Біз саяси, әлеуметтік-экономикалық жүйесі жаңарған жаңа қоғам құруға негіз қалаудамыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 16 наурызда халыққа Жолдауында осы бағытта дамуымыздың жолдарын айқындап берді.
Ішкі саяси тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы тың бастамалар біздің көңілімізден шықты. Президенттің үш облысқа қайта енші беру туралы шешімін мен де қуана қабыл алдым. Мемлекет басшысының бұл идеясын толық қуаттадық. Десе де Ұлытау облысы қалыптасар алдында әр саладағы түйткілді мәселелердің басын ашып, айқындап алған жөн деп санаймын. Мені, энергетика саласында ұзақ жыл еңбек еткен азамат ретінде, аймақтағы энергетиканың бүгінгі жай-күйі толғандырмай қоймайды. Экономика мен тұрмыс жағдайын жақсартудың басты жолдарының бірі – осы энергетика саласын тұрақты жұмыс істетіп, өндіріс пен халықты күнделікті жылу, су, электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда Сәтбаев қаласының тұрғындарын жоғарыда көрсетілген энергия көздерімен үздіксіз әрі сапалы қамтамасыз ету үшін биылдан бастап біраз міндеттер жүзеге асуы тиіс.
Шаһардағы №1 жылу қазандығы 1968 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ондағы жабдықтар, қазандықтар әбден тозған. Жылу энергиясын тұтынудың өсуіне байланысты аталған қазандықтың қуатын арттыруды қолға алу керек. Алда-жалда облыс көлемінде ірі жобалар жүзеге асып, қалаларда тұрғын үйлер салынатын болса, қаланы жылумен қамтуда қиындықтар туындайды. Сондықтан болашақта Жезқазған мен Сәтбаев қаласының ортасына газбен жұмыс істейтін жылу орталығын салудың да маңыздылығы айқындала түседі. Бұл – жылумен қамтудағы түйткілді деген мәселелердің негізгісі. Біз сонымен қоса, ауыз суды үнемдеу, кәріздік жүйелерді тазалау қондырғыларын жаңарту сынды өзекті мәселелерге көңіл аударуымыз керек. Электр энергетика саласының да жағдайы көпті ойландырып жүргені ақиқат. Әсіресе, «Есқұла-1», «Есқұла-2», «Есқұла-3» су жүйесін электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін екінші электр әуе жүйесін салудың мезгілі жетті.
Қазіргі таңда электр энергиясының бағасы да көпшіліктің талап-тілегінен шықпай отырғаны жасырын емес. Жыл сайын өсетін электр бағасына арзандатылған тариф белгілеудің де мезгілі жетті. 2011 жылғы қыркүйек айына дейін электр энергиясымен қамтамасыз ету электр желілері кәсіпорнының құзырында болатын. Ол уақытта 1 квт сағат 4,648 теңге еді. Ал, қазір 16 теңгеге дейін өсті. Егер жеке тұлғаларға арналған тариф пен заңды тұлғаларға арналған баға көрсеткіші біріктірілсе, 1 квт сағаттың бағасы одан әрі жоғарлайды. Осындай жағдайларды болдырмау үшін ең әуелі Жезқазған және Сәтбаев қалаларына электр энергиясын Жезқазған жылу-электр орталығынан беру керек. Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі №588-1 «Электрэнергетика туралы» Заңын қайта қарап, электр энергиясын тек қана өндірушілер мен оны жеткізіп, таратушыларға ғана сатуға құқық берілуі керек. Электрмен қамтамасыз ететін кәсіпорынның балансында тиісті электр желілері болу керек. Біз осы жағдайларды энергетика саласында реттеуге барынша күш салғанда ғана аймақ халқын қуат көздерімен қамтудың мәселелерін шешеміз.
Президент бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруын, өндірістік нысандары бар компаниялардың тұрғылықты халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында тиісті жобалар әзірлеуін қаперінен шығарған жоқ. Осы тұрғыдан алғанда кен өндірудің алыбы саналатын «Қазақмыс» корпорациясы жаңа құрылатын облыстың басшылығымен бірлесіп, өңірді сапалы энергиямен қамтудың жобаларын әзірлеуі тиіс. Сонда тұрғылықты халық энергия көздерінен тапшылық көрмейтін болады.
Қорытындылай айтқанда, Президент Жолдауының әр салаға басымдық бергені көңілге қуаныш ұялатты. Ендігі мақсат – Мемлекет басшысының маңына топтасып, жаңа Қазақстанды қалыптастыруға бірге атсалысуымыз керек.
Жайық Мұңсызбаев,
Қазақстан Республикасының және ТМД елдерінің еңбегі сіңген энергетигі, «Қазақмыс» корпорациясының Құрметті еңбек ардагері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.