Жаңа оқу жылының қарсаңында «Kazakhmys Smelting» компаниясы тағы да балаларға қуаныш сыйлап, ата-аналарға қолдау көрсетті. «Мектепке жол» атты жыл сайынғы қайырымдылық акциясы аясында Жезқазған мен Балқаш қалаларындағы 200-ден астам оқушыға мектепке дайындауға қажетті көмек көрсетілді.
Компания тарапынан Жезқазған және Балқаш алаңдарында жұмыс істейтін қызметкерлердің балаларына сыйлықтар табысталды. Оның ішінде көпбалалы және ерекше қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан бірінші сынып оқушылары да бар. Көптеген балалар үшін бұл – мектеп өміріне алғашқы қадам, сондықтан бұл қадамның қуанышты әрі сенімді болғаны аса маңызды.
Балқаш қаласында мектеп құралдарын салтанатты түрде табыстау рәсімі «Kazakhmys Smelting» ЖШС Басқармасы ғимаратында өтті. Балалар мен олардың ата-аналарына жылы лебізін білдірген компанияның өндіріс жөніндегі директоры Марат Әубәкіров мұндай іс-шаралардың тек материалдық көмек емес, компанияның әлеуметтік жауапкершілігінің және өскелең ұрпаққа деген қамқорлығының көрінісі екенін атап өтті.
– Біз балаларды оқу жолының басында қолдаудың олардың дамуына жасалатын маңызды үлес екеніне сенеміз. Жаңа оқу жылы оларға жаңа білім, достар мен қуаныш алып келсін, – деді Марат Әубәкіров.
Жезқазғанда құттықтау сөзін Жезқазған мыс балқыту зауытының директоры Саят Атен жеткізді. Ол бұл бастаманың қызметкерлер отбасыларын әлеуметтік қолдауды күшейтуге және балаларды мектепке дайындауға жайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
Биыл Балқаш қаласындағы 100 оқушы кеңсе тауарларының толық жиынтығы салынған түрлі-түсті сөмкелер алса, Жезқазғаннан 100 балаға мектеп тауарларын сатып алуға 15 000 теңгелік сертификаттар берілді.
– «Kazakhmys Smelting» ЖШС компаниясына көрсеткен қолдауы үшін үлкен алғыс! Мұндай көмек біз үшін өте маңызды – бұл нағыз балаларына деген қамқорлық, – деді Балқаш мыс балқыту зауытының гидрометаллург аппаратшысы Ерік Әбіш.
– Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Осы маңызды сәтте балаларымызға көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы үшін бас директорымыз Жәнібек Алтынбекұлына алғыс айтқым келеді, – деді Балқаш мыс балқыту заводының түсті металдар құюшысы Сәбит Айымбеков.
Айта кету керек, «Мектепке жол» акциясы «Kazakhmys Smelting» бас директоры Жәнібек Байғабеловтің бастамасымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Бұған дейінгі екі жылда Жезқазған мен Балқаш қалаларындағы мектеп-интернаттарының балаларына көмек көрсетілген болатын. Компания қолдау шеңберін біртіндеп кеңейтіп, келер ұрпақтың білім алуына және әл-ауқатына өз үлесін қосуға ұмтылып келеді.
«Kazakhmys Smelting» ЖШС барлық оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтап, сәттілік, шабыт және жарқын жетістіктер тілейді.
«Kazakhmys Smelting» ЖШС PR қызметі.

