Қазірде халық көңілін алаңдатып отырған жағдайдың бірі – азық-түлік бағаларының шарықтап өсуі. Бұл жағдайға Мемлекет басшысының қаңтар оқиғасы кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша мемлекеттік реттеуді енгізу, трифтерді көтеруге мораторий жариялау жөнінде Үкіметке берген тапсырмасы да оң әсерін тигізе алмады. Президент тапсырмасына орай бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жайында Үкімет басшысы да одан беріде талай рет жиын өткізіп, марғау тірлікке бейімделген министрлеріне қозғау салған болды. Бірақ, қолға алып жатқан шараларынан тұшынарлық нәтиже көрінбейді. Адамдардың жиі тұтынатын тағамдарының бағалары ай сайынды былай қойып, апта сайын өсіп барады. Бұған қаладағы сауда орындарын аралап, тұтынушылардың біразының пікірлеріне құлақ түрген кезде көзіміз әбден жете түсті.
Көпшілік жұрт әлемдік геосаяси жағдайға байланысты доллар бағасының мың құбылып, нарықтағы ішкі ахуалға сыртқы факторлардың да әсер етіп отырғанын жақсы түсінуде. Алайда, бағаның жойдасыз өсуінің себептерінің бәрін бұған жатқыза беруге болмайды деуі де орынды сөз. Азық-түлік алуға халықтың ең көп баратын «Самади», «Органик», «Самаз» сауда орындарында болғанда біраз жайларға қанықтық.
– Өткен жылдың аяғындағы қымбат деп жүрген бағамыз арман болып қалды. Қаңтардан бері ең кем дегенде баға екі апта сайын құбылып, өзгеретінін көріп жүрміз. Күнделікті тұтынатын наннан бастап сүт өнімдеріне дейін қымбаттап барады. Мәселен, мен алатын 3,2% Садовое сүтінің 900 грамдығы қаңтар айында 307 теңге болса, қазір 320, қалбырдағы Глубоковское сүті 326 теңгеден 399 теңгеге көтерілді. Қарақұмықтың 800 грамы 610 теңгеден 705 теңгеге жетті. Өзімізде өндірілетін «Нәтиже» фирмасының сүт-айрандары мен лапша өнімдерінің де ай сайын қымбаттайтынын түсінбеймін, – дейді өзін Құралай деп таныстырған тұтынушылардың бірі.
Баға төңірегінде жұртшылық айтар пікірдің көпшілігі осыған үндес. Адамдар нан бағасының өсіп бара жатқанына алаңдаулы. Елдің бәріне әлеуметтік нан жете бермейді. Оның үстіне біреу қарабидай наны, біреу ақ нан деп таңдап алатындары бар. Олардың бағалары кейінгі екі айдың ішінде 15-20 теңгеге дейін көтерілгені байқалады. Қант бағасы 409 теңгеге шарықтап өсумен қатар оның тапшылығы орын алуда. Дүкен сөрелерінің көбінде қант жоқ. «Органик» сауда орталығында қаңтар айында жүз теңгенің үстінде болған пияздың килосы 229, картоп 237 теңгеден сатылуда. Кейбір дүкендерде бұдан да жоғары. Бір килограмдық кеспе наны 792, егде адамдар көп алатын «Нәтиже» айраны төрт жүзге жақындап, 394 теңге болыпты.
«Органик» сауда орталығының директоры Айнаш Бегулинова «бағаның өсуі бізге байланысты емес, оның себебін жоғарыдан сұраңыздар» дейді. Дегенмен, кәсіпкер бағаға әсер ететін біраз жайларды алға тартты. Оның айтуынша, солярка бағасы қымбат, азық-түліктің барлығы дизель отынымен жүретін КамАЗ-бен жеткізіледі. Ол көліктерге жүк тиеушілердің ақысы, банк карточкасының проценті сияқты көзге көрінбейтін шығындар да аз емес сыңайлы. Мәселен, Қарағандыда жүк тиеушілер бір автокөлікке 36 мың теңгеден алса, Каспий банкі тұтынушылардың карточкамен жасаған саудасының қызметі үшін 2%-ті сауда орындарының қалтасынан алатын көрінеді. Басқа да жанама шығындар бар.
– Фирмалардың бағасына біз 10%-ен артық үстеме қоспаймыз. Кейбір тауарларға саудадағы бәсекелестікке байланысты 5% мөлшерінде ғана қосылады. Нарық жағдайындағы баға саясатына негізінде жергілікті жердегі биліктің ықпалы жүрмейді. Өнім өндірушілер мен толайым жеткізушілерден бастап бәрін жоғарыдан реттеу керек. Бағаны түсіретін біздің қолымызда ешқандай тетік жоқ, – дейді сауда орталығының басшысы.
Солай дегенмен де, әкімдік тарапынан бағаға мониторинг жүргізіліп, бақылау жасап отыру міндеті алға қойылатыны белгілі. Осыған орай, біз әлеуметтік желі арқылы қаладағы тиісті бөлімдердің тарапынан бағаны өсірмеу жөнінде тиянақты жұмыс жүргізілмей отырғаны жайлы пікір білдірген едік. Бұл сөзімізге байланысты Жезқазған қаласының Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі былайша мәлімдеме жасады.
