Өнеркәсіпті қала Жезқазғанға тіршілік нәрін беріп отырған Кеңгір су қоймасына қатысты өзекті мәселелер айтылып та, жазылып та келеді. Мәселен, биыл «Мысты өңір» газеті Кеңгір су қоймасының Су кодексінің талабы бойынша мемлекеттік меншікке өтіп, сол арқылы қалаға тіршілік нәрін беріп отырған су көзінің талапқа сай күтімге ие болуы туралы мәселе көтерді. Бұл мәселелерді сенаторлар Рысқали Әбдікеров пен Сергей Ершов та назардан тыс қалдырған жоқ.
Міне, бет қатталып жатқанда редакцияға сол депутаттардың сауалына орай Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың жауабы келіп түсті. Мұның барлығы еліміздің інжу-маржаны саналатын Жезқазған қаласы тұрғындарының тіршілік нәрі ретінде тұтынып отырған су қоймасының экологиялық ахуалы туралы мәселе Үкіметтік деңгейге жеткізілгеніне дәлел болса керек. Бұл жолғы мақала су қоймасының биылғы деңгейі қандай болмақ деген сұрақтың төңірегіне құрылған болатын.
Табиғат – бірде көл, бірде шөл. Өткен жылы да тура осындай жағдай орын алған еді. Қала шаруашылығы мен өндірісін – 100%, ал адамдардың күнделікті тұтынуын 60% көлемінде қамтамасыз етіп отырған су қоймасының бүгінгі жағдайы жөнінде Жезқазған қаласы ТЖ басқармасының Азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы, майор Дулат Асанов әңгімелеп берген болатын.
– Заманында Үлкен Жезқазған өндірісін ашу, болашақ қаланың қазығын қағу туралы келелі іске де осы өңірдегі су көзінің тапшылығы кедергі келтіріп, қазақтың аймаңдай ұлы, айтулы ғалым Қаныш Имантайұлы Кеңес одағы дөкейлерінің алдында өз ұсынысын дәлелдеп, үлкен бөген салу арқылы қыруар су жинай алатын осы қойманың жобасы дүниеге келген еді.
Аумағына 319 млн. текше метр су қорын сыйғыза алатын ауқымды гидроқұрылыс 1952 жылы аяқталып, 1954 жылдың көктемінде оның арнасы тиісті деңгейге дейін толтырылған күн бүгінде тарих шежіресіне айналды. Кеңгір айдыны жарқырай толқынданып, оның жағасына орнаған Үлкен Жезқазған 68 жыл бұрын қала мәртебесін алғаны да ел есінде. Сол уақытта болашақ қаланың өркен жаюын ойша шолып өткен Қанекең көпшілік қауымға: «Бұл су қоймасы қазіргі жағдайға жеткілікті, болашақта Жезқазғанға Ертіс–Қарағанды каналы келеді» деген көрінеді. Сонымен қатар, академик Қ. Сәтбаев халықты ауыз сумен түпкілікті қамтамасыз ету үшін гидрогеологтардың назарын маңайдан жер асты суын жан-жақты іздестіре білуге аударды.
Қазіргі таңда Кеңгір су қоймасының жобалық көлемі 319 млн. текше метрді құрайды. Су қоймасы Қаракеңгір өзенінің төменгі ағысында орналасқандықтан, су қоймасына келетін судың мөлшері өзенге келіп құятын сай-салалардың толуына байланысты. Бұны Қаракеңгір өзенінің бассейні деп атайды. Өзен басейннің аумағы 18400 шаршыша қырымға тең. Бүгінгі уақытта Кеңгір су қоймасында 248 млн. текшее метрден астам су бар, ол дегеніміз су қоймасының жобалық көлемінің 77,7 пайызын құрайды. Көктемгі су тасу кезеңнің басынан су қоймасына 33 млн. текшее метрден астам су келді. Өкінішке орай, жоғарыда келтірген мәліметтен көрінгендей, биыл Кеңгір кемеріне келе алмады.
