«Қазақмыс» корпорациясының негізгі ұстанымы қауіпсіз еңбек екені түсінікті. Өндірісте қауіпсіздікті күшейту, жарақаттану мен кәсіби аурулардың алдын алу бағытында корпорацияға тиесілі өндіріс орындарында қандай шаралар қолға алынғаны жөнінде Шығыс Жезқазған кенішіндегі техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің жетекші инженері Рабин Түсіпов әңгімелеп берген болатын.
Өндіріс нысандары үшін қауіпсіздік саясаты негізгі басым бағыттың бірі. Осы негізде «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы өндірістік үдерістерді қауіпсіздендіру, жарақаттанудың алдын алу және кәсіби аурулардың санын азайтуға көңіл бөлуде. Шығыс Жезқазған кенішінде атқарылып жатқан шаралардың бірсыпырасын алып қарар болсақ, кеніште жұмысшының жарақат алмауы, қауіпсіз жағдайда жұмыс жасауы үшін алдын ала техника қауіпсіздігі ережелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіледі. Қауіпсіздікті нығайту шараларына тікелей атсалысатын медициналық бекеттің қызметінің арқасында кәсіби жарақаттануға жол берілмейді. Жұмысшы ауысым алдында медициналық бекеттен толық тексерістен өтеді.
Еңбек үрдісін, жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру, машиналар мен қондырғылардың қауіпті жерлерін сенімді түрде қоршау, тек қауіпсіз жұмыс жағдайында ғана механизмді іске қосатын блоктау жүйесін қолдану сақтық шараларын күшейтеді.
Жарақаттанулардың алдын алатын міндетті шарттардың бірі – жұмысшылардың қауіпсіздік техникасы мәселелері бойынша сауаттылығы және үнемі жеке басты қорғайтын заттарды қолдануына тікелей қадағалау жасалуы.
Кеншілердің мүлдем жарақат алмау жағдайын қалыптастыру саясаты біздің кеніште өз нәтижесін беруде. Биылғы жылдың 4 айында жарақаттану бойынша фактілер тіркелген жоқ. Бұл күнделікті қауіпсіздік саясатын нығайтудың нәтижесі деп білген жөн. Біздің бөлімде күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады.
Егер жұмысшы тарапынан тіркелген өрескел құқық бұзушылық анықталса, оған апта сайын қауіпсіздік саясатын күшейту бойынша өтетін өндірістік кеңесте сөгіс жарияланып, тиісті шаралар қолданылады, – деді Рабин Әлімжанұлы.
Қазіргі таңда өндірістік жарақаттың алдын алу жағдайының жақсарғанын және кәсіби аурулардың барынша бәсеңдегенін статистикалық көрсеткіштерден анық көруге болады. Бұл біріншіден, жұмысшының өз өміріне деген жауапкершілігі мен жұмысына деген адалдығын танытады. Екіншіден, корпорация деңгейінде еңбек қауіпсіздігіне деген талаптың күшейгенін аңғартады. Еңбекті қорғау бағытындағы мұндай жүйелі жұмыстар толайым табысқа жол ашады. Сондықтан, әрбір жұмысшы сақтық өмірдің кепілі екендігін ұмытпағаны абзал.
Бағдат АЙТӨРЕҰЛЫ.
Сәтбаев қаласы.