– Нарықтық экономика болғандықтан барлық тағамның бағасын ұстап тұру мүмкін емес. Күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тежеу жөнінде шаралар белгіленген. Соның бірі тұрақтандыру қорының көмегіне сүйену. Бірақ, облыстық тұрақтандыру қоры бағаларды реттеуді толығымен шешпейді. Біріншіден, одан әкелінген өнімдер қала тұрғындарының сұранысын жеткілікті көлемде қамтамасыз ете алмайды. Мәселен, жыл басынан бері бірнеше тонна қант, қарақұмық, картоп және жұмыртқа жеткізіліп, «Самаз», «Органик» сауда орталықтарында сатылды. «Ұлытау нан» зауытына облыстан әлеуметтік 1-ші сұрыпты ұн беріліп отыр. Соның нәтижесінде «Ұлы Дала», «Самади», «Органик», «Акцент», «Юникс» дүкендерінде 500 грамдық бірінші сұрыпты әлеуметтік нан халыққа 75 теңгеден, «Ұлытау нан» дүңгіршектерінде 85 теңгеден ұсынылып отыр. Бородиндік, диеталық, премиум және басқа да түрлі нандар нарықтық экономика негізінде еркін баға бойынша сатылуда. Қаладағы ірі сауда нүктелері заңға сәйкес баға үстемесінің шекті мөлшерін 15%-ен асырып жатқан жоқ. Екіншіден, Президенттің Жарлығына байланысты шағын және орта бизнесті тексеру бойынша мораторий белгіленген.
Жергілікті құзырлы мекеме өкілінің күн тәртібіндегі маңызды мәселе бойынша айтқан уәжінің түрі осындай. Бұл сөзіне қарағанда дүкендерді тексеруге болмайды деумен қатар, шарықтаған бағаны ауыздықтаудың жолын таппағандарын да аңғаруға болады. Ал, Президент тапсырма берген жоғары биліктегі Сауда министрлігінің өкілі жақында: «Бағаның өсу себебі маусымдық фактор болып табылады. Бұл сақтау шығындарының өсуіне және қорлардың азаюына байланысты. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Өзбекстан мен Пәкістаннан жаңа өнімдер әкелінді. Бұл да бағаның өсуіне негіз болып табылады», – депті. Бұл шіркін сірә, бағаға байланысты елдің алаңдауының негізгі түйіні тек көкөніс пен жеміс-жидекке ғана байланысты емес екенін сезбейтін сияқты. Осы жайларды сараптай келе енді баға ешкімге де бағынбайтын болды деп айтпасқа амалымыз жоқ. Дегенмен, ретін тапса Үкіметтің қолында зор мүмкіндіктер бар екенін де ескермеске болмайды.
Біз ішкі нарықтағы сұранысқа ие азық-түліктің молшылығын жасай алмай отырмыз. Өнімнің көптеген түрі бойынша әлі сырт елдерге тәуелдіміз. Мысалы, бір кездері бірыңғай қант қызылшасын өсірумен айналысқан Талдықорған өңірі кейінгі уақытта бұл бағытынан айрылып қалған. Шетелдің шикізаты мен өнімдерін жаппай әкелу өзіміздегі қант зауыттарын шығынға батырып, тақырға отырғызған. Ал, қанттың тапшылығы мен бағасының шарықтауы бүкіл тәтті өнімдерге әсерін тигізуде. Ресей мен Украинадан келетіндерді айтпағанның өзінде, осы кейінгі екі айдың ішінде Қазақстанда шығарылатын конфеттердің бағасы 300-400 теңгеге бір-ақ көтерілгенін көріп отырмыз. Басқа салалар бойынша да осындай мысалдар көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама қабылданғаны естеріңізде болар. Ал, соның іске асырылуы қалай? Өзіміздің Қарағанды аймағындағы «Нәтиже» фирмасының өнімдері неге байланысты қымбаттайды деп айтатындар бар. Ал, бағаның қалыптасуына әсер ететін тетіктерге үңілер болсақ, айран мен сүттердің картон қорапшасы, оның кішкентай қақпағына дейін сырт елдерде жасалатын көрінеді. Айналып келгенде ол шығындардың да өнім бағасына қосылатыны белгілі.
Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлемнің кез келген мемлекеті үшін маңызды мәселе. Сарапшы мамандардың пікірінше, тұтыну тауарларының 80% өзіміз өндірген жағдайда елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Қазақстанның мал шаруашылығын дамыту мүмкіндігі мол бола тұра өзін етпен қамтамасыз ете алмауы, егіншілікпен айналысып отырып астық тапшылығына жол беріп, ас атасы – нан бағасын ұстап тұра алмауы жүйесіз жұмыстардың салдары демеске лаж жоқ. Негізінде, азық-түлік бағасының үздіксіз жоғарылай беруі мен кейбір тауар түрі бойынша тапшылықтың байқалуы әлеуметтік үлкен проблемалар туындататыны белгілі. Сондықтан да қазіргі Үкімет нарықтық қатынастарды реттейтін кең көлемдегі кешенді шараларды қолға алуы керек шығар.
Амандық РАХҰЛЫ.