Су қоймасы Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы өнеркәсіп кәсіпорындарын, шаруашылық мұқтаждықтарын техникалық сумен және халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған, сондай-ақ Жезқазған жылу-электр орталығының айналма суын салқындататын тоған болып табылады.
Тоғанның көтемде тасыған өзен суымен толысуы табиғи жағдай. 2014 жыл мен 2022 жылдың аралығындағы көрсеткіштерге көз салсақ, 2014 жылы су қоймасына келіп түскен қор 198 млн.текшені құраса, 2015-2018 жылдары 319 млн текшее сумен толықты. Кеңгірдің кен еріне келген кезі осы жылдар. 2019 жылы көрсеткіш 300 млн текшені құраса, 2020 жылы оның көлемі 308 млн.текшеге теңелді. Өткен жылы 285 млн.текше су қоры болса, биыл 248 млн.текшені құрады. Ағымдағы жылда біз бұл көрсеткіштен де жоғары болады деп күткен едік. Алайда жобалы ққуатына жетпеді.
Су – тіршіліктің көзі, өмірдің бастауы, адамзаттың қуаты. Онсыз өмір болмайды. Халқымыз айтқандай, су бар жерде, береке де бар. Бүгінде жер бетінде адам саны өскен сайын ауызсу да әлемдік маңызды мәселеге айналды. Біздің елімізде олең негізгі мәселелердің бірі. Ал, халық пен өндіріс тұтынатын Кеңгір су қоймасы көктемде келіп қосылатын өзен суларының мөлшеріне тәуелді Жезқазған аймағының жағдайында ол мәселе тіптен өткір тұр десек, асыра айтқанымыз емес. Бұл ретте оны үнемдеу мәселесіне көбіміз аса мән бермейтінімізді атап айтқымыз келеді. Бір тамшы суды бағалап, қолда барымызды сақтау– баршамыздың ең үлкен міндетімізге айналуы керек.
Осы орайда айта кеткен жөн болар, Жезқазған қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы Кеңгір су қоймасында қыста мұз үстінде, жаздың ыстық күндерінде су айдынында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмысын жыл бойы ұйымдастырып келеді.
Солардың бірі су айдынын үнемі патрульдеу, халық пе нүгіт-насихат жұмысын жүргізу, ішімдік ішуді болдырмау сияқты басқа да жұмыстар жүргізіледі.
Бұл ретте демалушылардың да жеке басты және айналасындағы адамдарға деген жауапкершілігінің бар болуы. Кейбір жағдайда демалушылар жағадан алыс жүзіп кететіндерін көреміз, маскүйінде суға шомылуы тағы бар. Бұлардың барлығы қайғылы жағдайға әкеліп соғады. Сондықтан су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн,– дейді Дулат Төлешұлы.
Аймақтағы жалғыз тіршілік көзі – Кеңгір су қоймасы жеке меншік құзырда. «ҚазақмысДистрибьюш» ЖШС иелікететін су қоймасының экологиялық жағдайы да аса мәз емес. Қос қала тұрғындарының демалыс орны ретінде жаз мезгілінде жиі баратын Кеңгір жағалауына жақында барғанымызда айналасының күл-қоқысқа толғандығын көріп, «жаны ашымастың, басы ауырмас» деген осы екен ғой деп қынжылыспен қайттық.
Көктем шыға «Қазақмыс» корпорациясы бас болып, ұйымдастыратын экологиялық сенбіліктер су қоймасы маңын толық тазартуға негіз бола алмайды. Сондықтан жағалауға барған әрбір демалушы жалғыз тіршілік көзінің қадірін ұғынса демекпіз. Бұл олқылықтар – көзімізбен көргендеріміз.
Ал, су қоймасының астындағы ахуалдың қалай екендігі тек эколог мамандарға мәлім. Тоғанды сүзу, тазалау жұмыстары қаншалықты деңгейде жүргізіліп жатқандығын алдағы уақытта зерттеп, зерделейтін боламыз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
«Мысты өңір».