербол Боранбаев пен жетекші инженер Қонақбай Манапбергенұлынан үйренгенім өте көп. Аға буынның ақыл-кеңесі мамандыққа деген құлшынысымды оятып, серпін береді. Ал бастысы, өзім білім алып, мамандығымды дұрыс таңдауыма түрткі болған технологиялық колледж кәсіби
қабілетімді шыңдады, – дейді Эльмира.
Эльмира Жарылқасын колледжде алған білімін қазір өндірісте іске асырып, өзінің біліктілігін танытуда. Ол биыл жазда мамандығы бойынша білімін жетілдіру мақсатында жоғарғы оқу орнына түсуге ниеттенуде. Эльмира Серікқызы мамандығының бастауы болған технологиялық колледжді мақтан тұтады.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.